«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мемлекет ұсынған мүмкіндік

Мемлекет ұсынған мүмкіндік
ашық дереккөз
Мемлекет ұсынған мүмкіндік

Бірақ оны пайдалануға көп тұрғындар асықпай отыр

Көп адамның көпқабатты тұрғын үйде тұрғысы келеді. Оның себебі айтпаса да түсінікті. Пәтерлерде адамның өмір сүруіне барлық қолайлы жағдай жасалған. Кеңестік кезеңде көпқабатты үйдің істен шыққан инженерлік құрылғыларын жөндеу және қалпына келтірумен тұрғын үй басқармасы мекемелері шұғылданатын. Еліміз нарықтық қатынасқа көшіп, пәтерлер жекешелендірілген кезде аталған мекемелер де жабылып қалды. Бұл жұмыспен енді пәтер иелері айналысуы тиіс. Өкінішке орай, көптеген тұрғындар оны мемлекет істеп беруі тиіс деген масылдық пиғылдан әлі күнге арыла алмай келеді. Соның салдарынан өткен ғасырдың ортасынан бергі уақытта Тараз қаласында салынған көптеген тұрғын үйлердің тозығы жетіп, инженерлік құрылғылары істен шықты. Шатырлары тесіліп, жертөлелері лас, шайынды суға толды. Бұл жұмысты дұрыс жолға қояды деген мақсатпен құрылған пәтер иелері кооперативтері сенімді ақтамады. Таразда бүгінде 1100-ден астам көпқабатты үй бар. Оның 30 пайыздан астамы күрделі жөндеуді талап етеді. Тұрғындардың оларды жөндеп, қалпына келтіруге мүмкіндігі жоқ. Сондықтан да Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Үкімет «Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасын» қабылдаған болатын. Бұл – ТМД-да теңдесі жоқ бағдарлама. Оның басты мақсаты – көпқабатты тұрғын үйлерді терможаңғырту элементтерімен қайта қалпына келтіру, сондай-ақ инженерлік жүйелерді күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Мұның өзі электр қуаты, суық және ыстық су және жылуды едәуір үнемдеуге мүмкіндік береді. Елімізде қабылданып, жүзеге асырылып жатқан басқа бағдарламаларға қарағанда мұның артықшылығы көп. Көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындары мемлекет күрделі жөндеуге бөлген қаржыны пайыздық өсімсіз жеті жыл бөліп төлейді. Шатыры, инженерлік құрылғылары, кіреберістері және қасбеті күрделі жөндеуден өтіп, жаңа келбетке ие болған үйдің тұрғындары ай сайын небәрі 1,5-2 мың теңгеден төлейді. Бұдан артық қандай қамқорлық керек? Өкінішке қарай, өз пайдасы мен жағдайын қасақана ойлағысы келмейтіндердің көптігі қапаландырады. Алғашқы кезде жөнделетін көпқабатты үйдің 67 пайыз тұрғындары келіссе, мердігерлер іске кірісіп кететін. Қазір тұрғындардың 100 пайыз келісімін алу талабы қойылып отыр. Мемлекет тұрғындарға жеті жылға несие берген кезде қайтарылған ақшаны басқа үйлерді жөндеуге салуды мақсат тұтқан болатын. Өкінішке орай, күрделі жөндеуден өткен тұрғын үйлер тұрғындарының 30 пайызы несиені төлемеуі бұл істі тығырыққа тіреуде. Таразда бағдарлама аясында 2011 жылы 326 миллион теңге бөлініп, 33 үй жөндеуден өткізілсе, 2012 жылы бұл көрсеткіш 575 миллион теңге және 46 көпқабатты үйді құрады. Төлеушілердің төлем белсенділігінің төмендеуіне байланысты өткен жылы бұл мақсатқа бір теңге де бөлінбеді. Қанша дегенмен, халықтың дені бағдарламаның өте тиімді екенін түсіне бастады. Кейінгі кезде үйлерін күрделі жөндеуге өткізуге өтініш берушілер де көбейіп келеді. Біз осыны ескеріп, өткен жылы Тараздағы 50 ескі, тозығы жеткен үйді күрделі жөндеуден өткізу үшін тиісті мекемелерден 1,5 миллиард теңге қаражат сұраған болатынбыз. Алайда, биыл бұл мақсатқа мемлекеттен 544 миллион теңге бөлінді. Ол қаржыға қазір 1,2,3,4,5,6 және 7-ші мөлтек аудандарда 23 көпқабатты үй күрделі жөндеуден өткізілуде. Бұл жұмыспен 16 мердігер мекеме айналысуда. Олардың барлығы да белгіленген кестеге сәйкес нысандарды толық жөндеуден өткізіп, тамыз айында тапсыруға күш салуда. Мұның өзі Тараздағы тозған тұрғын үй қорының едәуір бөлігін қайта қалпына келтіруге игі ықпалын тигізуде. Тұрғындар да үлкен қуанышқа бөленуде.

Асан Досыбаев, «Тұрғын үй жөндеу-Тараз» ЖШС директоры.

Ұқсас жаңалықтар