«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Шаруасы оңалған шаруашылық

Шаруасы оңалған шаруашылық
ашық дереккөз
Шаруасы оңалған шаруашылық

14Қай істе болсын тыңнан түрен тарту оңай емес. Алғашында Әбихан Жабатаевтың қиындықты бір кісідей-ақ бастан кешкені бар. Шаруа қожалығын ашып, жер алу үшін қаншама құжат жинады. Бірақ, қайсыбіреулердей жүні жығылып, жүйкесі тозбады мұның. Енді, міне, осыдан он бес жыл бұрын ашқан «ММ» шаруа қожалығы аяғынан нық тұрып, аясы кеңейе түскен.

Задында бизнес атаулыға екінің бірі тәуекел ете бермейтіні хақ. Кәсіпкерлікті қалыптастыру, оны өрге бастыру оңай емес. Банктен алған қаржылай несиенің үстемелік қайтарымы бар дегендей... Тіптен, мемлекет тарапынан бөлінетін қайтарымсыз көмекқаржылардың өзі «батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» еместігі аян. Ал, бұл болса, асыл тұқымды мал өсіріп, ет өнімін молайту бағытындағы ұстанымына берік. Елбасы елімізде Ресей нарығына жылына 60 мың тонна ет экспорттау міндетін қойды. Оның 2,5 мың тоннаға жуығы облысымыздың үлесінде. Мұның өзі ендігі жерде етті бағыттағы қой және ірі қара шаруашылығын барынша дамытуға сайса, бұған ілкімділігі мен іскерлігі астасқан Әбихан Жабатаев та өзіндік үлес қосуда деуге толық негіз бар. Айталық, қазірдің өзінде қазақтың қылшық жүнді құйрықты 1500 бас қойы Жуалының көрікті «Күркіреусу» елді мекеніне таяу Алатау бөктерінде жаз жайлап, қыстатылатын болса, екі жүзге тарта ақбас сиыры Т. Рысқұлов ауданына қарасты «Ақдала» құмды алқаптағы мал базасына орналастырылған. Шын мәнінде бұл маң ет беретін ақбас сиырлардың қыстауы болып табылады. Ал, жаз жайлауы Үшбұлақтағы «Үлкен Алмалы» деп аталатын тау аңғарына орын тепкен. Бұл аумақ малдың қоңдануына аса қолайлы жер. Бұл ретте қойлардың семіруіне «Күркіреусудың» шұрайлы шүйгіні оң әсер ететіні даусыз. – Бұрындары қазақтың асыл тұқымды «шопан ата» тұқымы жиырмадан астам болатын. Қазіргі таңда тек еділбай қойлары ғана өсірілуде. Қалған түрлері азып-тозып, өзге қойлармен будандасып кеткен. Яғни, етті, сүтті, жүні өзгеше бұл тұрпаттағы қой тұқымы қазір мүлдем басқаға айналып кеткен. Ендігі міндет «көн қатса, қалпына келедімен» ата-бабаларымыз өсірген төрт түлік түрін асылдандырып, ел игілігіне жаратуға саяды, – дейді фермер ағынан жарылып. Иә, айтары жоқ, соңғы жылдары отандық мал өсірушілер еліміздің ет экспорттайтын әлеуетін көтеруі мақсатында сырт елдерден қазақтың ақбас сиырын көптеп әкеліп жатыр. Осыған орай, шаруа қожалықтары сол малды жерсіндіріп, оның пайдасын көруге барынша күш салуда. Мұнда мал өрісін тауып, қыстық жемшөппен қамтамасыз етудің орны бөлек. Осы ретте, өзіміз сөз етіп отырған қожалықтың игілігіне құмдағы 2000 гектар шабындық пен Жуалыдағы 15 гектарлық жоңышқа алқабы кәдеге жарап тұр. – Жасыратыны жоқ, мал басын арттыруды басты мақсат тұтқан тұста жайылымдық жер де, шабындық та аздық етуде, – дейді Әбихан Нәбиұлы. – Атап айтқанда, жемшөптің біраз бөлігін сатып алуға тура келеді. Ал, мұның өзі өнім өндірудің өзіндік құнын арттырып жібереді. Атамыз қазақ «мал өсірсең – өрісін тап» деп бекер айтқан ба? Алдағы кездері өрісіміз кеңейіп жатса, ілкімді тірлігіміз де оңға басқан болар еді... Аптап лебі аздап болса да басылған тұста «атқа» қонып, бөктерден етекке тартылған бұралаң жолға түстік. Ой-шұқырлы, бұрылысы көп қара жолдың шаңын шығарған жартылай жүк көлігі «Алматы-Ташкент» трассасына түсіп, Таразға қарай желдей ескенде фермер де қайта шешіліп ағынан жарылғандай еді. – Кейбіреулер шаруа қожалығымен айналысқан жандарды шалқып-балқып, май шайнап жүргендей көреді. Шын мәнінде мал баққанның машақаты мол екенін түсінсе ғой... Міне, өзімнің де оншақты жылдан бері облыс орталығынан 80 шақырымдық жердегі сиыр базасына, «Күркіреусудағы» қой отарына қатынап жүргенім басқаға емес, отбасыма бататындай. Осыдан үш-төрт күн бұрын мал дәрілеуге өзім белсене араласып, үйге арып-ашып келгенімде жұбайымның «жұрт қалада тұрып та несібесін теріп жеп жүр емес пе, жасың болса алпысқа аяқ басты...» деп аяныш білдіргені бар. Мен болсам, алған бетімнен қайтпайтынымды, қолға алған істі аяқсыз қалдырмайтынымды ұғындырып бақтым. Әрине, қиындық көп. Бәрін айтпағанның өзінде, мал басында тұрақты мекендейтін бақташы мен шопандарға зәруміз. Жергілікті жұрт өкілдері жапан түзде жалғыз үй тұрып жата-жастанудан қашқақтайды. Қазіргі менің шопаным мен бақташыларым көршілес Өзбекстанның Қарақалпақ Автономиялық Республикасынан және Қытайдан тарихи отанына қоныс аударған қандастарым болып табылады. Обалы не, ақбас сиырларды бағып-қағатын бауырымыз Башқұрт Кенжеғараев пен қылшық жүнді құйрықты қойларды ит-құсқа жем етпей жүрген Топжан мен Нұрболат та осы олқылықтың орнын толтыруда. Айта берді, мал дәрігерім де жоқ. Осы мамандыққа баулитын оқу орындары КСРО-ның күйреуімен қоса көрге кеткендей көрінуші еді. Шүкір, соңғы жылдары Үкіметіміз бұл бағытта маңызды қаулы-қарар қабылдаған сыңайлы. Нәтижесінде, біздің өңірдегі Байқадам елді мекеніндегі байырғы ауыл шаруашылығы техникумының ғимараты қайта қалпына келтіріліп, соның негізінде ветеринариялық колледж ашылғалы, онда мемлекеттік бағдарлама негізінде әр ауданнан бір-бірден түлектер іріктеліп, биыл солардың алғашқы легі дипломмен малды бірдейлендіру және емдеуге жұмылдырылғаны көңілге үміт ұялататындай. Бұл – сөзсіз жақсы нышан. Өз басым «малсақ баламның бірін мал дәрігерлікке баулысам» деген ойдамын. ...Шаруа жайлы кәсіби тұрғыда өрбіген әңгіме желісі жүйрік көлік көне шаһарға жеткенде үзілді.

Жамбылбек Шоқыбас, журналист.

Тұрар Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар