Заң орындалуымен құнды. Алайда, Тараз тұрғындары оған құлшыныс танытпай отыр.
Егемендігін баянды етіп, өркениетті қоғам құруға көштің бетін түзеген тәуелсіз еліміз Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында атап көрсетілгендей саламатты өмір салтының орнығуын қамтамасыз ету үдерісінде тағы бір келелі қадам жасады. Республика Президентінің 2014 жылдың 18 маусымы күні «Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 16 шілдедегі № 429-1 Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде өз тапсырмасы негізінде ел Үкіметі жан-жақты екшеп, таразылап ұсынған және Парламент Мәжілісі мен Сенаты талқылап қабылдаған Қазақстан Республикасының № 210-V Заңын бекіткендігі соның бір нақтылы айғағы іспетті. Ал, ағымдағы жылғы шілде айының 13-і күні аталған құжаттың күшіне еніп, заңнама аясында қолданысқа жегілуі еліміздің қоғамды келеңсіздік көріністерінен арылтуды діттеген ниет-тілегіне жетер сәтін жақындата түскендей. Арақ ішуден алда екенбіз
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ескертуіне қарағанда, құрамында алкогольдің үлесі жоғары спиртті ішімдікті тұрақты түрде пайдаланып, маскүнемдікке салыну, оны үздіксіз тұтынған жанның тағдырының қайғылы аяқталуына, тұтас ұлттар мен ұлыстардың генефондына түзетілместей нұқсан келтірілуіне, олардың өркениет әлемінен ізім-қайым жоғалуына әкеліп соқпақ. Мұндай қатер, әсіресе, жаһандану үдерісі жүріп жатқан ағымдағы ғасырдың алғашқы ширегіне тән құбылыс болып отырған сыңайлы. Өйткені, «Халықаралық шарап пен спирттік ішімдіктер нарығын зерттеу ұйымының» (IWSR) келтірген мәліметтері бойынша, 2012 жылы дүние жүзінде 4 миллиард 440 мың литр арақ ішілген екен. Оның тең жартысына жуығын Ресей тұрғындары тұтыныпты. Алайда, өкінішке қарай, орыстардан қалыспай, олардың із-өкшесін басып келе жатқан санаулы ғана елдің арасында Қазақстан да бар болып шықты. Статистикалық деректер тек кейінгі екі жылдың бедерінде ғана жан басына шаққанда жылма-жыл 5,9 литр мөлшерінде арақ ішуді үрдіске айналдырған еліміздің «ішкіш мемлекеттердің» әлемдік рейтингісінде 34-інші, ал ТМД елдері арасында Ресей (13,9), Беларусь (11,3,), Украинадан (7,7) кейінгі 4-інші орынды иеленгендігін айғақтайды. Еліміздегі алкоголь өнімдерін саудалайтын 46 мыңнан аса «бөлшек» және 1,5 мыңға тарта «көтерме сауда» нысандарының белсенді жұмысы республика халқының 35,8 пайызының алкогольді сусындарға әуестенуіне әрі солардың 17 пайызының спирттік ішімдіктерді қауіпті мөлшерде пайдалануына әкеп соғып отыр. Соның салдарынан тек 2012 жылы ғана тексеруден өтіп, тіркелген маскүнемдер саны 200 мыңға жетіпті. Ең сорақысы, адамдардың алкогольдік мастану жағдайында қылмысты қадам жасау саны артқан. Мысалы, соңғы бес жылдың аралығында спирттік ішімдікке сылқия тойған мас қазақстандықтың қолымен жасалған қылмыс саны екі есе ұлғайып, 13 мыңнан асып түсіпті. Оның 3,2 мыңы кісі өлтіруге қатысты орын алған. Бұдан өзге, 330 мың жүргізуші мас күйінде көлік басқарып келе жатқан сәтінде қолға түскен. Мас көлік жүргізушілер 494 адамның қаза табуына, 2,5 мыңға жуық адамның әртүрлі деңгейдегі жарақат алуына алып келген 1,8 мың жол-көлік апаты оқиғасының туындауына себепші болған. Бір өкініштісі, біз келтірген мемлекеттік органдардың осынау деректерінде Жамбыл облысының алар үлесі де қомақты. Әрі ашығын айту керек, көтерме және бөлшек сауда түрінде спирттік ішімдіктер сатумен айналысатын ірілі-ұсақты кәсіпкерлердің қай-қайсы да өздерінің пайда табу пиғылдарының соңы тұрғыластарының едәуір бөлігінің азғындауына, кейбір адамдардың қайғылы оқиғалардың құрбандығына айналуына және қоғамда қылмысты іс-әрекеттердің өріс алуына түрткі болатындығын ойламайды да. Ондайлар қандай жолмен болса да қалтасын қаражатқа толтыруға ұмтылады. Бәлкім, ендігі жерде алкогольді өнімдерді барынша көптеп сату арқылы табыс табуға құныққандарға еліміздің жаңадан қабылданған «Этил спирті және алкоголь өнімдерінің өндірісі мен айналымын мемлекеттік реттеу мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының талаптары тосқауыл қойып, райынан қайтарар.
Пайдаға құныққандар
Мемлекеттің белгілі бір мақсатты көздеп қабылдаған заңы мен заңнамалық немесе нормативтік-құқықтық мәні бар актілері, тек жұртшылық тарапынан қызу қолдау тапқанда және оны жүзеге асыруға жергілікті жердегі өкілетті және өкілді органдардың құрылымдары белсене атсалысқанда, сондай-ақ, кәсіпкерлік нысандары мен сауда-саттық жүйесіндегілер заң талаптарын бұлжытпай орындауға жұмылғанда ғана тиісті нәтиже әкелетіндігі белгілі. Алайда, біз шілденің 18-і күні кешкі сағат 21.00 және түнгі 24.00, сол сияқты, шілденің 19-ы күні таңертеңгі 9.00-12.00 аралығында Тараз қаласындағы сауда нүктелеріне жүргізген мониторинг қорытындысынан, спирттік ішімдіктер сатуға лицензиясы бар минимаркеттер мен азық-түлік дүкендері сатушыларының этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы елімізде жаңа заңның қабылданғандығынан және күшіне енгендігінен хабары барлығын, ал хабардарларының заңнама талаптарын орындаудағы жауапкершіліктерін сезініп отырғандықтарын аңдай алмадық. Байқағанымыз, қала тұрғындары «Скиф» деп атап кеткен «Sulpak SMALL» гипермаркетінде әр кассаның алдында сағат кешкі 21.00-ден күндізгі 12.00-ге дейін күші 30 пайыздан асатын спирттік ішімдіктерді сатуға болмайтындығы жазылып қойылыпты. Біз гипермаркетке келгенде сағаттың тілі небәрі кешкі уақыт 21.02-ні көрсетіп тұрған. Қолымызда сөреден алған әрқайсысы 500 грамдық төрт шыны «Беленькая» маркалы арағымыз бар. Кассада тұрған сатушы қызға «Қызым, үйге қонақ келіп қалып еді. Енді бір жолға өткізіп жіберіңіз», – деп қиыла қолқа салдық. Қасы-көзі қиылған қараторы қазақ қызы «Ағасы, ренжімеңіз, олай істей алмаймын. Сіздің көңіліңізді қимаймын деп, жеп отырған нанымнан айырылып қалар жайым жоқ», — деді ағынан жарылып. Сатушының онысына сырттай ренжіген түр білдіргенмен, оның құқықтық сауаттылығына іштей риза болып, одан әрі аттандық. Қаланың онбірінші шағын ауданындағы «Жансая» мейрамханасының жанындағы «Рауан» және «Рас» мейрамханасына таяу жердегі маңдайшасында атауы көрсетілмеген екі бірдей азық-түлік дүкенінде болғанымызда, ондағы сатушылардың әрқайсысы біз сұраған «Беленькаяның» 500 грамдық шөлмегін жанұшыра іздеп, ақыры таппаған соң әлдекімдердің тапсырысымен тоңазытқышқа салып қойған «айрықша данасын» әкеліп қолымызға тапсырды. Бірақ, біз бағасын қымбатсынып, алудан бас тарттық. Кетіп бара жатқанымызда, ең соңғы дүкендегі аққұба өңі, бет-бітімі еуропалық ұлттан шыққандығын білдіретін әдеміше келіншек «Бекер алмадыңыздар, бұдан арзанын бәрібір таппайсыздар», – деді бізді райымыздан қайтарғысы келген ниетін жасыра алмай. Облыс орталығы тұрғындары жақсы білетін қаланың Жамбыл даңғылы және Сәтбаев көшелерінің қиылысындағы «Нұралы» базарында түннің қай уақытында келсең де спиртті ішімдіктердің түр-түрі толып тұратындығы белгілі. Түнгі сағат 23.35-тің шамасында базардың жол жақ бетін жағалай орналасқан жыпырлаған дүңгіршектердегі сатушылар да біз сұраған «Беленькаяны» жапатармағай ұсынып баққан. Бірақ, бағасын түсіріп сатуға бірде-бірі келіспеді. Ал, оның бір шөлмегін 1350 теңгеге сатып алуға біз де «ыңғай таныта» қоймадық. Сатушылардың бірінен кешкі сағат тоғыз бен күндізгі он екінің аралығында күші отыз градустан асатын спирттік ішімдіктерді сатуға тыйым салатын заңның шыққандығынан қаншалықты хабардар екендігін сұрадық. — Ондай заңның қабылданғандығын да, күшіне енгендігін де білемін, – деді орта жастағы әйел «оны маған несіне айтып тұрсың» дегендей сыңай танытып. «Адам күнкөріс қамы үшін қандай қадамға да болсын барады. Мына дүңгіршекте мені жетіскеннен түн ұйқысын қиып, сауда жасап тұр дейсің бе?», – деді ол келтірген уәжінің соңында даусын сәл көтеріңкіреп. Осы Нұралы базарынан таяқ тастам жердегі «Бекнұр», «Жанна» және «Нұр» деген шағын дүкендерде де сатушылардың заң талаптары күшейді-ау деп айылын жыймастан күші 30 пайыздан асатын спирттік ішімдіктерді сатып жатқандығының куәсі болуымызға тура келді. «Нұр» дүкенінде саудалаушылар есімін Әлия деп атаған қой көзді, ақсары өңді, толықша келген келіншек бір құты «чекушка» сұраған бізге, «жағдайларыңызды түсіндім» дегендей жымыңдай қарап, қолындағы «чекушканың» мақтауын жеткізіп ұсына берген. Оның беймарал қалпының өзі-ақ, дүкендегі затты амалдап тұтынушыға өткізуден басқамен ісі жоқ, заң, ереже атаулыдан бейхабар екендігін танытып тұрғандай. Негізі, гипермаркет немесе супермаркет сияқты ірі кәсіпкерлік нысандарында болмаса, ұсақ сауда нүктелеріндегілердің басым көпшілігінің еліміз бойынша этил спирті мен алкоголь өнімдерінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеуге қатысты жаңа заңның қабылданғандығы және күшіне енгендігінен хабарсыздығын, келесі күні таңертеңгі уақытта біз бас сұққан дүкендердің сатушыларының әрекеттері айғақтай түсті. Мысалы, қазір зейнет демалысында жүрген журналист Мәскеу Ноқрабеков екеуміз Абай даңғылы мен Қазыбек би көшесінің қиылысындағы орталық гастрономның арақ-шарап сататын бөліміне кіріп, «Беленькаяның» бір шөлмегіне сауда жасағанымызда, қажетімізді сөреден таппай қоймадан әкеліп берген қартаңдау келген сатушы әйел жаңа заңның қабылданып, күшіне енгендігін және заң талаптарын бұзғандығы үшін қаншалықты айыппұл төлейтіндігін бізден естіп, аң-таң қалды. Ренішін де жасырмады. «Құзырлы органдардың бізді ескертулеріне не кедергі болды екен. Егер төтеннен тексеру бола қалса, тауардың бағасының үстіне 20-30 теңге қосып сатып, күнімізді көріп отырған біз соншалықты қомақты соманы қалай төлейміз, қайдан аламыз?», – деді ол. Сондай уәжді «Тараз-Шымкент» автодаңғылының бойындағы «РАС» мейрамханасына қарама-қарсы беттегі «ТAU-DOS» жанармай құю бекетінде орналасқан шағын дүкенде спиртті ішімдіктердің небір түрін сөреге қатарластыра тізіп, жайнатып қойған сатушы келіншек те айтты. «Заң талаптары бойынша жанармай құю бекеттерінде арақ-шарап сатуға тыйым салынғанын білсем, оны сатып нем бар. Ондай қадамға барып, өзіме-өзім жамандық істеуге тиіс емеспін ғой», – деді сатушы кейіген түрмен. Осы іспеттес пікірлерді қаланың шағын аудандарындағы, орталық бөлігіндегі ондаған шағын дүкендердің сатушыларының, тұтынушылардың тарапынан естуімізге тура келді. Бұл – Елбасының бастамасы бойынша Үкіметтің талдап-сараптауы, Парламент депутаттарының талқылауы, қоғамдық-саяси және үкіметтік емес ұйымдардың, кәсіпкерлердің ұсыныстарын екшеп-таразылаудың негізінде өмірге жолдама алған, қоғамымыз әкелер нәтижесінен көп үміт күтіп отырған Заңның жергілікті жерде талап деңгейінде насихатталмағандығын және жұртшылыққа жіті таныстырылмағандығын көрсетеді. Халқымызда осындай жағдайда айтылатын «Ештен кеш жақсы», деген даналық сөз бар. Ендеше, көтеріліп отырған мәселеге қатысты дер кезінде жеткілікті үгіт-түсінік жұмыстарын жүргізбеген құзырлы орындар «мүлт жібергендігінен» сабақ алып, әлі де іске жұмыла кіріссе құба-құп.
Заңды аттағандардың айыбы да ауыр
Қайсыбір елде де болсын, қабылданған заң орындалуымен құнды. Сарапшылардың айтуынша «Этил спирті және алкоголь өнімдерінің өндірісі мен айналымын мемлекеттік реттеу мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы өміршең болмақ. Олардың дәйектеуінше, биылғы маусым айының 18-і күні қабылданып, шілденің 13-і күні күшіне енген Қазақстан Республикасының №210-V Заңында заңнама талаптарын аяқасты еткендерді қатаң жазалау қарастырылған. Мәселен, ресторан, бар, кафелерден өзге, лауазымды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғалар заңмен тыйым салынған уақытта спиртті ішімдіктер сатқаны үшін 80 айлық есептік көрсеткіш, ал ірі кәсіпкерлік нысаны санатындағы заңды тұлға — 120 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді және оның арақ-шарап сатумен айналысуына мүмкіндік беретін лицензиясының күші тоқтатылады. Жыл сайынғы лицензиялық алымды төлемей алкогольді өнімдерді сақтағаны және өткізгені үшін лауазымды тұлғаға – 120, шағын кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге –150, орта кәсіпкерлік нысандары болып табылатын заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге – 200, ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға 700 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады және тиісті қызмет түріне арналған лицензиясының күші тоқтатылады. Жаңа заңның талаптарының осылайша қатайтылуы, жеңіл табыс табу мақсатымен тәуліктің кез-келген уақытына қарамай спиртті ішімдіктерді оңды-солды сата беретін пайдакүнемдердің аяғын аңдап басуына әрі сол арқылы қоғамның деградациялану үдерісінен айығуына игі ықпал етеді деген жұртшылық сенімінің орнығуына негіз болары сөзсіз. Лайым, солай болғай!
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді