Консулдықтағы қылмыстық топ

Консулдықтағы қылмыстық топ
ашық дереккөз
Консулдықтағы қылмыстық топ

немесе «Қонақжай» дипломаттар елімізге 13 099 шетелдікті заңсыз кіргізіп, 3 жылда 243 миллионнан астам теңге пара алған

Атап айтсақ, Сыртқы Істер министрлігінің Алматыдағы консулдық қызмет департаменті директорының бұрынғы орынбасары Қайсар Арқабаев қызмет бабын пайдалана отырып, параға жедел және кедергісіз виза берумен айналысқан қылмыстық топ құрған. Топ мүшелерінің құрамында Моңғолия, Грузия және Қырғыз Республикасындағы дипломатиялық өкілдіктердің лауазымды тұлғалары болған. Сот үкімімен Қ. Арқабаев 12 жылға сотталып, мүлкін тәркілеу мен 5 жылға дейін мемлекеттік қызметпен айналысу құқынан айрылу жолымен қатаң тәртіптегі колонияға жіберілді. Ол сонымен бірге, «ҚР СІМ 2-класты бірінші хатшы» дипломатиялық дәрежесінен де айрылды. – Қазақстан Сыртқы істер министрлігі тергеудің барлық кезеңінде аталған қылмыстық істі тексеру барысында құқық қорғау органдарына толық және жан-жақты көмек берді және оны әлі жалғастыруда. Біз тергеуге жәрдем беруді жалғастырудамыз және істің Қазақстан Республикасының сот сатыларында қаралуы түгелдей аяқталғанша жағдайды қадағалайтын боламыз, – дейді СІМ баспасөз хатшысы Нұржан Айтмаханов. Сондай-ақ, аталған іс бойынша, «Три А (А.А.А.)» ЖШС директоры Айгүл Қоңырбаева 5 жылға бас бостандығынан айрылды. Бірақ ол жазасын балалары кәмелетке толғаннан кейін өтейтін болды. Айгүлдің әкесі бұрынғы депутат екен. ҚР СІМ консулдық қызмет департаментінің бұрынғы 3 хатшысы Елнар Айешев мүлкін тәркілеу мен дипломатиялық дәрежесінен айрылу жолымен қатаң тәртіптегі колонияға 11 жылға сотталды. Топтың басқа мүшелері, оның ішінде ҚХР екі азаматы да бар, 7 мен 11 жыл аралығында бас бостандығынан айрылды. Сот сондай-ақ, сотталғандардан мемлекет есебіне 243 млн. 812 мың 675 теңге, ал Қ. Арқабаевтан жеке 15 млн.119 мың 795 теңге өндіріп алу туралы үкім шығарды. Қ. Арқабаев құрған және жетекшілік еткен топ мүшелері арқылы шетелдік азаматтарды Қазақстанға шақыруға 15 738 визалық қолдау келісілген және рәсімделген. Осы арқылы Қазақстанға 13 099 шетелдік азамат келіп, кеткен, оның аумағында орналасқан. Олардың көбі ҚХР азаматтары.

«Ақ жол-Ақпарат».

Ұқсас жаңалықтар