Бапкер Алмат Баетов кешірім сұрады

Бапкер Алмат Баетов кешірім сұрады
ашық дереккөз
Бапкер Алмат Баетов кешірім сұрады

Тараз қаласындағы «Атлетик» спорт кешеніндегі жатын бөлмесінде намаз оқып жатқан баланың жайнамазын теуіп, бейпіл сөздер айтып, желкелеп алып кеткен бапкер Алмат Баетов жұртшылықтан кешірім сұрады. Ол облыстық мамандандырылған спорттағы дарынды балалар мектеп-интернатында 2011 жылдан бастап еңбек еткен. Жалпы 33 жылдық тәжірибесі бар жоғары санатты спорт бөлімінің жаттықтырушысы өз ісіне өкінетінін айтты.

 width=Берік УӘЛИ, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы-ның басшысы:

– Күні кеше ғана орын алған, елді дүрліктірген, әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаға байланысты демалыста жүрген облыс әкімі жедел хабардар болды. Қазіргі таңда бұл мәселе облыс басшысының тікелей бақылауында. Ол кісі осы мәселеге қатысты жауапты азаматтардың барлығы заңға сәйкес жауапкершілігі қаралуы керектігін тапсырды. Сол бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мұсылман жұртшылығының ар-намысына тиетін әрекетке барған жаттықтырушы жұмыстан бірден босатылғанын білесіздер. Ол кісінің өзге әрекетін заң шеңберінде арнайы құрылған жұмысшы топ айқындайды. Соның нәтижесінде оның жауапкершілігі қосымша қаралатын болады. Бұл мәселе тек жұмыстан шығумен шектелмейтінін ескерткіміз келеді. Енді арнайы жұмыс тобы құрылды. Оған үкіметтік емес ұйымдардың, діни басқарманың, ардагерлер кеңесінің, қоғамдық кеңестің өкілдері, жалпы тиісті мекеме басшыларының барлығы кіріп отыр. Ол кісілер бұл істің ақ-қарасын, мән-жайын анықтағаннан кейін жұмыс тобының нәтижесін қосымша хабарлаймыз. Тікелей осы оқиға орын алған спорт мекемесінің басшылығының да қазіргі кезде жауапкершілігі қаралып жатыр. Ол кісілер де заң шеңберінде жауапкершіліктен құтылып кете алмайды. Мекемесінде орын алған осындай келеңсіз оқиғаға заң алдында жауап беретін болады. Жауапты басқармаға келетін болсақ, облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбековке сөгіс берілді.

 width=Нұрбол ЖҮНІСБЕКОВ, облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы-ның басшысы:

– Тараз қаласын-дағы спорт мекемесінің жаттықтырушысы намаз оқып жатқан жас балаға дөрекі мінез көрсеткені баршамызға ұят болды. Ол кісі қазіргі кезде жұмыстан босатылды. Жалпы еліміздегі мұсылман қауымынан дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы ретінде бапкердің бұл қылығы үшін кешірім сұраймын.

 width=Данияр қажы ЖҰМАБАЕВ, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы:

– Қазақы тәрбие көрген еліміздің кез келген азаматы бұл жағдайға жауапты азаматты айыптайтыны рас. Өйткені қазақ халқы әр уақытта құбыласын құрметтеп, жайнамазын сыйлап, намазға ерекше құндылық ретінде қараған. Біз – сондай елдің ұрпағымыз. Әлбетте, бұл жерде сол бапкердің осындай іс-әрекетке, қылыққа баруы оның діни тұрғыдан ілімінің таяздығы, ашуға бой алдырғаны бейнежазбада айқын аңғарылып тұр. Бұл жөнінде Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы арнайы мәлімдемесін жасады. Біздің, Жамбыл облысындағы өкілдердің, имамдардың, дін қызметкерлердің осы бапкердің жасаған әрекетіне орай елдің, мұсылман жамағатының алдында кешірім сұрап, жасөспірімдердің ата-анасына бір ауыз өзінің қателігін айтса деген талабымыз бар.

 width=Алмат БАЕТОВ, жаттықтырушы:

– Күні кеше ғана интернетте тараған бейнежаз-бадағы теріс қылығым арқылы діни сауаттылы-ғымның аздығын көрсетіп қойдым. Ашу-ызаға беріліп, теріс әрекетке бой алдырдым. Сол себепті, мұсылман қауымынан, ата-аналардан, жалпы жамағаттан шын жүрегіммен кешірім сұраймын. Мені кешіріңіздер. Өте өкінішті. Сол өкініш өзекті өртеп бара жатыр. Тағы да кешірулеріңізді өтінемін. Жасаған іс-әрекетіме басыммен жауап беруге, барлық жазаға шын мәнінде дайынмын.

Ұқсас жаңалықтар