«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Алтынбектің аялы алақаны

Алтынбектің аялы алақаны
ашық дереккөз
Алтынбектің аялы алақаны
Он отбасын қуанышқа бөледі

Елбасының қолдауы­мен Білім және ғылым министрлігінің арнайы хатына сәйкес «Бақытты балалық шақ мекені» ұранымен өтетін республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында қолы жомарт жандардың тарапынан қамқорлықты қажет ететін балаларға деген жанашырлық ұлғайып келеді. Бұл акция биыл да 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында жалғасын табады деп көзделуде. Алақаны ашық, жүрегі мейірімді азаматтың бірі – белгілі кәсіпкер, Орталық базардың директоры Алтынбек Садырбаев. Оның демеушілігімен өткен сенбі күні аталған базарда қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды. Алтынбек шаһардағы №33 орта мектепте оқитын, көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан он оқушыны мектепке қажетті киім-кешектермен, оқу құрал-жабдықтарымен қамтып, оларға қуаныш сыйлады. Әр оқушыға 20 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді.

Әуелі Орталық базар директорының орынбасары Алмас Сиқымбеков сөз сөйлеп, қайырымдылық үлкен қасиет екенін айта келіп, базар басшысы әзірлеген сыйлықтарды балаларға тапсырды. Олардың арасында Абай Сұрақов пен Эльмира Сұрақова бар. Өзге ұлт өкілдері Савелий Каховский, Руслан Корчков, Никита Долматов кәсіпкер ұсынған сыйлыққа жүректері жарылардай қуанды. Демеушілердің қамқорлығын Айқыз Баймұратова, Асылхан Өмірбек, Саида Құдайбергенова жүректерімен сезінді. Сыйлыққа кенелгендер санатында болған 2-сынып оқушылары Әлішер Фархатұлы мен Елнұр Сәбденұлының кішкентай жүректері қуанышқа толды. Мұнан соң облыстық «Aq jol» газетінің директор-бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы сөз сөйлеп, мұндай қайырымдылықтың маңызы зор екенін, жаны ізгі адамдардың игі істерін өзге басылым, ақпарат құралдарымен қатар, облыстық «Aq jol» газетінің жиі жариялайтынын да айта келіп, балалардың оқуда озат болуларына тілектестік білдірді. №33 орта мектептің әлеуметтік педагогі және ата-ана Фатима Ақылова демеушілік жасаған азаматқа алғысын білдірді. Жиналғандар аталған базардың қызметкері Берік Несіпбайдың тағылымды термесін тыңдап, әдемі әсерге бөленді. – Біз бүгін «Мектепке жол» акциясы аясында он отбасын қуанттық. Алтекең мұндай шараға жыл сайын қатысады. Балалардың тізімі мектептерден алынып, аз қамтылған және көп балалы үйдің перзенттеріне басым көңіл бөлінеді. Өткен жылы да 30 баланы қамтыған. Акцияның мерзімі аяқталғанша тағы 20 балаға осы көлемде қайырымдылық көрсетілетін болады, – дейді базар басшысының орынбасары Алмас Әбдіғалиұлы.

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген Виктор БАРБАШ

Ұқсас жаңалықтар