Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы барысында тұрғындардың мейлінше қолайлы жағдайлар жасалынған, әрі қолжетімді баспанамен қамтамасыз етілуіне, әл-ауқаттарының жақсара түсуіне қызмет етіп келе жатқан қоғамдағы айрықша маңызға ие, әлеуетті саланың бірі – құрылыс ісі екені белгілі. Ал құрыш қолды құрылысшыларға қайда да сұраныс бар. Бұл бүгінде еліміздегі ең қажетті де құрметті мамандыққа айналып отыр. Олардың қажырлы еңбектері әрқашанда құрметтеуге лайық. Сондықтан да болар жыл сайын тамыз айының екінші жексенбісі елімізде «Құрылысшы күні» болып бекітілген. Елбасымыздың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауында «Біз Қазақстанды Еуразияның ірі көлік торабына айналдырамыз. 10 жыл ішінде 16000 километрге жуық республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын төсейміз. Таяудағы бес жыл ішінде бүкіл ел бойынша 400 жаңа мектеп, оның ішінде 20 «Назарбаев зияткерлік мектептері» салынатынын ерекше атап көрсеткені белгілі. Қазіргі уақытта бұл міндеттің үдесінен шығып, қыруар тірліктер тындырдық десе де болады. Елімізде, оның ішінде өңірімізде де ел игілігіне қызмет ететін бірегей нысандар құрылысшылар қолымен бой көтеруде. Құрылыстың, әсіресе тәуелсіздік жылдарында ерекше қарқын алғаны баршаға мәлім. Осы уақыт ішінде өңірімізде көптеген іргелі істер жүзеге асырылып, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер салынып, ел игілігіне берілуде. Соңғы жылдары облыс орталығында да түрлі әлеуметтік нысандар бой көтеріп, инфрақұрылымдық құрылымдардың жетілдірілуі қала ажарын одан әрі аша түсуде. Мұның барлығы да, әрине, қыруар қаржыға түсетіні белгілі. Бұл ретте республикалық, облыстық бюджеттерден бөлінетін қаражат көлемі де едәуір артып, нәтижесінде өңірімізде құрылыс ісі қанатын кеңге жаюда. Атап айтқанда, биыл облыс бойынша барлығы 107 нысанның құрылысына 29,1 миллиард теңге бөлініп отыр. Ағымдағы жылдың алты айына қарастырылған 15,72 миллиард теңге қаражаттың 15,67 миллиард теңгесі игеріліп, барлығы 13 нысан пайдалануға тапсырылды. Кезек күттірмейтін және күн тәртібінен түспейтін саланың бірі білім саласы дейтін болсақ, бұл бағытта биыл 20 нысанның құрылыс жұмыстарына және 2 жобалық -сметалық құжаттама әзірлеуге республикалық және облыстық бюджеттер есебінен 4,37 миллиард теңге қаражат бөлінгенін атап өткен жөн. Ағымдағы жылдың 1 шілдесіне қарастырылған 2,69 миллиард теңге қаражат толығымен игерілді. Бір нысан – Жуалы ауданы Қасқабұлақ ауылындағы 120 орындық орта мектептің ғимараты пайдалануға әзір. Ал денсаулық саласы бойынша 10 нысанның құрылысын жүргізуге және 8 жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге жергілікті бюджеттен 1,42 миллиард теңге бөлінсе, оның бүгінгі күні 1 шілдеге дейін қарастырылған 198,8 миллион теңгесі толығымен игерілді. Сондай-ақ 20 нысан салуға және екі жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге республикалық және облыстық бюджет есебінен 7,23 миллиард теңге бөлінуі де өңіріміздегі тұрғын үй құрылысының кең қанат жаюына септесті. Оның ағымдағы жылдың 1 шілдесіне қарастырылған 4,32 миллион теңгесі толығымен игеріліп, 5 нысан – Қаратау қаласында – 4, Жаңатас қаласында 1 тұрғын үй пайдалануға тапсырылды. Осы ретте бүгінгі күні биыл құрылыс жұмыстары қолға алынған нысандардың біреуі инжинерлік жүйелермен қамтамасыз ету, 5-еуі спорт саласы, біразы елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету бойынша пайдалануға беріліп отыр. Биыл бұдан бөлек 70 ауылдық елді мекеннің су қорын іздеу-барлау жұмыстарын аяқтау және 48 ауылдық елді мекенде су қорын іздеу-барлау жұмыстарын бастау қарастырылып, бұл мақсатқа 631,209 миллион теңге бөлінген болатын. Бүгінгі таңда қарастырылған қаражаттың 246,5 миллион теңгесі толығымен игерілді. Бұдан өзге де құрылыстар қарқынды жүргізіліп, қала мен ауылдық елді мекендер сәні мен сәулетін арттыруда. Әрине, мұның барлығында да құрылысшы қауымының еткен еңбегі, төккен тері өлшеусіз екені анық. Тас қалаушылардан бастап, сәулетшілер, дизайнерлер, прорабтарға дейінгі әлеуетті буынның Елбасы алға қойған міндеттер мен тапсырмалардың мүлтіксіз орындалуы жолында жұмыла тірлік етуінің жемісі де мол болуда. Олар ел дамуы мен адамдардың өмір сүру сапасы деңгейінің артуына айрықша ықпал етеді. Құрыш қолды құрылысшылардың қажырлы еңбектерінің арқасында жаңа құрылыс нысандары көптеп бой көтеріп, өңірді индустрияландыру ісі де өркендеп, өрісін кеңге жая бермек.
Әділет АХАТАЕВ, облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді