«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«A-Status» жұрт армандаған білім ошағына айналады»

«A-Status» жұрт армандаған білім ошағына айналады»
ашық дереккөз
«A-Status» жұрт армандаған білім ошағына айналады»
Биыл қыркүйекте көрші Шымкент қаласының жекеменшік мектептерінде 3 мыңнан астам орын мемлекеттік тапсырыспен жергілікті бюджет есебінен қаржыландырыла бастайды. Осылайша Елбасының тапсырмасына қарай білім саласындағы жан басына қаржыландыру жүйесі халықтың демографиялық өсу жағдайы жоғары қалаларға енгізілмекші. Облыс орталығы бұл жағынан әзірге қалыс қалып жатса да, соңғы жылдары өңірімізде жекеменшік білім мекемелерінің желісі дами бастады. Әсіресе, жыл өткен сайын балабақшалар мен шағын орталықтардың саны артуда. Ал мектепке келсек, бұған дейін Тараз қаласында жалғыз «Інжу» білім ошағы жұмыс істейтін. 2016 оқу жылында бұл қатарға «A-Status» балабақша-мектеп-гимназиясы қосылды. Мықты материалдық-техникалық базасы бар білім мекемесі білікті кадрларды жинап, бір ғана оқу жылында жақсы нәтижеге қол жеткізді. Биылғы жаңа оқу жылында да ата-аналар мен тараздық балғындарды жағымды өзгерістер күтіп тұрған көрінеді. Ол қандай жаңалық? Жалпы жекеменшік мектептер желісін дамыту оқытудың орта сатысына қандай серпін әкеледі? Осы мәселелер төңірегінде білім мекемесінің құрылтайшысы, «Рысбаева және Ко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сәуле Рысбаевамен сұхбаттасқан едік.  width= Сәуле РЫСБАЕВА, «Рысбаева және Ко» ЖШС-ның директоры.

– Сәуле Мақшанқызы, соңғы жылдарды өңірімізде жекеменшік-мемлекеттік әріптестік негізінде балабақшалар көбірек ашыла бастағаны рас. Бірақ басқа облыстармен салыстырғанда, Жамбыл жерінде жекеменшік мектеп жоқтың-қасы. Әрі балабақша, әрі мектеп-гимназия ашып, оның жұмысын жүргізу оңайға соқпаған шығар? – Тәуелсіз мемлекетіміздің экономикасы нарықтық қатынастар негізінде дамып жатқанымен, қоғамдық сана нарықтық жүйеге толық бейімделген жоқ. Шетелде жақсы сервис, сапалы қызмет көрсететін орталық іздесе, алдымен қаржысына қарайды. Кейбір дамушы елдердің ішкі экономикасының тұрақтылығы қызмет көрсету саласына басымдық беруіне байланысты. Жалпы талап болған жерде, соған сай мүмкіншілік те жасалуы керек. Сондықтан Елбасы Н.Назарбаев мемлекеттік-жекеменшік әріптестік желісін дамытуды тапсырып отыр. Кәсіпкерлердің, бизнесмендердің жағдайы келе ме, талапқа сай жекеменшік білім мекемелерін ашсын, өз жерлестеріне, өскелең ұрпақтың білім алуына жағдай жасасын. Ал оған жұмсалған қаржы мемлекет тарапынан кезең-кезеңімен қайта қайтарылады. Бұл – тек мектепке дейінгі мекемелерге қатысты талап емес. Орын тапшылығын жою үшін мектеп те салуға жол ашық. Ал онда жан басына қаржыландыру үшін сіз тұратын қала «миллионер» болуы керек. Осындай жағдайларды және Жамбыл өңірінің экономикалық жағдайын ескерсек, маған Тараздан мектеп-гимназия ашу – өте тиімсіз еді. Соны айтып, бұл істі Алматыда, Астанада бастауды ұсынғандар да болды. Бірақ мен асқан патриотпын, сондықтан қаржылық қиындықтардың көп кездесетінін біле тұра, өз жерлестеріме, жамбылдық жеткіншектердің сапалы білім алуына жағдай жасауға ұмтылдым. Біз бастапқыда балабақша, мектепалды даярлық сыныбы, бірқатар базалық пәндер және өнер үйірмелері бойынша қосымша білім беруді қолға алған едік. Кейін несие алып, екі қабатты жаңа мектеп салдық. Сөйтіп былтыр қыркүйекте «A-Status» орталығы екі қабатты жаңа ғимаратқа қоныстанғалы кешенді жұмыс жүргізе бастады. Яғни мектепке дейінгі тәрбие берумен қатар, қазір бұл орталық мектеп-гимназияға айналды. Рас, алғашқыда «A-Status»-қа балғындарды тартып, ата-аналардың назарын аудару оңай болған жоқ. Бұл істі мектепке мықты директор, білікті-білімді ұстаздар тартудан бастадым. Себебі қазіргі кезде тәжірибелі педагогты ата-аналардың өздері іздеп табады. – Облыс әкімі Асқар Мырзахметов мектеп-гимназияны аралап көргеннен кейін, биыл жаңадан ашылатын жекеменшік білім мекемелеріне «A-Status» кешенінің жобасын үлгі ретінде қолдануды ұсынған еді. Балабақша, мектепалды даярлық, мектеп-гимназия... Мектептен тыс сабақтар мен үйірмелері тағы бар. Бір сөзбен айтқанда, бала қабілетін үздіксіз дамытуға мүмкіндік беретін білім мекемесі... – Өткен оқу жылында балабақшаны қоспағанда 1-6 сынып аралығында 170-ке жуық бала білім алды. Жаңа кешенде интерактивті тақта, компьютерлермен жабдықталған, робототехника негіздерін үйрететін сынып, шахмат, бірнеше өнер үйірмелері бар. Балғындар өз таңдаулары бойынша бес үйірмеге жалпы оқу ақысы негізінде, сабақтан тыс мезгілде қатыса алады. Қалған екеуіне қосымша ақы төлейді. АКТ, спорт залдары бар. Жеткіншектерге спорттың бірнеше түрімен, таеквондомен шұғылдануға мүмкіндік жасалған. Оқу кешені жобасының негізгі ерекшелігі де осында. Балабақшада да, мектепте де балалардың сабақтан тыс уақытын пайдалы іске бағыттау жоспарланған. Мұнда балғындар үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Бәрі бір ғана кешеннің ішінде. Бастысы балабақшадан кейін балаларға жаңа ортаға қайта бейімделуге тура келмейді. Білім және тәрбие беру үдерісі үзіліссіз жүреді. Ертеңгі сағат 8.30-дан басталатын сабақ кешкі 18.00-ге дейін жалғасады. Балабақша бүлдіршіндері – 5, мектеп оқушылары 4 мезгіл тамақтандырылады. Оқушыларға қосымша үйірмелерге қатысуға мүмкіндік мол. Біздің мақсатымыз – балғындар кішкентай кезінен бір ортаға үйреніп, үш тілде білім алып, 6-сыныпты бітіргенде облыстағы үздік білім ошақтары – Назарбаев зияткерлік мектебіне, «Білім-Инновация», «Дарын» мектеп-интернаттарына түсуге дайындау. – Жан басына қаржыландыру жүйесін енгізудегі басты мақсат – білім мекемелері арасындағы бәсекелестікті арттыру екені белгілі. Ал мектеп мәртебесі білікті мұғалімдерімен өлшенеді. Бүгінгі орта білім сатысына кезең-кезеңімен енгізіліп жатқан жаңартылған білім беру мазмұнынан күтілетін түпкі нәтиже де бір – білім сапасын көтеру. Білім беру үдерісіндегі осы жаңалықтар оған қаншалықты әсер етеді деп ойлайсыз? – Білім беру үдерісіндегі жаңалықтардың бәрі осы салада үлкен жетістікке жеткен елдердің оқыту үдерісін зерттеп, саралау арқылы ұсынылған жүйе. Жақында мен Финляндияға барып, олардың тәжірибесімен танысып қайттым. Бұл «Astana Garden school» деген ұйымның бастамасы болды. Осы ұйымға шетелде білім алған магистрант жастар топтасқан екен. Олар отандық білім саласын көтеруді көздейтін білім орталықтарының басшыларына Финляндияның білім беру жүйесімен танысуға мүмкіндік туғызды. Финляндия мен Эстония елдеріндегі білім беру жүйесі PISA зерттеуі бойынша әлемдегі алғашқы ондыққа енгені белгілі. Сондықтан мен осы мемлекеттерде сабақ қалай оқытылатынын зерделеп, көргенімді көкейге түйіп қайтуды ойладым. Бұрын интернеттен видеороликтерін көргенмін. «Жүз рет естігеннен бір рет көрген артық» дейді ғой. Мектептерін аралап, негізгі жұмыстарымен танысқанда көзім жеткен бірнәрсеге ерекше тоқталғым келеді. Бұл – білім берудегі негізгі жетістік жүйенің өзгешелігінде емес, ол осы елдегі мұғалімге деген құрметтің жоғарылығында екен. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы сала басшыларына ұстаз мәртебесін көтеру туралы талапты бекер қойып отырмағанын түсіндім. Бұл елде мұғалім әрбір өткен сабағы үшін есеп бермейді. Жылдық сабақ жоспарын жазбайды. Олардың жұмысының нәтижесі балалардың білімімен анықталады. Оқушылар белгілі бір уақытта тест тапсырып отырады екен. Содан кейін көзімізге оттай басылғаны – сонау кеңестік жүйедегідей еңбек және дене шынықтыру сабақтарына баса көңіл бөлінетіні. Қазір бізде осы пәндер оқушылар бос сандалып жүріп өткізетін сабақтарға айналып кетті емес пе?! Еңбек сабағына арнайы кіріп көрдім. Сондағы көргенім – еңбек пәні кабинеті емес, кәдімгі кішігірім кәсіпорын. Білім алушыларға өз бетінше үйреніп, өнім шығаруға еркіндік берілген. Үлкен орама маталардың түр-түрі бар. Түрлі құрал-сайман, құрылғылар қойылған. Көбіне ол кабинеттер мектептің шатырына орналасады екен және жиырма-отыз бала бірнеше класс жиналып, жұмыс істей береді екен. Бастысы баланы өзін-өзі еркін басқаруға бағытталған іс-шара көп. Қазақстандық қоғамдағы қалыптасқан көзқарас бізді ысырапшылдыққа итермелейді екен. Шамасы еліміз үнемшілдік жағынан ең соңғы орында шығар. Финляндияда жүріп, біздің кісі еңбегін бағаламайтындығымыздың өзі – үнем жасауымызға кедергі келтіреді деп ой түйдім. Бір ғана мысал келтірейін. Бір университетті 20 жыл бойы басқарып келе жатқан басшы бізді асханаға апарды. Мұғалімдері кезекке қалай тұрса, ол да соны істеді. Тамақтанып болған соң, ыдыстарын жинап, тамақ қалдықтарын бөлек жәшікке, қолданылған ыдыстарды да апарып, арнайы қойылған жеке-жеке жәшіктерге ас калдығын, майлық қағаздарды бөліп салып жатты. Сөйтсек әркім өзі үшін қызмет ететіндіктен, бір мезгілде мыңдаған адам түстенетін асханада бір ғана ыдыс жуушы жұмыс істейді екен. Финляндияда ұстазға деген құрмет ерекше екеніне көзіміз жетті және мектептердегі үзілістің өзінде үлкен айырмашылық бар екен. Бізде 5, 10, 15 минуттық демалыс уақыты бөлінеді ғой. Ал ол жақта үлкен үзіліс 20 минуттан. Олар сол аралықта бірталай істі бітіреді. Бұзық балалармен де сөйлесіп, түрлі ойындар ойнайды, тіптен қысқа метражды фильмді көруге болады. Әр бала өздерін сол мектептің егелеріндей сезінетін сияқты. Өзін-өзі басқара алады. Төменгі сыныптан жоғарғы сыныптағыларға дейін солай. Бір спорт залда екі сынып сабақтарын еркін өте береді. Уақыт та үнемдеулі. Бұл елде балабақша мұғалімдерін дайындайтын институттың ішінде арнайы база, яғни кәдімгі балабақша бар екен. Сол жерге ата-аналар түске дейін немесе түстен кейін төрт сағатқа балаларын әкеліп қалдырып кететін көрінеді. Болашақ мамандарға дайын тәжірибе алаңы. Содан кейінгі таңғалдырғаны – педагогтерге деген сұраныс жоғары. Мұғалімдікке деген талпыныс пен талап зор. Бірақ мемлекетте салық мөлшері де өте жоғары. Айына 3200 евро жалақы алатын мұғалімдер бар. Соның қырық пайызға жуығы мемлекетке салық төлеуге кететін көрінеді. Бізде сыныптарға, дәлізге іліп қою үшін ұсынылатын көрнекіліктер көп қой. Ал ол жақта ондай мүлдем жоқ. Тіптен мектептің маңдайшасына аты да жазылмайды. Жолдың бойына ғана осы жерде мынадай мектеп бар деген белгі ілінген. – Бұл елде білім беру бағдарламалары жиі өзгере ме екен? – Оқу жүйесі міндетті түрде мемлекеттік стандартқа сай жүреді екен. Біздің елімізде енді қолданысқа енгізіліп жатқан жүйеге ерте өтіп қойған. Оқушының сабақ үлгерімін бағалау жүйесі де сондай. Мұғалім балаға бағаны күнде қоя ма, әлде қоймай ма өзі шешеді. Ал нәтижесі жоғары. Жоспарлы, жоспарсыз тексеру деген жоқ. Мектеп басшысы сол қызметке келу үшін екі жылға жуық арнайы психология мен есеп-қисапты үйрену дайындығынан өтіп, оларға басқару жұмысын қалай жүргізуді оқытатын көрінеді. – Жекеменшік мектебіңіз бар. Шетелдің оқыту жүйесіндегі өзгешелікті көріп-біліп келдіңіз. Енді білім мекемесін басқаруда, оқыту үдерісіне қандай жаңалық енгізуді көздеп отырсыз? – Енгізетін нәрсе көп, тіптен соны іске асыруға асығып жүрмін. Ең бірінші мұғалімдерге деген көзқарасты барлық жағынан, әсіресе ата-аналар тарапынан басқа деңгейге қою және мол еркіндік беру үшін оның не екенін түсіндіруім керек. Еркіндік деген осы екен деп балаларымыздың білім сапасы төмендеп қалмауы керек. Сабақ үстінде немесе ұстазға тым кеш уақытта телефон шалып, мазалауға шектеу қойылады. Осы көргенімді, көңілге түйгенімді кітапша етіп шығарсам. Мен дайын материал әкелдім десем, артық айтқандық емес. Оқушыларымызды еңбекке баулу үшін асханаға барғанда өз-өзіне қызмет етуді, айналасын, бөлмелерін жуып-тазалауды үйретеміз. Үзіліс уақытын өзгертеміз. Демалыс уақытында неғұрлым ұлттық ойындарды ойнауды дамытамын. Осының бәрін дайын бір концепция етіп шығармақшымын. Әр балаға өз отбасына қолғабыс етуге баулысақ, жаман болмайды. Сонда ғана ол өзіне деген сенімі артып, жақсы оқитын болады. – Яғни бала тәрбиесінде ата-ана мен мектеп арасындағы ықпалдастықты дамытуға көңіл бөлінеді ғой... – Иә, оқыту үдерісінде бұл аса маңызды мәселе. Негізгі мақсат – отбасы институтын дамытуға көңіл бөле отырып, ата-ананы тәрбие және білім беру ісіне тарту. Мәселен кей ата-аналар баласының мұғалімін ұнатпауы мүмкін, тіптен ақша төлесем болды деп, баланың қабілетіне қарамай үлкен талап қоятын ата-аналар да баршылық. Бірақ олар өз көзқарасы үшін ұстазға сыйластық танытпауы тиіс. Керісінше, оның еңбегін құрметтеп, сонымен бірге баласын тәрбиелеуге атсалысуы керек. – Мектеп-гимназия үшін алғашқы оқу жылы табысты болды. Нәтижелер жаман емес. Мектептің ішкі материалдық-техникалық базасына көңіл тояды, сабақтан тыс жұмыс жүргізетін үйірмелер көп. Ендігі меже қандай болмақ? – Рас алғашқы оқу жылы біз үшін табысты болды. 6-сыныпты бітірген 2 оқушымыз Назарбаев зияткерлік мектебіне, тағы 3-еуі «Білім-Инновация» мектеп-интернатына, 4-еуі «Дарын» мектебіне, 4-еуі үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мектепке оқуға қабылданды. Айналдырған 14 баланың бәрі дерлік бір жылдың ішінде осындай жоғары деңгейге жетті. Ендігі мақсат – білім сапасын арттыра отырып, патриоттық тәрбиеге, оқушыларымыздың өзіне деген сенімділін, өзін-өзі басқара білетін қабілетін арттыруына баса көңіл бөлу. Біздің шәкірттер мойнына жасыл галстук тағады. Бәрі бірдей емес. Үздіктері, өнерде, оқуда озықтары ғана. Галстуктың үш ұшы бар, онда: Отаным, Отбасым, Өзім деген жазулар бар. Олар Отанына қорғаныш, отбасының ұйытқысы болуға бейімделіп өссін деген мағынада. Яғни өзін дамытып, оқуда озат, қоғамдық шараларда белсенді болған оқушы отбасына қуаныш сыйлайды. Оның жанұядағы мәртебесі артады. Бұл галстукты тағу мәртебесіне ие болу үшін осы үш бірліктің мәнін түсініп, нәтижеге жету керек. Сондай-ақ ұлттық тәрбие элементтерін енгізуді, қоршаған ортаны аялап қорғауды үйретуді көздеп отырмыз. Байқасаңыз біздің мектеп дәлізінде кішілеу қазақ үйі тігілген. Оның айналасында ұлттық дәстүрімізді дәріптейтін көрнекіліктер үш тілде жазылып, ілінген. Үзілісте балалар осы қазақ үйді жығып, қайта тігуді үйренеді. Ер-тұрман әбзелдерін атап, тіл меңгереді. Мұндай идея қайдан келді дерсіз? Бірде көршілеріміздің бірі ас бермек болды, аулаға әкеліп, 8 қанат киіз үй тікті. Сыртқа шығып, көмектесейін дедім. Сенесіз бе, бала кезімізде киіз үйді ойнап-күліп жүріп, бас-аяғы бір сағатта тігіп бітетінбіз. Көптен қолға алмағандікі ғой, уық шаншып, керегеге күрмеп байлауды ұмытып қалыппын. Қазақ үйді тігіп үйренген біздің жайымыз осы болса, оны мүлдем көрмеген жасөспірімдер ертең не сұрайсыз? Оның қадір-қасиетін қайдан біледі? Соны ойлап, мектеп ішіне қазақ үй тігіп қойдым. Оның шағын макетін дайындатуға әжептеуір қаржы кетті. Десе де тәрбие ісіне қажет екенін түсіндім. – Алдағы мақсаттарыңызбен бөліссеңіз... – Былтыр біз ешбір оқушыларды іріктеусіз қабылдадық. Биыл іріктеу үшін тест аламыз. Балалардың ақпараттық интелектісін дамыту үшін интеллектум мен робототехниканы үйірме емес, сабақ ретінде енгізсек деп отырмыз. Үш тілде білім беруге дайындық үшін шетелден мамандар шақырту жағын да қарастырамыз. Жалпы жоспар көп. Соны іске асырсақ, «A-Status» жұрт армандаған оқу ордасына айналатынына сенімім мол. – Бүкпесіз әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Ардақ ҮСЕЙІНОВА.

Ұқсас жаңалықтар