Күй күмбірлеп, ән асқақтады
Елорданың 20 жылдығына орай «Ел жүрегі – Астана!» мәдениет пен өнер күндері сәтті жалғасуда. Қалалық Мәдениет үйінде өткен концертте әулиеаталық өнерпаздардың да бас қалаға деген шексіз ықыласына куә болдық. Бұл шараны Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай, облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Ғани Садырбаев көрермендермен бірге тамашалап отырды.
Әуелі әйгілі қобызшы Ықылас Дүкенұлы ескерткішінің алдында өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен халқымыздың «Тұсаукесер» салт дәстүрі көрсетілді. Мәдениет үйінің фоесінде ЭКСПО қалашығы, «Ханшатыр», «Бәйтерек» кешендерінің көрінісі бейнеленген. Бас қалаға арналған кітап көрмесі де осы залдан көрініс тапқан.
Осы шараларға куә болған көпшілік залға жайғасып, мерекелік концертті тамашалады. Онда «Жас дәурен» балалар би ансамблі «Астана» әнінің ырғағына мың бұрала билесе, Аяжан Орынбасар «Туған жер» әнін орындады. «Мәдениетті жігіттер» тобының «Мен – қазақпын» әні де көпшілік көңілінен шықты. Келесі сәтте Берік Жорабеков жергілікті компазитор Әуесхан Салабековтің «Ана туралы романс» шығармасын орындады. Бұл концерт күй тартысымен де ерекшеленді. Сахнаға Ержан Рысметов бастаған күйшілер шығып, домбыра шанағынан күй төккенде, сілтідей тынған залдағы көрермендер ұзақ қол соқты. Бұл шарадан жасөспірімдер де шет қалмады. Оқушылар арасындағы «BaIa – turkvisyon» байқауының жүлдегерлері Айлун Заушева мен Ілияс Қорғанбай «Жайлы Астана» әнін қосыла шырқап жүректерді толқытты.
Осылайша, тараздықтар бас қалаға деген құрметтерін көрсетті.
Есет ДОСАЛЫ
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді