«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Заң талаптары баршаға бірдей

Заң талаптары баршаға бірдей
ашық дереккөз
Заң талаптары баршаға бірдей

Оны бұзғандар лауазымына қарамай тәртіпке шақырылады

Мемлекеттік қызметке орналасу үшін кезінде арнайы тест тапсырып, конкурстық комиссияның тезінен мүдірмей өткен мемлекеттік қызметкер еліміздің қолданыстағы заңнамасын жатқа білуге және мүлтіксіз орындауға тиіс. Алайда, Қордай аудандық әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Аюп Имаров пен осы ауданның Сортөбе және Отар ауылдық округтерінің әкімдері Талайбек Абдылдаев пен Жайлыбек Шадиевтің еліміздің құрылыс саласындағы басты нормативтік құжат — Қазақстан Республикасындағы құрылыс нормалары мен ережелері талаптарын білмеуі салдарынан, аталған екі ауылдағы жол жөндеу жұмыстарында сапасыздық орын алған. Мысалы, Қордай аудандық прокуратурасының тексеруі барысында «Бек Абат» жеке кәсіпкерлігінің Отар ауылдық округінің әкімі Ж. Шадиевпен ұзындығы 444 метр болатын жолда, жобалық-сметалық құны 4 миллион 366 мың теңгені құрайтын орта жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы келісімшарт жасасқандығы әрі жол жөндеуге тек 2013 жылдың қараша айының соңына қарай кіріскендігі белгілі болған. Ал, ауыл әкімі болса, жол жөндеушілердің еліміздің құрылыс нормалары мен ережелерін өрескел бұрмалап, жолды күн суытқан уақытта жөндегендігін біле тұра, орындалған жұмыстың ақысын төлеу жөніндегі құжаттарға бірнеше мәрте қол қойған. Нәтижесінде, пайдалануға берілген және ақысы толық төленген жолдың асфальт жабындысында биыл қосымша жөндеуді қажет ететін ойық шұңқырлар пайда болыпты. 

Автомобиль жолдарын жөндеуде нормативтік-құқықтық құжат талаптарын аяқасты ету Сортөбе ауылының көшелерінде жүргізілген орта жөндеу жұмыстарының барысында да орын алған. Мұнда асфальт-бетонды қоспаға битумның шамадан тыс артық қосылғандығы, жолдың кейбір жекелеген учаскелерінде жол жиектерінің құм мен қиыршық тас араласқан қоспамен бекітілмегендігі сияқты кемшіліктерге жол беріліпті. Бірақ, соған қарамастан тапсырыс беруші Сортөбе ауылдық округінің әкімі Т. Абдылдаев нысанды қабылдап алып, жүзеге асырылған жұмыс ауқымы үшін толық есеп айырысқан. Ең сорақысы, осынау заң бұзушылықтар Қордай ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшылығының назарынан тыс қалған. Тек прокуратура органдары араласқаннан кейін ғана кемшіліктерді тезге салу ісі қолға алыныпты. Міне, осы аталған келеңсіздіктер Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы-Тәртіптік кеңестің төрағасы Болат Исақовтың төрағалығымен өткен Тәртіптік кеңестің отырысында қаралды. Кеңес күн тәртібіндегі мәселені талқылай келе Қордай ауданының әкіміне құзырларына жататын мәселелер бойынша заңда белгіленген тәртіпке сай шешім қабылдауда әлденеше рет құқықбұзушылық жасаған Қордай аудандық әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Аюп Имаровты, Отар ауылдық округінің әкімі Жайлыбек Шадиевті, Сортөбе ауылдық округінің әкімі Талайбек Абдылдаевты Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Заңының талаптарына сәйкес атқаратын қызметіне толық сәйкес еместігі жайлы ескерту түріндегі тәртіптік жазаға тарту туралы ұсыныс енгізу жөнінде шешім қабылдады. Сондай-ақ, Тәртіптік кеңестің шешімі бойынша құзырлы органдарға еліміздің «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Заңы талаптарын бұзған Қордай ауданындағы Бетқайнар ауылдық округінің әкімі Елужан Мақұлбаевты, «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңда қарастырылған қызметтік міндетін немқұрайды орындаған облыс бойынша Қазынашылық департаменті басшысының орынбасары Е. Шаймағанбетовті атқаратын қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жазаға тарту туралы ұсыныс енгізілетін болды. Қабылданған шаралар бойынша Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстағы Тәртіптік кеңесіне заңда белгіленген мерзімде хабарлау міндеттелді.

Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар