«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мереке мерейі – табыс

Мереке мерейі – табыс
ашық дереккөз
Мереке мерейі – табыс
Болат жолдың бойында алысты жақындатқан, ауыр жүкті жеңілдеткен теміржолшылардың ел дамуына қосып жатқан үлестері ұшан-теңіз. Темір жолдың қай саласы болса да жұмысы ауыр, қиындыққа толы. Сонда да кедергілерге мойымай, жұмыстарының үдесінен шығып жүрген осы сала өкілдерінің еңбегіне қандай құрмет көрсетсе де жарасады. Темір жол саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі Тараз жерінде де жоғары деңгейде тойланды. Теміржолшылардың төл мерекесі «Түріксіб» кешенінде кеңінен аталып өтті. Мерекелік шараға жиналған жүздеген теміржолшылар мен қала тұрғындарының көңілдері шаттыққа, қуанышқа толы еді. Ел игілігін еселеген еңбеккерлерге арналған салтанатты шарада облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков сөз сөйлеп, мереке иелерін құттықтады. – Өркендеген еліміздің бір бөлшегі Жамбыл өңірі қай салада да алға басып, дамудың даңғыл жолында келеді. Осынау өркендеуге темір жол саласындағы теміржолшылардың қосып жатқан үлесі қомақты. Алысты жақындатқан жолаушы және экономикамызды ілгерілетуге себепкер жүк тасымалы пойыздарының қоғамның дамуына қосып жатқан үлесі ұшан-теңіз. Оның жауапкершілігін сол жұмыста жүргендер жақсы біледі. Сіздердің барлықтарыңыз құрметке лайықтысыздар. Сондықтан облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің атынан сіздерге зор алғыс білдіріп, әр шаңыраққа береке, істеріңізге абырой, өздеріңізге денсаулық тілеймін, – деді Бекболат Серікбекұлы. Салтанатты шарада Жамбыл темір жолы – Жамбыл жол бөлімшесінің директоры Берік Ақшалов «Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов» атындағы медальмен марапатталды. Сондай-ақ Аса стансасының жүк және багажды қабылдап-тапсырушысы Гүлшат Досалиева мен Сары-Шаған электрмен жабдықтау дистанциясының электрмен жабдықтау учаскесінің бастығы Аманбек Ахметбеков «Құрметті теміржолшы» төсбелгісіне ие болды. Бұл – теміржолшылар үшін үлкен марапат! Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты. Облыстық филармонияның әншілері теміржолшыларға әннен тарту жасады. Сахнада биші қыздар мың бұрала билеп, қасиетті домбыраның қоңыр үні бебеулеп, күй күмбірледі. Патриоттық, отаншылдық бағыттағы және халық әндері көңілдерді тербеді. Теміржолшылардың құрметіне тігілген ақшаңқан киіз үйлерде дастархан жайылып, мереке иелеріне дәм беріліп, құрмет көрсетілді. Шара аясында өткізілген спорттық жарыстарда да шын жеңімпаздардың есімдері белгілі болды. Осылайша, теміржолшылар мерекесі ақшам ауғанша толастамай, қызықты жалғасты.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар