Біріккен істе береке бар
Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы аясында «Нұрлыкент» өндірістік кооперативінің 60 мүшесі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы 6 пайыздық мөлшерлемемен 159 миллион теңгеге қол жеткізген. Кооператив басшысы Фархат Абдуллаев аталған кооператив бірден ет бағытында жұмыс істеуді қолға алғанын және мемлекет берген несиенің шарттары қолайлы екенін айтады.
– Біздің кооперативтің мүшелері о баста-ақ ет бағытында жұмыс істеуді құп көрді. Несібемізді табу мақсатында алынған несиенің де шарттары біз үшін ыңғайлы. Төлеу мерзімі – 7 жыл. Әр алты ай сайын белгіленген соманы төлеп отырмыз. Біздің кооперативке тек Нұрлыкент ауылының ғана тұрғындары емес, көршілес Түктібай ауылындағы іскер азаматтар да мүше. Несие кооперативтің барлық мүшелеріне бөлінді. Біреулерге – 4, енді біріне 3-2 миллион теңгеден бұйырды. Біз бұл қаражатқа 764 ірі қара малын сатып алып, оларды бордақылап, әр алты ай сайын мемлекетке өткізудеміз. Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап 400-ге жуық малдың етін өткізіп, несиеміздің алғашқы бөлігінен құтылып үлгердік. Ал қалған ақшаға тағы да мал алып, олардың жем-шөптерін сатып алдық. Несиенің екінші бөлігін тамыз-қыркүйек айларында төлеуіміз қажет. Осы бағытта тынбай жұмыс істеп жатырмыз. Мал азығын кейбір кооператив мүшелері өздері өсіреді, – деді ол.
Нұрлыкенттіктердің шарты бойынша құрама жем Тараз қаласындағы зауыттарға жеткізіліп, онда арзандатылған бағамен 40 теңгеден сатылуда. Аталған кооператив көпсалалы болғандықтан, кооператив Жарғысында көкөніс өсіру және сүт өндірісін жолға қою тайға таңба басқандай жазылған екен. Алайда кооператив мүшелері әзірге мал бордақылаумен, сондай-ақ көкөніс, дәнді, майлы және басқа да дақылдарды өсірумен айналысуда.
– Біз екінші жыл қатарынан қырыққабатты – 100, сәбізді – 100, қант қызылшасын – 45, картопты – 30 гектар алқапқа және 50 гектар жерге дәнді-дақылдар, арпа және бидай, сондай-ақ қызанақ, асқабақ пен күнбағыс өсіріп келеміз, – дейді кооператив басшысы.
Айта кету керек, кооператив мүшелерінің көпшілігі Өзбекстан, Қарақалпақстан және Түрікменстаннан көшіп келген ағайындар. Оларды өз ісінің шеберлері, кәсіби диқандар десек те болады.
Кооператив құрамына мал азығы үшін шөп, жүгері және басқа да өнімдерді өсіретін және көлемді жер телімдері бар «Бірлік» секілді ірі шаруа қожалықтары енген. Кооператив жетекшісі көршілес Өзбекстан Республикасының төтенше жағдайлар бөлімінде, сондай-ақ өзге де құзырлы мекемелерде заңгер болып қызмет істегендіктен, іс-қағаздар жұмысын өте жақсы біледі. Көп уақыты құжаттарды ресімдеу және бухгалтерлік есепті жүргізумен өтетін Фархат Абдуллаев болашақтағы жоспарларымен бөлісті.
– Қазіргі таңда біз мал сою алаңын салу және қойманы тоңазытқыш сынды жабдықтармен толықтыру үшін қажетті құжаттарды әзірлеп қойдық. Тек аздаған кедергілер бар. Уақыт өте бұл қиындықтарды да еңсереміз деген ойдамын. Өйткені мал сою алаңы біз үшін өте қажет. Ал көкөніс және тұқымды сақтауға қойма керек. Бүгінде біз ет өнімдерімізді Жамбыл, Алматы облыстарына және Шымкент қаласына өткізсек, дәнді дақылдарымыз көршілес аудандардың, сондай-ақ Түркістан облысының нарығында сатылуда. Келешекте дәл осы Нұрлыкент ауылында шұжық және басқа да ет өнімдерін өндіргіміз келеді. Кооператив мүшелерімен сүт бағытында жұмыс істеуді қолға алсақ, онда айран, қаймақ, ірімшік, сүзбе де өзімізден шығарылмақ, – деді ол.
Есен ӨТЕУЛИЕВ Жуалы ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді