«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Инновациялық автобустан» кешігіп қалмаңыз

«Инновациялық автобустан» кешігіп қалмаңыз
ашық дереккөз
«Инновациялық автобустан» кешігіп қалмаңыз

өнертапқыштар идеясын өндіріске батыл енгізу керек

Еліміздің түкпір-түкпірінен жас ғалым­дарды, талантты өнертапқыштар мен болашақ бизнесмендерді іздестіруді қолға алған республикалық NIF$ 50 К бизнес-жоспарлар байқауын ұйымдастырушылар тобы Тараз топырағына табан тіреді. Құрамында Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік сарапшылары бар «инновациялық автобус» талай өнертапқыштық жобаның бағын ашып кетуі әбден мүмкін. Тек оларға ашқан жаңалығыңның экономикалық, экологиялық тиімділігін жан-жақты дәлелдей біл. Инновациялық идеяңыз өндіріске пайда әкелетіндей болғаны абзал. Сонда кейбір «жолы болмай» жүрген жобалардың өндіріске енгізілуі мүмкін.

Қонақтарды қарсы алған облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Досан Рымтаев пен ТарМУ-дың ректоры Махметғали Сарыбеков конкурсқа қойылған өнертапқыштық жобалар қатарын аралатты. Өнертапқыштар өз жобаларының өмірде, өндірісте тиімділіктерін жан-жақты баяндап бақты. Әсіресе, Тараз мемлекеттік университеті мұнай, газ және механика факультетінің деканы, техника ғылымдарының докторы, профессор Сағат Мырзашев пен ізденуші Жамбыл Дүйсебаевтың «Дала жағдайында өрт сөндіретін роторлы топырақ шашқыш машинасы», осы оқу орнының «Мелиорация және агрономия» кафедрасы мен Шинэцзы университеті (ҚХР) ғалымдары ұсынған «Қант қызылшасын топырақты пластикалық тесіктер арқылы тамшылатып суару технологиясын кеңінен енгізу» (жоба жетекшісі техника ғылымдарының докторы, профессор Сейітхан Қойбақов), Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары, техника ғылымдарының кандидаттары Валерий Тумлерт пен Сәрсенбек Амангелдиев ұсынған «Ұңғыдан суды обсадты бөген бойымен көтеру құрылғысы» инновациялық жобалары көңілге қонғандай. Осы үш жобаның қай-қайсысы да асыраушы сала – ауылшаруашылығын дамытуға өзіндік үлес қосатынына ғалым-авторлардың тәптіштеп түсіндіргенінен кейін көзіміз жете түсті. Инновациялық жобалар көрмесін аралап шыққаннан кейін мәжіліс залында болған жиынды облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Досан Рымтаев кіріспе сөз сөйлеп ашты. Тараз мемлекеттік университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков бүгінгі іс-шараның маңыздылығы туралы тереңнен толғады. – Бұрын білім мен ғылымды ұштастыру, ғылым жетістігінің өндіріске ұласуы деген болған емес. Міне, соңғы жылдары осы істің қолға алынуы құптарлық, – деді Махметғали Нұрғалиұлы. – Бірақ бұл істің бір өкінішті жағы бар. Ол – ұсынылған өнертапқыштық жобалардың өндіріске енгізілуінің өте баяулығы. Сонда ғалымдар ашқан жаңалықтан не пайда? Бұл сұрақтың жауабы қаржының жоқтығымен тұйықталып келеді. Осы мәселе мемлекеттік деңгейде шешілуге тиіс. Ректордың өкініш білдіре сөйлеген сөзі мен жасаған ұсынысы көпшілік көңілінен шықты. Әсіресе, өнертапқыштар риза болғаны сөзсіз. «Инновациялық форсаж» отырысында «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ басқарушы директоры – инновация­лық белсенділікті ынталандыру орталығының директоры Бауыржан Айтілеу конкурста жеңімпаз жобалар сый-сияпатсыз қалмайтынын айтты. Әрине, жүзден жүйрік шыққандар ғана. «Инновациялық автобус» республиканың барлық облыстарын аралап шыққаннан кейін ғана байқау қорытындысы шығарылады. Байқауға жүздеген, тіпті одан да көп, жобалар түседі. Ендеше олардың ішінен ең-еңін іріктеу де оңай емес. Сол іріктеу мен таңдауда біздің облыс өнертапқыштары ұсынған инновациялық жобалардың бағы жануын тілейміз!

Болат Жаппарұлы, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар