Жуалыдағы жұмыстарды жандандыру қажет
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="78694,78695,78696"]
Жерұйықты іздеп өткен Асан қайғы бабамыз Жуалыны көргенде «Жерің семіз, қарың мол, қадіріңді егін салған ел білер» деп бағалаған екен. Шынында да, облысымыздың оңтүстік-батысындағы Жуалы ауданы егіншілікке қолайлы, шаруашылыққа ыңғайлы аймақ. Сондықтан да ауданның агросектордағы әлеуеті жоғары. Десе де, осы мүмкіншілікті жуалылық шаруалар толығымен пайдаланып, қыруар табысқа кенеліп отыр дей алмаймыз. Қолда бар әлеуетті ұқсатып, ұйымдастыруда аудан басшылығының жүйесіз жұмысы көңілді күпті етеді. Бұл мәселелер облыс әкімі Асқар Мырзахметов аудан активімен кездескен жиында жан-жақты айтылды.
Басқосуда ағымдағы жылдың алты айында ауданның сан-саласында атқарылған жұмыстар сараланып, үш бағыт бойынша талқыланды. Өткен жылмен салыстырғанда бірқатар көрсеткіштерде аз-маз өсім болғанымен, жыл басында белгіленген облыс әкімі мен аудан әкімі арасындағы жасалған келісімді индикаторлардың үшеуі орындалмаса, облыстық басқармалар мен аудан әкімдігі арасында жасалған межелі міндеттердің тоғызына қол жеткізілмеген. Соның ішінде, төртеуі ауыл шаруашылық саласына қатысты болып отыр.
Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Берік Нығмашев ауданның минералды тыңайтқышпен қамтылу жоспары бар-жоғы жиырма пайызға ғана орындалғанын, фосфогипске бірде-бір сұраныс берілмегенін, техниканың қырық пайызы ескіргенін ашып айтты. Сондай-ақ аудан қой мен ешкі басын арттыруда, ет өндіруде тиісті индикаторға жете алмаған. Ал сүт бағытында жұмыс жасайтын үш кәсіпорын өзінің толық жүктемесіне шыға алмай отырғандығы осы бағыттағы жоспарлы шаралардың жоқтығынан десек қателеспейміз. Биыл оныншы тамызға дейін сүт бағытында сегіз кооператив құру керек болғанымен, ауданнан басқармаға бұл туралы әлі ешқандай мәлімет түспеген. Несиемен қамту шаралары да ойдағыдай емес.
Бүгінде жуалылық шаруа қожалықтар 10 мың гектар жайылымдық жерге зәру десек, жеке шаруаларға 176 мың гектар жайылымдық жер керектігі анықталған. Егістік жерлердің электрондық картасын әзірлеуді де аудан әлі күнге тиянақты қолға алмай, өзге аудандардан көш кейін қалып қойған. «Тараз былғары аяқ киім» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің зауытына мүйізді ірі қараның терісін өткізуде де аудан ешқандай нәтиже көрсете алмаған.
Асқар Исабекұлы саладағы осы секілді сылбыр жұмыстарды сынға алып, жауаптыларға сауал қойды. Кездескен кемшіліктер бойынша аудан әкімінің орынбасары Әбдікерім Үркімбаев цифрлар мен сылтауларды қанша жерден алға тартқанымен, нақты жауапқа келгенде тосылып қалды. «Жұмыс жасаймыз, жыл соңына дейін бәрін қалпына келтіреміз» деген ол, жұмысты әйтеуір бір жақсартатынына сендіруге тырысты.
– Жуалы ауданы облысымыздағы агросектордағы әлеуеті жоғары аудандардың бірі. Бірақ сол мүмкіндікті пайдалана алмай отырсыңдар. Ет өндіру ісі бойынша жоспар жоқ, Өндірушілер мен сауда орындары арасында келісімшарт жасасуды тапсырғанмын, ол да орындалмаған. Әлеуетті ауданда бар-жоғы екі ғана ет өндіру цехы бар. Сүт өңдеу кәсіпорындары өзінің толық қуатына шыға алмай отыр. Ол бойынша ешқандай жоспарлы жұмыстарың жоқ. Толық қуатына шыққан күнде де оның өнімін өткізуде кедергіге тап боласыңдар. Оған қатысты қандай шаралар атқару керектігін де алдын ала ойласу керек. Оның жолдарын қарап, жоспары түзілуі қажет. Бұған ешкім бас қатырғысы келмейді. Тек индикаторлық көрсеткіштерге қол жеткіздік деп қарап отыру ешкімге керек емес. Атқарылып жатқан жұмыстар бар шығар, бірақ осындай өзекті мәселелерді шешу – басты назарда тұру керек, – деді А.Мырзахметов.
Ауданның өзге салаларында олқылықтар аз емес болып шықты. Атап айтар болсақ, ветеринария саласында маман тапшылығы, санитарлық-тазалық шараларындағы жүйесіздіктер, 399 шаруа шылықтың жер учаскелеріне жер кадастрын жүргізу мен тіркелу шаралары жасалынбағаны да солардың бір парасы. Ауданның егістік жерлері де тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда 14 мың гектарға кеміп кеткен. Қазіргі таңда жергілікті шаруа қожалықтары тарапынан 3600 гектар суармалы жерге сұраныс бар болса, конкурс өткізу енді ғана қолға алынбақ. Аудандағы 11 су жүйелерін қалыпқа келтіріп, 10 шағын су тоғандарын салуға мүмкіншілік бар. Егер бұл жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілсе, суармалы алқаптың көлемін еселеп арттыруға болады.
Аудандағы қатты қалдықтарға арналған сегіз полигонның қоршауы жоқ. Жасыл белдеуге арналған 25 гектардағы отырғызылған көшеттердің дені қараусыз қалған. Олардың 60-65 пайызы бүгінде қурап, жарамсыз күйге түскен. Тұрғындарды таза ауызсумен қамту шаралары тұралап тұр. Ол туралы облыс әкімдігі экология және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров айтып берді.
– Аудандағы 49 елді мекеннің небары 15-і, яғни 30,6 пайызы ғана орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Бұл облыстағы ең төменгі көрсеткіштердің қатарында. Ауызсу құбыры тартылған елді мекендердің өзінде 3500 халық тіршілік нәріне қол жеткізе алмай отыр. Осы бағытта бес жоба болғанымен, оның біреуі ғана мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған. Басқа жобалар жоқ. Жоспар құрылмаған. Демек, жұмыс жоқ деуге болады, – деді Н.Алдамжаров.
Өңір басшысы ауданда жеткілікті су көздері бола тұра, керекті құжаттарды уақтылы әрі сапалы дайындауға ынта танытпай отырғандарға жұмысты барынша жандандыру керектігін қатаң ескертті.
Бүгінде аудан бойынша 4600 адам тұрғын үй салу үшін жер кезегінде тұрғанымен оларға берілетін алқап дайын емес. Себебі онда инфрақұрылым тартуда тындырымды тірлік болмай тұр. Құрылыс бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындауда жуалылық жауапты басшылардың әлсіз әрекеті көп жұмысқа тежеу болуда. Сондай-ақ ауданда нәресте өлімінің өсіміне де жол берілген.
Жиын барысында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес ауданда жүргізілген инспекторлық зерделеудің қорытындысы баяндалды. Облыс әкімдігі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің басшысы Серік Құрманбеков анықталған бірқатар кемшіліктерді айта келе, Ақсай және Қарасаз ауылдық округтеріндегі сүт қабылдау пунктері қағаз жүзінде бар болғанымен, шын мәнінде әлі күнге іске қосылмағанын тілге тиек етті. Сондай-ақ заңды тұлғалардан көлік құралдарына салынатын салық жоспары Нұрлыкент ауылдық округі бойынша 184,2 мың теңгеге, Б.Момышұлы ауылдық округі бойынша 197,2 мың теңгеге орындалмаған. Сонымен қатар маусым айында Шақпақ ауылдық округі әкімінің жұмысына зерделеу жүргізілгенін айтқан Серік Сәтбекұлы кездескен келеңсіздіктерді жеткізді.
– Шақпақ ауылдық округі әкімі аппаратында құжаттарды жасау, басқару, өңдеу, құжат айналымын ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуде «Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттама жасаудың және құжаттаманы басқарудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің 2014 жылғы 22 желтоқсандағы №144 бұйрығы талаптары орындалмай отыр. Ауыл әкімінің жеке тұлғаларды қабылдау кестесі әзірленбеген, келіп түскен өтініштерді тіркеу, есепке алу жұмыстары жүргізілмеген. Өтініштерді есепке алу карточкасы толтырылмаған. Ауылдық округтегі жасыл белдеу құру мақсатындағы 220 мың теңгеге 3200 дана қара ағаш және 20 дана қарағай сатып алынып, екі гектарға егілгенімен, жасыл белдеу қоршаусыз, қараусыз қалған. Оған тұрғындардың малы жайылып, көшеттердің көбі бүлінген, – деген Серік Сәтбекұлы ауылдың қатты қоқыс тастау орнындағы олқылықтарды да айтып берді. Жаңа полигон салынғанымен, ескі полигонға рекультивациялау жұмыстары жүргізілмеген. Сондықтан да кейбір ауылдықтар әлі де қоқыстарын бұрынғы орынға төгетіні байқалған. Ал ол қалдықтардың желді күні «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолына ұшу қаупі бар.
Міне, осы секілді ірілі-ұсақты көптеген мәселелер көтеріліп, шешімдер мен ұсыныстар айтылған жиынды Асқар Исабекұлы өзі қорытындылады.
– Жалпы алғанда, жыл басында белгіленген индикаторларды қайта қарайтын боламыз. Керекті-керексізін жүйелеу керек. Индикаторлық көрсеткіштер орындалғанымен, шешімін күткен көкейтесті мәселелер аз еместігіне көз жеткізіп келеміз. Бұл барлық ауданға қатысты. Бірінші кезекте, ауыл шаруашылық пен өнеркәсіп саласындағы нақты мәселелерді шешу маңызды. Өйткені бұлар экономиканы көтеретін негізгі күштер. Бұл ретте басқармалардан бастап аудан басшылығына, бөлімдерге, ауылдық округ әкімдеріне жүктелетін міндет зор. Әсіресе, ауылдық әкімдіктерді барынша жұмыс істету керек. Облыста бір мыңға жуық адам ауылдық округ әкімдіктерінде қызмет етеді. Олардың не істеп отырғандығын ешкім білмейді. Солардың әлеуетін іске қосу керек.
Өздеріңіз де байқағандай, Жуалы әлеуеті жоғары аудандар қатарынан болса да, көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Бас-аяғы жоқ жұмыстар көп. Түйінді түйткілдерді шешудегі шаралардың жоспары мүлде құрылмаған. Бүгінгі талқылаулар бойына шешім қабылдайтын боламыз. Бұл кемшіліктер алдағы тоғыз айдың қорытындысымен тағы қаралады, – деді облыс басшысы.
Осы күні түс ауа Асқар Мырзахметов аудан аумағындағы «Қаралма» тау шаңғысы базасының алаңына барып, құрылыс жұмыстарымен танысты. 2 миллиард теңге тұратын жоба биылғы желтоқсан айына дейін аяқталуы тиіс. Бүгінгі күні тау шаңғысына дейін 1 шақырымдық асфальт жол төселінсе, керекті құрал-жабдықтардың 70 пайызы жеткізіліп үлгеріліпті. Құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындар тартылуда екен.
Айта кету керек, тау-шаңғы кешені еуропалық стандарттарға сай салынбақ. Жоғары деңгейдегі қызмет, қолжетімді баға, қонақ үйлер мен мейрамханалар – мұның бәрі жаңа кешеннің келбетін арттырмақ.
Облыс орталығы Тараздан 100 шақырым қашықтықта орналасқан туристік кешен бұйыртса алдағы қыста қонақтар мен жамбылдықтардың тамаша демалыс орнына айналады деп күтілуде. Асқар Исабекұлы құрылысшыларға жұмысты барынша сапалы әрі қарқынды түрде жүргізу керектігін тапсырды.
Жанғазы Ахмет
Суреттерді түсірген Алтынбек Қартабай.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді