Ақжолтай жаңалық ауылға тез тарады. Кеңестің Маржан деген қызы «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-та оқып, магистр дәрежесін қорғап келіпті. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» дейтін халық емеспіз бе?! Көп болып, қуанышын бөлістік.
Маржан Назарова – Е. Бекмаханов атындағы мектеп-гимназияның түлегі. Алматыдағы Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің халықаралық құқық факультетін тәмамдаған соң Маржан «Air Astana» ұлттық компаниясына қызметке орналасқан болатын. Ол осы компанияда бес жылдай жұмыс істеді. Бірақ, бір сәтке де «АҚШ-та оқып, білімімді тереңдетсем» деген ішкі арманын ойынан шығармады. Ақыры талапты жас мұратына жетті. Маржан қыздың тілегі орындалып, 2012 жылы «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ астанасы Вашингтон қаласындағы Джорджтаун университетіне магистратураға қабылданған еді. Міне, араға екі жыл салып, АҚШ-тан магистр дәрежесін алып оралып отыр. Маржаннан АҚШ-қа барғандағы алғашқы әсерін сұрағанымда, бастапқыда біраз үйрене алмағанын «кейіннен сонда тәлім алып жүрген қазақтың қыз-жігіттерін көріп жалғыз еместігін сезінгенін айтты. Оны Джорджтаунға жетелеген ағылшын тілін терең меңгерсем деген талабы екен. Ал, тіл үйренуге ынтасын оятқан мектептегі ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Зухра Абдрахманқызы көрінеді. «Қазақстандағы білім беру жүйесі шетелдегіден кем түспейді екен. АҚШ-та жүргенімде соны түсіндім. Мәселен, Астанадағы «Назарбаев университеті» Джорджтаун университетіне бара-бар. Екі елдің білім жүйесіндегі айырмашылығы мынада ғана. Бізде студенттер профессор пікірін сараламастан бас изей берсе, ондағы әрбір студент дербес ой, дара идеяның иесі. Оқытушылар осыған басымдық береді. Білім алушы өзінің пікірін дәлелдеп бағып, өзіне қажетті білімге қол жеткізеді. Америкалықтар уақытты қатты бағалайды, бір-бірінің уақытын текке өткізбеуге тырысады. Қайырылған мәселесіне қарай жылдам жауап беруге ұмтылады. Ал Астана тұрғындарының қарым-қатынасы суықтау сияқты», – дейді Маржан Иә, Президентіміз Н. Назарбаевтың тікелей бастамасымен қолға алынған «Болашақ» бағдарламасын көптеген қазақ жастары үшін білім көкжиегіне апаратын баспалдақ болды десек, артық айтқандық емес. «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары бүгінде Президент Әкімшілігі мен Үкіметтің араласуымен мемлекеттік қызметке, сондай-ақ сан алуан ұлттық компанияларға жұмысқа орналастырылуда. Білімін жетілдірген магистр Маржан да «Air Astana» ұлттық компаниясындағы жұмысын әрі қарай жалғастырмақ. Оның алдағы уақытта осы компанияның білікті маманы атанып, жемісті еңбек ететініне сенім мол.
Байжан Емберді.
Шу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді