«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қалауын тапса, қоқыстан да пайда бар

Қалауын тапса, қоқыстан да пайда бар
ашық дереккөз
Қалауын тапса, қоқыстан да пайда бар
Халық көп шоғырланған мегаполистерде ғана емес, бүгінгі күні өзге шаһарларда да көше, аула, ауа тазалығын сақтау және бір тәулікте тау болып жиналатын қоқыс мәселесі көпшілікті алаңдатып отыр. Қалалықтардың кейбірі болмаса, басым бөлігі күнбе-күн қалдықтарды қоқыс жәшігіне салмас бұрын оның қайда кететінін ойланбағандықтан, қоқыстан болатын залалдың, экологияға келетін қауіптің ауылы алыс емес. Қазіргі таңда қарт қалада тұрғын үйлер аулаларында тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау үшін (полиэтилен ыдыстарын, пластик, шыны бөтелкелерін) 347 сеткалы контейнерлер орнатылған. Облыс орталығында қалдықтарды, электрондық құралдар мен моторлы майларын, шыны, қағазды сұрыптап, кәдеге жаратуға арналған 15 мекеме бар. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Жақсылық Сапаралиев өңірімізде Қазақстан Республикасының «Жасыл экономикаға көшуі» жөніндегі тұжырымдамасы, оның ішінде қалдықтарды басқару бағытының жүзеге асырылуына тоқталды. Жақсылық Мырзабекұлының айтуынша, жауапты мамандар бүгінгі күні Промотход Казақстан» ЖШС (Қарағанды қ.) және «Оператор РОП» серіктестігімен бірге электр және электрондық жабдықтардың қалдықтарын қайта өңдеу жұмыстарын бастауды жоспарлап отыр, сондай-ақ қалдықтарды жинауға арналған 5 контейнер орнату жұмыстары жүргізілмек. – Бүгінде «Луговой жылқы зауытында» көңнен биогаз шығару жүйесі жұмыс істеуде. Ондағы 16 қондырғы 1300 текше метр көңді өткізу қабілетіне ие, биогаздың өнімділігі тәулігіне 5300 текше метр. Алынған биогаз жеке қазандықта жұмыс үшін қолданылады. Жалпы облыс тұрғындарынан қалдықтарды жинау және тасымалдау қызметімен қамту үлесі 79,2 пайызды құрап отыр. Қалаларда бұл көрсеткіш 100 пайызды құрайды, ауылдық елді мекендерде – 64,5 пайыз. Бұл көрсеткіш 2021 жылға дейін 100 пайызға жеткізілмек. Тұрмыстық қатты қалдықтарды қала тұрғындарымен 60 пайыз, коммерциялық мекемелермен 30 пайыз және бюджеттік мекемелермен 10 пайыз шығарылуда. Облыс бойынша тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысатын 27 кәсіпорын, 501 контейнерлік алаңдар – 2808 дана контейнермен қамтылған, 103 арнайы көлік техника бар. Қазіргі таңда тұрғындардан тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару қызметі жүйелі түрде, бекітілген кестелерге сәйкес атқарылуда. Тараз қаласында қалдықтарды жинақтау және шығару қызметімен 6 мекеме айналысады. Облыста 165 қатты тұрмыстық қалдықтар үшін полигон орындары белгіленіп, 163 полигонның қоршаған ортаға эмиссияға рұқсаттары ресімделген, 2 рұқсаттың жарамдылық мерзімдері аяқталған. 2011-2012 жылдары жалпы сомасы 567,2 миллион теңгеге 5 полигон іске қосылса, өткен жылы 260,7 миллион теңгеге 4 полигон іске қосылды. «Оператор РОП» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қолдауымен облыста пайдаланылған шамдар, химиялық энергия көздері мен батареяларды жинау үшін 106 контейнер орнатылды, – деді ол. Бұдан бөлек брифинг барысында 2018-2022 жылдары облыста шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тарта отырып тұрмыстық қатты қалдықтарды заман талабына сай кәдеге жарату және өңдеу бойынша шаралар кешені әзірленіп жатқандығы сөз болды. Спикердің сөзіне сүйенсек, Тараз қаласының ағынды суларын тазартатын кешені болмауына байланысты облыс әкімдігінің 2018 жылы 28 наурыздағы №52 қаулысымен техникалық экономикалық негіздемесін әзірлеуге 35,0 миллион теңге бөлініпті. – 2018 жылдың 20 шілдесіндегі аталған жоба бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындылары туралы хаттамасына сәйкес «Водоканал-консалтинг, инжиниринг» ЖШС жеңімпаз болып айқындалды. Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы «Мемлекеттік сатып алу» туралы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген мерзімде «Водоканал-консалтинг, инжиниринг» ЖШС-мен мемлекеттік сатып алу туралы 14,8 миллион теңгеге шарт жасасады, – деді Ж.Сапаралиев. Сондай-ақ басқосу соңында өңірімізде «Жасыл белдеу» бағдарламасының орындалу барысы қатаң бақылауда екендігі айтылды. Облыс бойынша жасыл желектер 2016 жылы 398,4 гектарға, өткен жылы 1057,6 гектарға отырғызылғанын және бұл жұмыстар ағымдағы жылдың 1 жарты жылдығында 340 гектарға жоспарланып, 281,05 гектарға жасыл желекпен көмкерілгенін жеткізген Жақсылық Сапаралиев БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Есен Өтеулиев

Ұқсас жаңалықтар