«Шабдалының» дәмі
Жұрт жақсы киноны шынымен сағыныпты. Мұны «Астана Парк» кинотеатрының кіші залына жиналған қалың көрерменнің жүзінен айқын аңғарғандай болдық. Олар кинокартинамен бірге ғұмыр кешті.
«Шабдалы» фильмі туралы алдымен әлеуметтік желілерде көп айтыла бастады. Бұл да бір жарнама ғой. Былайынша айтқанда, жарнамасы жарқырап тұрған жаңа туындыны көруге біз де асықтық.
Көркем фильм жазушы-жырау Алмат Алматовтың әлеуметтік желідегі жазбасы негізінде дүниеге келген. Алдымен «Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабек осы шығарманы оқып, режиссер әрі фильмнің сценарий авторы Жандос Құсайыновқа ұсынып, туындының киноға сұранып тұрғанын айтыпты. Содан Жандос іске кіріскен...
Жалпы алғанда, киноны саясат деп түсініп, солай ой өрбітетіндер де бар. «Шабдалы» – тәрбие құралы, ауыл ақиқаты, дала романтикасы көрініс тапқан жинақы фильм. Мұнда юмор да, эмоция да, орындалмаған арман да, қоғамның көлеңкелі құбылысы – жемқорлық та баяндалады. Түсінгенге сабақ алар тұстар жеткілікті. Мейірім-қайырым да картинада қамтылған.
Әкесі секілді прокурор, сот болуды армандаған Әсел үшін оңтүстік адам аяғы баспайтын жер секілді. Тіпті құрбыларымен кездескенде «оңтүстіктің адамына, «южанға» өлсем де тұрмысқа шықпаймын» деп кесіп айтады. Алайда Жетісайдан, мақталы Мақтааралдың Мақталы ауылынан бір-ақ шығады.
Ол оқу бітіріп, қызыл дипломын алған соң жарты жылдай жұмысқа орналаса алмайды. Жұрттың сөзінен жалыққан анасы қызын қызметке тұрғызу үшін халықаралық компаниядан өкіл тауып, 2000 АҚШ долларын пара ретінде ұсынып, компанияға заңгер қызметіне орналастырмақ болады. Осы сәттегі паралель сюжетте таксиге отырған Әсел автокөлік ішіне ақшасын ұмыт қалдырып кетеді. Көп ұзамай қаржысын кері қайтарған Ертайдың әрекетіне сүйсінеді.
...Анасына құрбысы арқылы хат қалдырып, Жетісай жеріне тұрмысқа шыққанын хабарлаған Әселдің жазбасынан кейін ана өмірінде тәлкек басталады. Ауруханаға түскен ол есін жия салысымен Түркістан облысына тартып тұрады. Мұндағы таксиге отыру, жолай алып қашу операциясына куә болу, бейкүнә қалыппен бір тәулігін түрмеде өткізу, ауылға әупіріммен жету, құданың үйіне полицей мінгізген есек арбамен қатынау секілді юмор мен ирония араласқан картиналар кімді де болса бейжай қалдырмасы анық.
Қызын алып кетпек болған ана Әселдің қарсылығына ұшырайды. Өзінің талабын қойғанына қарамастан, қалың малға құдасынан шабдалы талын алғанда әбден ашуға булығады. Қанша шамданса да, қызы мен күйеу баласының бақыты үшін бәріне көнеді.
Бұл картиналардың бәрі баяндау кейпінде берілгенімен, сюжеттердегі шағын оқиғалар жүректерге жылы тиеді. Иә, қалың мал орнына берілген шабдалы талы маусым кезінде 4-5 миллион табыс әкеліп, жастардың жұптасуына себепші болады.
Режиссердің абстрактілі ойлардан қашық болғаны – жанға медеу. «Ойлан, өзің тап» дегенге саятын кадр жоқ. Әуелде шығармада белгілі болғандай Қостанайдың қызы Өзбекстан аспай, қазақ жігітіне тұрмысқа шығады. Бұл да бір әдемі шешім. Ал сартап даланы төбесінен түрлі ракурспен түсіріп, қазақ даласының, егістік танаптары мен жүзімдіктерді, ауыл көрінісін тап берген режиссер мен оператор жұмысы да шығармашылық тандемнің мықтылығын айқындай түскендей.
Жамбылдықтар жылы қабылдаған фильм аяқталған соң «Асыл арна» телеарнасының бас продюсері Ерлан Әбдір, фильмнің режиссері Жандос Құсайынов, басты рөлдегі қыздың анасы Шолпан Елгезекова, қоюшы оператор Еркін Сәтенов жаңа туынды туралы ойларын ортаға салды.
Табиғат АБАИЛДАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді