Қыр төсіндегі қарбалас шақ
Ел-жұрт табиғат анаға тәуелді болып тұрғанда, қыр төсіндегі егіннің қаншалықты өнім берерін күн ілгері болжап білу мүмкін емес. Шу диқандарының да көктемде егіс танаптарына тұқым сепкен кезде, көкейлерінде егін бітік өспей қалар ма екен деген күдіктің болғаны анық. Олай дейтініміз, күз жауынды, қыс қарлы болғанымен, биылғы жаз өткен жылдарға қарағанда қолайсыздау болды. Ал жаздың бел ортасында күннің көзі қатты ысып кетті. Осыған байланысты қырдағы егінді аптап ыстық соғып, астық аласа күйінде бас жарып, масақтағы дәннің мөлшері азайып қалмас па екен деп те ойладық.
Осындайда, «Егін баққа емес, бапқа бітеді» деген қазақтың нақылы еріксіз еске түсіп, өзінің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдей түсетіндей. Неге десеңіз, «астық септім» деп, сапаға емес, санға бас қатыратын шаруалар аз өнім алып жатқанда, тірлігі тиянақты, әрі агротехникалық талаптарды сақтаған озық шаруашылықтар жылдың қолайсыз болғанына қарамастан тәуір өнімге қол жеткізуде. Міне, осылайша шулық шаруалар құралақан қалмай, өзіне қажетті астықты төкпей-шашпай жинап алуға зор қауқар танытуда. Аудандағы егіс алқаптарын аралау барысында бұған біздің көзіміз әбден жетті. Егілген бидайдың бірсыпырасын жинап үлгерген аудандағы шаруашылықтардың бірі – Жаңақоғам ауылдық округінде орналасқан «Кербұлақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Шаруашылық жетекшісі Төрехан Мұқатаевтың айтуына қарағанда, серіктестік биыл 150 гектар жерге жаздық арпа және 500 гектарға күздік бидай егіпті.
– Бүгінгі күні ақ егісті жинап алу үшін барлығы 15 адам дала төсінде тынымсыз еңбек етуде. Сондай-ақ 4 комбайн мен 2 камазымыз бар. Жұмысқа кіріскенімізге көп уақыт болмаса да, астықтың 60 пайызын жинап үлгердік. Сәтін салса, алдағы бір аптаның көлемінде жұмысты толығымен аяқтауды жоспарлап отырмыз. Өткен жылы да жалпы саны 650 гектар жерге егін еккенбіз. Шүкір, биылғы астықтың түсімі де жаман емес. Ал жиналған өнімнің жартысын өзімізге қалдырсақ, бір бөлігін аудан шаруаларына сатуды жоспарлап отырмыз, – дейді серіктестік директоры.
Байқағанымыздай, мұндағы шаруалар шілде айының басынан бастап ауданның барлық ауылдық округтерінде ақ егінді оруға бел буа, білек сыбана кірісіп кетіпті. Шулық шаруашылықтардың алдында тұрған ендігі меже жер ананың ырысын ысырапсыз жинап алу ғана болып тұр. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда егіс алқаптарында 84 комбайн мен астық тасымалдауға арналған 200 дана жүк көліктері тұрақты жұмыс істеп жатқан көрінеді. Сонымен бірге егістіктен жиналған өнімді сақтауға арналған қырмандардың да барлығы астық қабылдауға тастүйін дайын. Ал күздік бидайдың бүгінгі күнгі орташа өнімділігі әр гектарға 23 центнерді құраса, жаздық арпаның өнімділігі орта есеппен 18,8 центнер болып тұр. Науқан соңына дейін барлығы 31964 гектар жердегі астық ораққа түседі деп жоспарлануда. Оның 14680 гектары күздік бидай болса, 17284 гектары жаздық арпа екен. «Еңбек етпесең елге өкпелеме, егін екпесең жерге өкпелеме» дегендей, бүгінде Шу ауданында ақ егістің арқасында нәсібін тауып, дәулетін тасытып отырған шаруашылықтар аз емес. Қазір диқандар үшін ауа райы қолайлы болып тұр, жаңбыр жоқ, күн ашық. Келесі кезекте олар қырдағы бұйырған астықты ауа райының қолайлы шағын пайдаланып, жуық арада жинап алуды көздейді. Ол үшін жергілікті жерде барлық жағдай жасалған деуге толық негіз бар.
Ерғали ҚАРТАЙҒАН
Шу ауданы.
Суреттерді түсірен Петр Норкин.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді