Махаббат пен парасат
Астанадағы М.Горький атындағы мемлекеттік
академиялық орыс драма театры таразда өнер көрсетті
Бағаналы орда, басты орда – Астананың 20 жылдық мерейтойы ел көлемінде кеңінен тойланып жатқаны белгілі. Мерейтой аясында М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры Тараз төріне келіп, репертуарларынан бірнеше қойылымды өнерсүйер қауымның назарына ұсынды. Алдымен қонақтардың қатысуымен баспасөз мәслихаты өткізілді. Оған облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Зүбайра Сембина, академиялық орыс драма театрының директоры Еркін Қасенов, режиссерлер Людмила Крючкова, Бекболат Парманов қатысып, гастрольдік сапардың маңызы туралы айтып берді.
Астаналық өнер ұжымы алдымен Кен Людвигтің «Примадонны» атты комедиялық қойылымын сахналаса, келесі күні Алехандро Касонның «Дикарь. Третье слово» атты мелодрамасын қойды.
Өмір мен өлімнің мазмұнын түсінген Паблоның 24 жасқа келгенше сауат ашпауы оның айналасындағыларды да толғандыратын. Өркениет әлемінен тыс қалған жігіт анасын да көрмеген. Тау-тас кезіп, аңшылықта жүріп, жануарлардың ішкі әлеміне дендеп еніп кеткен Пабло үшін махаббат, романтика атаулы ұғымдар мүлде таныс емес. Жазу-сызуды, оқуды білмейтін, ұстаз атаулыдан аулақ жүретін оның жүрегін Марга ұстаздың жылы жымиысы мен білімділігі тәнті етті. Жүрегінде әлдебір сезімді оятты. Оқуға машықтандырды.
Өз әлемінде шынайы өмір сүріп жүрген Пабло үшін махаббат деген сөз мүлде таңсық. Әйел атаулыны жек көріп кеткен, анасын көрмеген кейіпкердің кейбір қылықтары түздің тағысын еске түсіреді. Кенет бойын сезім алауы шарпыған Пабло (Максим Ященко) өз әлемінен алыстай берді. Ол үшін өмірдің мәні – Марга мұғалім ғана. Бірақ ол махаббат деген сөзді, оның мәнін білмейді. Ол оны оқуға, жазуға, қол қоюға үйретті.
Паблоның мүлкін өзіне қол қойдыру арқылы қарақшылық жолмен иемденгісі келген Хэлионың (Сергей Маштанов) ойы іске аспады. Ішімдікке уланса да әріп таныған Паблоның қол қоюдан бас тартып, құнды құжаттарға қол қою үрдісі сол қолмен іске асатынын алға тартуы – нағыз ирония ма дерсің. Онысына мұғалімін кінәлағандағы кейпі тіпті шынайы. Мелодраманың бірінші бөлімінде юмор да баршылық. Марганы (Анастасия Воронцова) құшып, сүюдің орнына тістеп алған Паблоның әрекеті езуге еріксіз күлкі үйіреді.
Үзілістен кейін екінші бөлімді тамашалаған жұрт Хэлио, Ролдан бастаған зұлым ойлы адамдардың арманы іске аспағанына куә болысты. Анасының заттарымен табысып, күйзеліске түскен Паблоның жүзіндегі мұңды тек Марга ғана емдей алады. Дертті көңілдің емшісі – мұғалім. Ол тағы бір ащы шындыққа көзі жетіп, Марга мен Хэлио арасындағы байырғы байланысқа көзі жеткенде күйзеледі. Эмоцияға ерік берді. Паблоға әбден үйренісіп қалған Марга талып түскенде ғана ол ес жиды. Иә, ол тек қойылым финишіне жеткенде ғана махабаттың не екенін Марганың аузынан естіп, бойын билеген алапат сезімнің қадірін жете түсінді. Махаббат оны парасат жолына апарды. Маргамен жұп құрауына жол ашты.
Қойылым аяқталған соң жамбылдықтар театр ұжымына деген ыстық ықыласын ұзақ уақыт соғылған шапалақ арқылы білдірді. Қоюшы режиссер Бекболат Пармановтың еңбегі жұрт тарапынан лайықты бағасын алды. Бұл күні театрға жиналған көрермен актерлік ансамбльдің шынайы шеберлігіне дән риза болысты. Соңынан театр ұжымына облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің атынан ықылас гүлі табысталды.
Табиғат АБАИЛДАЕВ
Суретті түсірген Тимур Қажығалиев.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді