«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қаржы жеткілікті. Икемсіздік соны игеруде

Қаржы жеткілікті. Икемсіздік соны игеруде
ашық дереккөз
Қаржы жеткілікті. Икемсіздік соны игеруде

облыс бюджетіне жарты жылда 839,5 миллион теңге артық түскен, бірақ...

Кеше облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте облыс бюджетінің қаңтар-маусым айларындағы атқарылуы туралы мәселе қаралды. Ол бойынша облыс әкімдігі қаржы басқармасының басшысы Асқар Қырықбаев баяндама жасады. 

Есепті кезеңде облыс бюджетінің кірістер бойынша жоспары 102 миллиард 242,6 миллион теңгеге орындалуы керек болса, ол 103 миллиард 82,1 миллион теңгеге қамтамасыз етілген. Яғни, жоспар 100,8 пайызға орындалған.Облыс бюджетіне меншікті кірістердің түсімі бойынша жоспарда 16 миллиард 420,3 миллион теңге болса, оның орнына 17 миллиард 259,8 миллион теңге сомасында түсімдер түскен. Сайып келгенде бюджетке 839,5 миллион теңге артық түсіп отыр. Жалпы, кірістер бойынша жоспар жергілікті бюджеттердің барлығында орындалған. Бюджеттік қаражаттардың игерілу көрсеткіші өткен жылдың 1 шілдесімен салыстырғанда 6,1 пайызға артқан. Дегенмен, облыс бойынша бюджеттік қаражаттардың игерілуі жоспарда 104 миллиард 728,1 миллион теңге болса, есепті кезеңде ол 100 миллиард 994,1 теңгені құраған. Ал, 3 миллиард 734 миллион теңге сомасындағы бюджеттік қаражат игерілмей қалған. Баяндамашы өз сөзінде облыстық бюджеттен бөлінген қомақты қаражаттарды игермеген бірқатар бюджеттік бағдарламалар әкімшілерін атап көрсетті. Олардың қатарында облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бойынша 555,1 миллион теңге, кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық дамыту басқармасы бойынша 101,7 миллион теңге, энергетика және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық басқармасы бойынша 67,3 миллион теңге, денсаулық сақтау басқармасы бойынша 71,5 миллион теңге, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бойынша 56,8 миллион теңге игерілмеген. Даму бағдарламалары бойынша есепті кезеңге жоспарда 25 миллиард 114 миллион теңге болса, соның 22 миллиард 558 миллион теңгесі ғана игерілген. Игерілмеген қаржы 2 миллиард 556,1 миллион теңгені құрап отыр. Оның ішінде облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бойынша 537,5 миллион теңге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы бойынша 55,1 миллион теңге игерілмеген. Сонымен қатар мұндай жағдай Тараз қаласы мен Қордай, Шу, Талас, Сарысу, Т.Рысқұлов, Меркі аудандарында да қалыптасып отыр. Баяндама аяқталған соң облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков басқарма басшылары мен аудан әкімдерінен бөлінген қаржының не себепті игерілмегендігін түсіндіріп беруді талап етті. «264,7 миллион теңге не себептен құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына қайта бөлінді?» деген сұраққа облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов жауап берді. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде жүргізілетін инфрақұрылымдарға қажетті қаржыны, біз жылда құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бөлетінбіз. Аталмыш басқарма бізге қайта-қайта өтінім жіберіп, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарына бағытталған қаржыны салалық басқармаға бөліп беруді сұранды. Біз аталған қаражатты сол себептен бір басқармадан екіншісіне қайта бөліп бердік» деді ол. Бекболат Серікбекұлы қаражатты бөлуді алғашқы тоқсанда-ақ жүзеге асыру керектігін айта келе, оны энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұхтар Төлеулиевке тез арада игеруді тапсырды. Бекболат Орынбеков қаражат игерілмеуінің басты себептерінің бірі – мемлекеттік сатып алу конкурстары жеңімпаздарының анықталмауын атап көрсетіп, «Сонда бізде мердігерлер жетіспей ме, әлде оларды біздің жобалар қызықтырмай ма?» деген сұрақты қабырғасынан қойды. Бұған байланысты құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Әділет Ахатаев «Заңға енгізілген өзгерістерге байланысты көп мердігерлер құжаттарын дұрыс дайындамауда. Сол себептен қайтадан өткізуге тура келіп жатыр. Бүгінгі таңда жоспарланған нысандардың бәрінде мердігерлер анықталды» деп жауап берді. Бекболат Серікбекұлы бұдан өзге де бірқатар басқармалардың басшыларын тыңдады. Селекторлық режімде аудан әкімдерімен байланысқа шықты. Бюджет қаржысының игерілмеуіне байланысты сын естіген басқарма басшылары мен аудан әкімдері үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша олқылықтың орнын толтыруға уәде берді. Аппараттық кеңесті қорытындылаған облыс әкімінің бірінші орынбасары күн тәртібіндегі мәселе тұрақты бақылауда болатындығын ескертіп, тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар