Ауылға пошта қызметі керек

Ауылға пошта қызметі керек
ашық дереккөз
Ауылға пошта қызметі керек

Меркінің Қырғыз Республикасымен шекаралас жатқан Жауғаш батыр, Кеңес ауылы тұрғындарына «Ауылға пошта қызметі керек пе?» деп сауал қойғанымызда, бәрі де бірауыздан: «Неге керек емес, керек» десті. Кеңес ауылындағы әбден тозығы жетіп, ұсқыны қашқан пошта үйін көргенімізде, осыдан біраз жыл бұрын Елбасы сынға алған «Қазпошта» акционерлік қоғамының басшысы түсті есімізге.

Кеңес ауылындағы пошта бөлімшесінің меңгерушісі Гүлниса Салықбаеваны сағат күндізгі он екілер шамасы болып қалса да орнынан таба алмадық. Бірақ, мектептен үйлеріне қайтып бара жатқан бір топ мұғалім мен еден жуушылар біздің: «Хат-хабарды уақтылы алып тұрасыздар ма?», деген сауалымызға кідірмей: – Иә... Алайда, мұғалімдеріміздің біразы айлықтарын банкомат арқылы алатын болғандықтан, аудан орталығына шапқылайды, – деді шындықты жасырмай. Бізбен бірге көше аралап келе жатқан жергілікті әкімдіктің қаржы агенті Майкө Сүгірова: – Пошта тасушыларға аудандық пошта торабы әлі күнге дейін мардымсыз айлық төлейді. 7 мың теңге деген не тәйірі, – деді қынжылып. – Жаңа сіз: «Ауылға пошта қызметі керек пе, осы?» дедіңіз, әрине керек. Пошта тасушы болмаса, өздігімен жүріп барып, зейнетақысын ала алмайтын қарттарға немесе көп балалы үй шаруасындағы әйелдерге кім зейнетақысы мен жәрдемақысын апарып береді? Иә, мардымсыз жалақы пошта тасушыларды ынталандырмай отырғаны рас. Бәлкім содан болар, 21 үйлі Жауғаш батыр ауылына газет-журнал айына бір-ақ рет жеткізіледі екен. Өйткені, онда пошташы жоқ. Сондықтан да сол ауылдан Кеңес ауылына кім бұрын жолы түсіп келсе, сол хат-хабарды алып кететін көрінеді. Бәрін айт та бірін айт... Бірақ, неге аудан орталығындағы пошта тасушылардың жалақысы 30 мың теңге де, ауылдағылардыкі 7 мың теңге?

Біз аудандық пошта торабының газет сұрыптау бөлмесінде Меркі елді мекеніне хат таситын үш әйел кісіні жолықтырдық. Сұрастыра келе бір Меркі ауылының өзінде 8 учаске бар екенін білдік. Дәлірек айтқанда, сегіз учаскеге сегіз пошташы бекітілген екен. Әр пошта тасушы 12-15 көшені жаяу аралайды. Бұл айтқанға оңай, әйтпесе, қыстың көктайғағында аяғын мертіктіріп, жаздың аптап ыстығында басынан күн өткізіп, ауруханаға түскен қызметшілер де жоқ емес көрінеді. Татьяна Боровых пошта торабында он жылдан бері еңбек етіп келеді. Ал, зейнет жасындағы Любовь Сурова ше? Ұлғайған жасына қарамай он екі көшеге хат тасиды. Ол: – Көтеретініміз бір ауылдың жүгі. Бізге берген қытайлық сөмке, меніңше оны қоржын деген дұрыс шығар, иыққа асуға ыңғайсыз, көп жүк салсаң жыртылып кетеді. Әне, жатыр жарамсыз боп. Тағы бір айтайын дегенім... Біз істейтін сұрыптауды осы, зиянды дейді, олай болса бізге неге сүт бермейді? – дейді. Оның сөзін газет сұрыптаушы Маржан Мұсабекова бөліп кетті: – Иә, біз зиянды цехта жұмыс істейміз. Бірақ, бізге жылына бір-ақ мәрте 3-4 литр сүт береді. Болды. Ол не болады? Осы тұста менің ойыма Құланда бүкіл саналы ғұмырын пошта қызметіне арнаған Бейсекүл Мерханова түсе кетті. Ол кісі қазір ауруханада жатқан көрінеді. Дәрігерлер: «Сіз газеттің шаң-тозаңынан аллергия болғансыз, ұзақ емделуіңізге тура келеді» деген тұжырымдама жасапты. – Біздің айлығымыздың өзін осы сәуір айынан бері 30 мың теңгеге көтерді. Әйтпесе, бұған дейін екі мың, жеті мың теңгеге де жұмыс істедік қой, – дейді пошта тасушы Мырзақыз Жолтаева. – Біздің торапта 21 жыл бойы пошташы болып істеген Валентина Сагдиева деген кісі бар. Мен ғой алты жылдан бері пошташымын. Әр үйдің әртүрлі проблемасы бар – біреу итін босатып қояды, енді біреуінің мерзімді басылым тастайтын жәшігі жоқ. Ауыл әкімдері құлыпталатын пошта жәшіктерін әр жерге орнатуға уәде еткен. Бірақ, ол өзі құрғақ уәде болды да қалды. Біз аудандық пошта торабының жаңадан болған басшысы Шолпанбек Бегасыловқа да жолықтық. Алайда, ол өзінің бұл қызметке келгеніне небәрі екі-ақ аптаның жүзі болғанын айтып, бізді поштаның бұрынғы басшысы Қонысбек Райымбаевқа жіберді. Қазір ол – пошта басшысының орынбасары. Аудандағы 19 пошта бөлімшесі халыққа газет-журнал ғана жеткізіп қана қоймай, екінші деңгейдегі банк қызметін де қатар атқарады. Одан осыны білдік. – Бізде барлығы 45 пошта тасушы бар. Орташа айлықтары – 7000 теңге көлемінде, – дейді есепші Есболат Ізетқұлов. – Бұрын олардың барлығы да келісімшарт негізінде жұмыс істейтін, қазір штаттық кестеге енгізілді. Иә, 0,2 штаттық бірлікпен жұмыс істейтін пошташының бүгінгі күні осы. Дегенмен, торабқа бекітіліп берілген төрт көлік айтары жоқ, зулап тұр. Үшеуі ауылдарға хат-хабар жеткізіп тұрса, біреуі ақша тасиды. Аудан бойынша 78 мыңға тарта тұрғын бар десек, соған бір-ақ банкомат қызмет көрсетеді. Ал, пошта қызметінің нормасы яғни, өлшемі бойынша әр он мың адамға бір банкомат қызмет көрсетуі тиіс. Мәселен, Ойтал ауылдық аймағында он мыңнан аса халық тұрады. Оларға бір банкомат қоюға болады ғой. Айта кететін бір мәселе, соңғы үш жылдың көлемінде он елді мекенде он жаңа пошта үйі бой көтерді. Олар Жамбыл, Жеміс-жидек кеңшары, Тәтті, Интернациональный, Ақермен, Аспара, Шалдуар, Қостаған, Ақарал, Сарымолдаев ауылдарынан салынған. Пошта қызметшілері ғимараттарға көшіп алған, тіпті, оларға жаңа жиһаз, компьютер де берілген. Өкінішке қарай, осы он пошта ғимаратының біреуі де пошта торабының балансына яғни, есебіне алынбаған. Сонда деймін-ау, бұларды жөндеуге, жылытуға қаржыны басшылар қалай, қандай жолмен бөледі? Осынысы бізге күңгірттеу көрінді. Ал, «ауылға пошта қызметі керек пе?» деген сауалға келетін болсақ, бұл мәселені тұрғындардың күн тәртібінен алып тастауға болмайды. Сондықтан да билік басындағылар мұны халықпен кеңесіп шешеді-ау, деген ойдамыз.

Сейсен Қожеке, «Ақ жол».

Меркі ауданы.

Ұқсас жаңалықтар