Белгілі сыншы Төлеген Тоқбергенов: «Қазақ прозасындағы күй-құдірет» деп бағалаған қаламгер хақында
Ұлтымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов өмiрiнiң соңғы жылдарында елiмiздiң оңтүстiк өңiрiне жиi келiп тұрғаны белгiлi. Ол аймақты аралап, кәрiқұлақ қарттардан естiген небiр керемет сырлы аңыздар мен ескi әңгiмелердi қағазға түсiрiп, құлшына, қызыға еңбек еткен. Сол құнды қолжазбалары жазушының кейiнгi жылдардағы шығармаларында шеберлiкпен орын алып, көптеген татымды дүниелерiнiң өмiрге келуiне себепкер болғаны да аян. Сапарларында кейде талантын көзi тiрiсiнде мойындаған жазушы iнiсi, осы өлкенiң төл перзентi Тәкен Әлiмқұловты өзiмен бiрге ертiп, қазақ тарихының көмбесi саналған қарт Қаратаудың күнгейi мен терiскейiн шаршамай-шалдықпай шарлап, қазақ ұлтының қаймағы бұзылмаған аймақтағы күйшiлер мен сазгерлердiң, жыраулар мен әншiлердiң өнерiне, ел арасындағы табиғи талант иелерiне тамсана сүйсiнiп, жанына ләззат алады екен. Бұған ұлы қаламгердiң халық аузында қалған «Шаянға барып әншiмiн деме, Созаққа барып күйшiмiн деме» деген қанатты сөздерi дәлел болса керек. 1959 жылдың сәуiрiнде Мұхаң Тәкендi жанына серiк етiп оңтүстiк өңiрдi аралайды. Сол сапарында олар шертпе күйдiң шеберi атанған созақтық Сүгiр күйшiге арнайы атбасын бұрып, сәлем беруге барады. Күйшi белгiлi жазушылардың алдында шабыттанып, ерекше көңiлмен шешiле, нақышына келтiре домбырада толғай-толғай күй тартады. Мұхтар Әуезов күйшiнiң «Телқожа», «Бозiнгеннiң бүлкiлi» және де басқа күйлерiн зейiн қоя, ынта-ықыласпен тыңдап, олардың орындалу шеберлiгiне ерекше риза болып, әрқайсысының шығу тарихын егжей-тегжей сұрап, қағазына түртiп отырады. Ол масайрап «Созақтан бiр Тәттiмбеттi таптым» деп толқи сөйлеп, iшiндегi қуанышын жасыра алмай: – Пәлi, шiркiн-ай, нағыз күйшi деп осыны айт! О кезден-ақ киелi Қаратау өңiрi күйден кенде болмауы керек деп жүрген едiм. Мiне, мен iздеген өнер қайнарының көзi дәл осы жерден табылды. Керемет қой, мынау! Бұл, бiле-бiлгенге, бiр таңғажайып оқиға емес пе, Тәкен? Ежелгi заманда Құрманғазы мен Тәттiмбеттiң орындауында күйлерiн таспаға, күйтабаққа жазып алуға мүмкiншiлiк болмағаны белгiлi. Қазiр ондай жағдай мол ғой. Шiркiн, Сүкеңдi Алматыға алдырып, күйлерiн өз орындауында жаздырса, қандай керемет болар едi. Төгiлiп тұрған мұндай күйдi қайдан табасың?! Көктен iздегенiн жерден тапты деген осы! Тәкен, екеумiзге бұдан артық қазына жоқ. Менiң қолым тиiңкiремей кете ме, мына кереметтi тез жеткiз елге, тез жазғайсың! – дейдi Тәкен Әлiмқұловқа бұрылып. Сөйтiп Сүгiрдiң күйшiлiк өнерiне ұлы жазушы ерекше тәнтi болып, сүйсiнiп, оның қарттығына қарамай Алматыға өзi ертiп апарып, шертпе күйлерiн таспаға жазғысы келгенi туралы әңгiме ел аузында. Әттең, Мұхаңның ол арманы орындалмай қалды. Өмiр – шолақ.. Тағдырға амал бар ма? Оңтүстiк сапарларында ол кейде қасындағы Тәкен iнiсiне: – Тәкен-ау, мына өлке тұнып тұрған тарих, толық ашылмаған көмбе екен ғой, бiле-бiлгенге бұл бiр жұмбаққа толы, өнерi мол, сырлы да шежiрелi сахара екен. Жазыңдар, халыққа жеткiзiңдер мұны. Ертең кеш болып, ұмыт қалып, өкiнiп жүрмейiк… Жазыңдар! Көбiрек жазыңдар! – деп жанарлары от шаша сөйлеп, ұсыныс жасап, халық арасында сары майдың дәмдi тортасындай сақталған халық аузындағы шежiре-әңгiмелерге, өнерге таң-тамаша болады екен. Тәкен Мұхаңның сол жолғы ұсынысын қабыл алып, Созаққа келген сайын шертпе күйдiң шеберлерi Сүгiр Әлиев пен Төлеген Момбековке сәлем берiп, домбыра тартқызып, кейбiр тарихи жайларды, қызық оқиғаларды там-тұмдап суыртпақтап, ежiктей сұрап, базбiр детальдарды анықтап, күйшiлер өмiрiнен үзiк-үзiк әңгiмелер жазып, мезгiлдiк газет-журналдарға жариялап, кейiнiрек кiтаптарға арқау етті. Ол Қаратаудың терiскейi мен күнгейiндегi ауылдарда қона жатып, асықпай ел аузында сақталған шежiрелердi, аңыздарды, жырлар мен өлеңдердi жинап, оларды терең талдап-зерттеп, фольклорлық салт-дәстүрдi көңiлiне тоқып, өзiнiң шығармашылық еңбектерiне тиiмдi, жөнiн тауып, тiгiсiн жатқызып әдемi пайдаланды. Сондықтан да Тәкеннiң туындылары реалистiк өмiрге жақын болып, олар маржандай құнарлылығымен, ерекше нәрлiлiгiмен, аса сөлдiлiгiмен, тiл үйiрер тұшымдылығымен оқушысын сүйсiндiрiп, қызықтырды. Мұхаңның оңтүстiк сапарларында талай рет жолсерiк болған сол Тәкен (оның азан шақырып қойған аты – Тәңiрберген) Әлiмқұлов сол құдiреттi, киелi Қаратаудың терiскейi Созақ ауданының Бабата маңындағы Дегерез биiгiнiң күнбатыс бауырында, Сауранбай сайымен Үшбас өзенiнiң жалғасар тұсында 1918 жылы қарапайым отбасында дүниеге келiптi. Ол – Қаратаудың терiскейi мен күнгейiн мекен еткен Ұлы жүздегi Ақмолда (Сүлгетай) атаның Көзтаңбалы ұрпағы. Жастайынан әкеден жетiм қалған (әкесi Әлiмқұлды дұшпандары улап өлтiрдi деген сөз бар). Тәкен өмiрден көп қиыншылық көредi. Бұғана-буыны қатпай-ақ Бабатадан Көсегенің Көкжонындағы әпкесінің қолына келіп «Үшбас» колхозында (қазіргі Сарысу ауданының Түркістан ауылында) біраз уақыт есепші-табельші болып еңбек етіп, кейін Ащысай кенiшiне жұмысшы болып орналасып, тағдыр тауқыметiн ерте тартады. Ол қысқа мерзiмдi есепшi-бухгалтер курсын тәмамдап, бiрер жыл есепшi болып та қызмет атқарады. Одан кейiн Шымкенттегi қорғасын зауытында 1936-1941 жылдары еңбек еттi. 1941-1945 жылдары Донецк облысында (кейбiр мәлiметтер бойынша Ақтөбе облысында) жұмыс істеді. Соғыстың соңғы жылы елге оралып, сол кездегі Шымкент облыстық «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнде тiлшi, жауапты хатшы болып қызмет атқарды. Ол Тәкен үшiн журналистика мен әдебиетте шыңдалу жылдары болды. П.Павленконың «Бақыт» романы мен М.Лермонтовтың «Измайыл-бей» поэмасын қазақшаға аударғаны сол кез. Оның алғашқы әңгiмелерi 1945 жылдан бастап жариялана бастады. Салиқалы, ойлы мақалалары мен тартымды әдеби шығармалары баспасөздерде арагiдiк жарық көріп, көпшiлiктiң көңiлiне жол тауып жатты. Бiр-екi жыл республикалық «Лениншiл жас» газетiнде бөлiм меңгерушiсi болып, кейiнiрек арнайы жолдамамен Мәскеудегi М.Горький атындағы Әдебиет институтына оқуға түстi. Содан кейiнгi оның бүкiл саналы ғұмыры әдебиетке, шығармашылыққа арналды. Қаламы ұшталып, уақыт өте келе қарымды қаламгерге айналды. Ол жиырма жылға жуық (1956-1974 жж.) Мәскеу қаласындағы КСРО Жазушылар одағында қызмет етті. Оның алғашқы «Сапар» атты жыр жинағы 1950 жылы баспадан шықты. Содан кейiн уақыт оздырмай «Жазғы жаңбыр», «Боз жорға», «Қаратау өрнектерi» сияқты өлеңдер мен поэмалардан құралған кiтаптары бiрiнен соң бiрi жарық көрдi. Тәкеннiң поэзиялық шығармаларын жырсүйер қауым биiк бағалап, өте жылы қабылдады, жас қаламгердiң есiмi жиi-жиi баспасөзде айтылып, елдiң назарына iлiктi. Кейiнiрек Тәкен проза саласына көңiл аударып, көптеген әңгiмелер мен қызықты хикаяттардан тұратын «Сейтек сарыны» (1966), «Туған ауылда» (1968), «Күрең өзен» (1971), «Кертолғау» (1973), «Шежiрелi сахара» (1976), «Көкек айы» (1982) атты кiтаптар жазды. Олармен танысып, ерiнбей оқыған оқырмандары рухани байлыққа, орны бөлек қымбат қазынаға тап болғандай шаттанып, көңiлдерi қуанышқа кенелiп, өмiршең шығармалармен сусындап, саналарына сәуле құйды, жүректерi ойлы сезiмге бөлендi. Оның көп шығармаларына ауыл өмірі мен адамдары, өмiр ақиқаты арқау болған. Талантты қаламгер өз туындыларында қазыналы Қаратау мен сырлы Сарыарқа өңiрiнiң ел арасында мол ұшырасатын аңыз-әңгiмелерiн, халық арасындағы салт-дәстүрлердi, атадан-балаға мұра болып келе жатқан өнерiн терең зерттеп, ойына түйгенiн шебер пайдаланды. Өйткенi Тәкен өмiр бойы туған жерiнен – атамекенiнен қол үзбеген, зерек, көңiлi ояу, iзденімпаз жазушы. Ол Қаратау өңiрiнiң әсем табиғатын тамашалап, туған жерiн сүйiп, кербез көрiнiсiн жырлап өткен жүрегi нәзiк суреткер. Оның қаламынан шыққан «Ақбоз ат» (1962) романы құр қиялдан емес, өзiнiң балалық шағы өткен қарт Қаратаудың терiскейiнде болған нақты, деректi оқиғаға сүйенiп жазылған. Жазушының басқа дүниелерi де өмiрден алынған, айғақты, тұшымды, өмiршең туындылар. «Тұлпардың тағдыры» (1975), «Ел мен жер» (1978), «Замана екпiнi» (1982) романдары да ауыл өмiрi, қарапайым ел адамдары, уақыт толғанысы жайлы қызыға оқылатын шырайлы шығармалар. Бұл романдары жайлы, суреткердiң шеберлiгi туралы кезiнде республикалық басылымдарда белгiлi жазушылар мен сыншылар пiкiрлерiн бiлдiрiп, бағаларын берген. Оның ондаған әңгiме жинақтары мен романдары Мәскеу баспаларынан орыс тiлiнде басылып шықты. Батыс елдерiнде де жарық көрген дүниелерi баршылық. Ол орыс классиктерi М.Лермонтовтың, А.С.Пушкиннiң, В.Маяковскийдiң және шығыс жұлдызы Низамидiң поэмаларын, белгiлi шетел жазушыларының күрделi шығармаларын аударып, қазақша шебер сөйлеттi. Бұл – анау-мынау жай пендеге берiле беретiн дарын емес, тек талантты қаламгердiң бойынан табылатын қымбат қасиет. Сондықтан Тәкеннiң творчествосын замандастары жоғары бағалап, оның еңбекқорлығына, шеберлiгiне, бiлiмдарлығына тәнтi болды. Базбiреулер сезiне бермейтiн саз өнерiн аса шеберлiкпен жазу үшiн музыканы терең түсiнiп, оның сиқырлы, нәзiк ырғағын жүрекпен ұғыну керек. Музыканың құдiретi жайлы толғаныстарды жазушы Тәкен Әлiмқұловтың сырлы шығармаларынан («Сарыжайлау», «Кертолғау», «Қаралы қобыз» және т.б.) көп кездестiремiз. Мысалы, оның «Күйшi» атты шағын әңгiмесiнде домбырадан шыққан сиқырлы ырғақты «Тәри-тай-тай-тай, тәри-тәри-тай-тай» деп шертпе күйдi әсерлi суреттей отырып, «…шебер саусақтар сылқым домбыраның төсiнде еркiн ойнақшып, бiрде шанақтан, бiрде сағадан шалып, шымшып, толғап, ерсiлi-қарсылы шертiп, сансыз ызыңды қырық құбылтады» деп ерекше әсерлеп жазады. Ол жолдарды оқыған сәтте өзiң де дәл сол әуездi күй кернеген ортада отырғандай сезiнесiң, ерекше сезiмге бөленесiң. Егер кәсiби музыкант-сазгер ән мен күйдiң сазы мен сарынын нота арқылы жеткiзсе, Тәкен оларды қара сөзбен ғажайып шеберлiкпен баяндайды. Шiркiн, оның сөзiнiң нәрi қандай! Бұл әркiмге берiле бермейтiн жазушының ерекше сезiмталдығы, аңғарымпаздығы суреткердiң тылсым кереметтiлiгi, аса дарындылығы емес пе?! Оның туындыларын тамсана оқып, сөздiк қорына, зергерлiгiне таң боласың. Мысалы, оның белгiлi күйшi Тәттiмбеттiң творчествосына арналған «Сарыжайлау» әңгiмесiн алайық. «Шәлкем-шалыс дыбыстар дөңгелене, дiрiл қаға екпiндеп, таңсық әуен туғызды. Ең әсерлi тұсы: «тәри-тарайт-тай, тарайтталап!» төрт тағандап, текiрек қағып тұрып алды. Екi шек егiз лебiз қосты. Жуан дыбыстар мен жiңiшке дыбыстар жымдасып, дүрлiге құлдилағанда, көкей қажар кербез оралым пайда болды. Қанша тыңдасаң құлақ құрышың қанбайтын, қанша қауышсаң мауқың басылмайтын оралым едi. Шерлiге шаттық, шадыманға мұң бiлдiретiн назды да налалы тармақты пысықтағанда, күйшi: «Кейiнгiлер нәшiне келтiре алар ма екен?!» деп күдiктендi», деп аяқтайды суреткер өз туындысын. Осы бiр шағын үзiндiнiң өзiнде қаншама ғаламат зергер сөздер, кәусар теңеулер тiзбегi тоғысып жатыр! Тәкендi оқыған сайын бiр ғажайып сырлы әлемге енгендей тынысың ашыла түседi, бейне мөлдiр таза бұлақтан сусындағандай сезiнесiң, оның сөз саптау шеберлiгi мен зергерлiгiне, көсемдiгiне таңданып, қазақ прозасының нағыз классик суреткерi екенiн ерiксiз мойындайсың. Сыншы-жазушы Төлеген Тоқбергенов: «Тәкен қазақ прозасындағы күй-құдiрет қой. Тәкенге жай өлшем жүрмес. Тәкенмен танысуға талант керек. Тәкен тылсымы туралы ойлай бiлмесең, ұлтыңның ұлы мен қызымын деп санауға хақың жоқ. Бәрiбiр бола алмайсың, осыны мықтап түймекке керек», – деп тамсана жазады. Теңдесi жоқ құдiреттi теңеулермен, көркем сөздiң iнжу-маржандарымен шығармаларын көркемдеп, әсемдiктi әрлей бiлген жазушы Тәкен ағаға бұдан артық қандай баға керек?! Тәкенмен жақын араласқан таныстары, замандастары оның өтiрiк сөйлеп, көлгiрсiгенiн бiлмейтiн. Көзкөргендер суреткердiң көп сөйлемейтiнiн, керiсiнше аз сөйлеп, көп тыңдайтынын еске алады. Суреткердiң сырын бiлмейтiн адамдардың ортасында ашылып, суырылып сөйлеуден әсте бойын аулақ ұстайтын өзiне тән мiнезi болыпты. Тәкен – табиғатынан бойын саясаттан аулақ ұстаған талғамды қаламгер. Оның туған жерге, өз елiне деген махаббаты ерекше болғанын кәрiқұлақ қариялар мен дастарқандас, дәмдес болған азаматтар осы күнге дейiн жыр қылып айтып отырады. Оған Тәкеннiң елге – атамекенiне келген бiр сапарында тебiрене толқи тұрып созақтық iнiсi С.Еспенбеттегiне айтқан мына сөздерi дәлел бола алады. «Туған жерде алыста, жырақта жүрсем де, сонау Қаратаудың терiскей бетiндегi Бабата ауылындағы анамды жиi еске алып, сағыныш сезiмiм бойымды билеп, кейде жабырқаулы күй кешетiнмiн. Бұл сағыныш бесiкте жатқан сәби көзiмен – ақ ана сүтiмен бiрге бойыма енгенiн жүрегiммен сезiнетiнмiн. Қызмет бабымен өмiрiмнiң жиырма жылын Мәскеу қаласында өткiзген кезде, көп қабатты биiк үйдiң балконында тұрып, сонау шексiз көкжиекке көз тiгiп, көгiлдiр аспан төсiнде баяу жылжыған ақша бұлттар көшi ыстық сағыныш сезiмiмдi өздерiмен бiрге елге тез жеткiзуге асығыс алып кетiп бара жатқандай бiр күй кешетiнмiн» (С.Еспенбеттегi «Шежiрелi Қаратау», Алматы, «Қазығұрт», 2003, 196 бет). «Тәкен аға елге келген сайын үйге соғып, әкейге сәлем берiп, бiр-екi күн жатып, әңгiмелесiп, әкейдiң күрең қасқа жорғасын мiнiп, Көсегенiң көк жонын аралап кететiн. Жонда мал бағып отырған таныс ағайын-қариялардың үйiне қона жатып, туған жерiнiң сай-саласын, тау-қиясын аралап, мауқын басып, мұздай бұлақтарынан су iшiп, мейлiнше көңiлдi оралатын», – деп еске алады Тәкеңнiң елдегi iнiсi Сапарбек Сопбекұлы. Жамбыл облысының Сарысу ауданында көп жылдар кеңес-атқару органдарында басшылық қызметте болған, қазiр Тараз қаласында тұратын еңбек ардагерi Қуаныш Пәрiмбекұлымен жолыққанымда Тәкен Әлiмқұлов жайлы мынадай бiр әңгiме айтып берiп едi. – Бiрде, ұмытпасам, өткен жүзжылдықтың 70-жылдары, жаз айының ортасында, таңертең ерте тұрып Байқадам-Жаңатас жолынан бұрылып, көршi Созақ ауданына шекаралас Жайылма ауылына iссапармен бара жаттым. Ауыл сыртындағы қара жол бойында жалғыз жаяу кетiп барады екен. Жақындағанда байқадым, бұрындары бiрнеше рет жүздескен жазушы Тәкен ағамыз болып шықты. Машинаны тоқтатып, түсiп сәлем бердiм. «Тәке-ау, мұныңыз қалай? Ешкiмге ештеңе демей жаяулатып ерте қайда тартып барасыз?» – дедiм өз таңғалысымды бiлдiрiп. – Кеше кешке автобуспен Алматыдан Жаңатасқа келiп, сонда қонақ үйде қонып шықтым. Асығыстау едiм, жол-жөнекей кетiп бара жатқан машинаның бiрiне iлiгiп, Құмкенттегi ағайын-жұртқа жетiп алсам деп ерте жолға шықтым. – Есiмiңiз елге белгiлi мүйiзі қарағайдай жазушысыз, Тәкен аға. Неге аудан орталығындағы мекемелердiң бiрiне бас сұғып, машина сұрап алмадыңыз? – Шынымды айтсам, бiреуге салмақ салғанды жаным сүймейдi. Аяғым бар, аузым бар, кешке дейiн дiттеген жерiме әйтеуiр жетемiн ғой… Содан Тәкен ағаны қасыма отырғызып, Жайылма совхозының орталығындағы кеңсе алдына жеттiм де: – Тәке, жолыңыз болсын. Мына шофер жiгiт барам деген жерiңiзге жеткiзiп салады. Сау болыңыз! – дедім. – Рахмет, бауырым! Өркенiң өссiн. Машинаңнан «аударып» алғаныма кешiрiм сұраймын. – Жоқ, онда тұрған ештеңе жоқ. Сiздей асыл ағаларды ауылымызға әрең шақыртып аламыз. Әрдайым өзiңiзге қызмет етуге бiз дайынбыз. Жазушы ағамыз алғысын айтып Созақтағы туған елiне қарай асығып кете барды… Мiне, Тәкен Әлiмқұловтың бойындағы қарапайымдылық. Ел аралағанда, iссапармен келгенде пұлданбай кезiккен көлiкке мiнiп, кейде тiптi жалғыз-жаяу, бiр жанға салмақ салмай, жүретiн өзiне тән адами қасиетi, сүйегiне сiңген мiнезi бар екен. «Қарапайымдылық» дегеннен шығады, ойыма ертеректе естiген тағы бiр әңгiме түстi. …Тәкен Әлiмқұлов кезiнде халқымыздың данышпан ұлы Абай Құнанбайұлы жайлы «Жұмбақ жан» деген сүбелi, құнды зерттеу кiтабын жазғаны белгiлi. Соны оқып шыққан бiр жақын жазушы iнiсi: – Тәке-ау! Мына еңбегiңiз дап-дайын тұрған диссертация ғой. Кейбiреулер шамалы бiрдеңе жазса болды, диссертация қорғап, ғылым кандидаты немесе ғылым докторы болып кеудесiн керiп, қаздай қоқиланып, маңғазданып шыға келедi. Сiздiң олардан неңiз кем? – дейдi. Сонда Тәкен еш тежелместен: – Маған ғұмыры қысқа, дыз етпе, даңғаза атақтың түкке де қажетi жоқ. Менi болашақ ұрпақ өздерi iздеп табады. Мына «жаман» ағаңа бағаны да, атақты да беру – болашақ еншiсiнде. Менiң тағдырым – халықтың тағдыры. Мен өз шығармаларыма мәңгiлiк өмiр сүретiн ақиқатты арқау еткен жанмын, – деп жауап берiптi. Тарлан жазушы 1987 жылдың сәуiр айында, 69 жасқа қараған шағында ауыр науқастан Алматыда дүние салды. Өзiнiң өлер алдындағы аманаты бойынша ол мәңгiлiк тыныштықты Созақтағы кiндiк қаны тамған атамекенi Бабата ауылының жанындағы ата-баба зиратынан тапты. Бейiт басына жазушыны соңғы сапарға шығарып салуға жиналған шамалы топ iшiнде оның талантына бас иген көзiқарақты оқырмандар, сырлас та сыйлас үзеңгi қағысып қатар жүрген замандас-қаламдастары, ағайын-туыстары мен жақын достары болды. Солардың ортасында болған, қазiр өзiнiң әңгiме жазуда айрықша шеберлiгiмен, дарынды қабiлетiмен көрiнiп жүрген, қаламы жүйрiк оңтүстiктiк жазушы Мархабат Байғұт былай деп баяндайды: – 1987 жылдың сәуiр айында Тәкен Әлiмқұлұлының денесi Алматыдан Бабатаға әкелiндi. Өзiнiң өсиетi, ақтық аманаты бойынша сөз зергерi кiндiк қаны тамған Бабатаға жерлендi. Тап сол күнi Созақ ауданына Геннадий Колбин (сол жылдардағы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң бiрiншi хатшысы) келген едi. Кесапат Колбиннiң заһарлы-зымиян түрiндей болып, сәуiрдiң сол күнi төтеншелеу суытып тұрды. Облыстың да, ауданның да бетке ұстар билеп-төстеушiлерi Қазақстан басшысының айналасында алашапқын-тұғын. Классик жазушыны жерлеуге оның талантына табынушылар ғана, кейбiр қарапайым, қатардағы қызметкерлер ғана қатысты. Бiрақ осынау қарапайым жерлеу рәсiмiнiң өзi қалам иесiнiң «Қараой», «Көк қаршыға», «Қаратау» сынды шығармасындай мәңгiлiктiң күйiн шертiп, жалғандықты, жасандылықты жолатқысы келмегендей күйде өтiп жатты. Сәуiрдiң суық желi үдей түстi. Тәкен-тылсым тезiрек жападан жалғыз, жалпылдап жалқы күйiнде қалуға асыққандай көрiндi. Көп ұзамай-ақ Бабата әулие жатқан зираттың Қаратау қапталына таман, одан да ең шетте, ескi қорғанға шептес мүйiсте Тәкеннiң қоңырқай топырағы жер томпайтып қала бердi. Оның есiмi кейiнiрек Бабата елдi мекенiндегi орта мектепке және Шымкент қаласының бiр көшесiне берiлдi. Өкiнiшке қарай, олардан басқа қазақ прозасының зергерi атанған жазушы Тәкен Әлiмқұлов есiмiмен аталатын республикада еш мекеме, оқу орны, Алматы мен Астанада көше жоқ екен. Тiптi оның атымен жас талапкер жазушылар арасында байқау-конкурс республика немесе облыс деңгейiнде өткiзiлмейтiнi көңiлге қаяу түсiредi. Оның әр жылдары жазған нәрлi де шұрайлы, тамаша әдеби еңбектерiн, салиқалы сын-пiкiрлерiн жинақтап, басын бiрiктiрiп, көпшiлiк болып көп томдығын шығару да артық емес-ау деген пiкiрдемiз. Тәкен өзiнiң қаламгерлiк ғұмырында суреткерлiк шеберлiктi бәрiнен биiк қойды. Мансап, атақ, жасанды бедел, байлық, дүние қумады. Ешкімнің алдына басын иіп бармады. Саяқ жүріп, жұмбақ тіршілік етіп, ой тереңіне беріліп тұшымды шығармалар жазды. Сөйтіп қазақ әдебиетін жаңа биіктерге көтеріп, артына өшпес із қалдырды. Қоғамымыздың қажырлы қайраткерi, халық жазушысы Шерхан Мұртаза бiр сөзiнде «Уақыт iрi көздi елек – оның елегiнде ірілер ғана қалады» деген екен. Ендеше, жұлдызы нұрлы суреткер, атпал азамат Тәкен Әлiмқұлов есiмi қазақ барда ел есiнде сақталатынына еш күмән жоқ. Өйткенi Тәкен өмiрден, ұлттық әдебиеттен өз орнын тапқан саяқ, ерекше талантты жазушы, мәртебесi биiк шынайы дарабоз суреткер. Жылдар алыстаған сайын әлi талай сардар суреткердiң шырайлы да сырлы, iнжу-маржанмен тең, таудың тынысыңды ашар саф кәусар таңғы ауасындай тап-таза, мөлдiр шығармаларына сансыз оралып, оның тамаша табиғи талантына бас иетiнiмiз сөзсiз.
Сағындық ОРДАБЕКОВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді