«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Су жетпейін демейді, жар жеткізбейді

Су жетпейін демейді, жар жеткізбейді
ашық дереккөз
Су жетпейін демейді, жар жеткізбейді

Айыр қалпақты ағайындар уәдесін орындамай отыр

Су – тіршілік көзі, өмір нәрі. Қазір Қордай ауданында мыңдаған гектар егістік алқаптары су тапшылығынан алаңдатарлық күй кешіп отыр. Кейбір шаруалар кенезесі кепкен алқаптардағы солып бара жатқан дақылдардың енді өнім беретінінен үміттерін үзуде. Себебі алқаптардың су ішпегендеріне аптадан асқан. Ал, қырғыз жағы тиісті суды бермей, яғни, берген уәдесін орындамай отыр.

Маусым айының 25 жұлдызында Қордай ауылында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бас болып, Қазақстан Республикасы Су ресурстары жөніндегі комитетінің төрағасы Ислам Әбішевтің қатысуымен, Қырғыз Республикасы Шу облысының губернаторы Қанатбек Исаев пен Қырғызстанның су шаруашылығы және мелиорация жөніндегі департаментінің бас директоры Кокумбек Таштаналиев бастаған топтың кездесуі өтіп, екі жақ ортақ келісімге келген хаттамаға қол қойған. Бірақ сол хаттамада келісілген уәде әлі күнге орындалмай отыр, орындалатын да түрі жоқ. Мәселенің мәнісін білмек үшін тілдескенімізде Шу-Талас бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Ғалымбек Құралбаев былай деді: – Дәл бүгінгі таңда Қырғыз жағынан Георгиев магистралды каналы (ГМК) бойынша секундына 15 текше метр су беріліп отыр. Үлкен Шу каналының Меркі тармағына бір тамшы да су берілген жоқ. Қордайда жасалған хаттама бойынша біріншісіне – секундына 18-19 текше метрге дейін, екіншісіне – 1,5 текше метрге дейін су беруге келісілген. Жағдай жоғарыда айтқанымыздай. Шілденің 8-і күні ГМК-де су мөлшері секундына 10,8 текше метрге төмендеп кеткені рас. Соның өзі сусап тұрған дақылға кері әсерін тигізетіні сөзсіз. – Меркі жағындағы шаруалардың жағдайы қалай болып жатыр? – Меркі жағының мәселесін Аспара (1,5 м3), Меркі (0,3м3) өзендері арқылы шешіп отырмыз. Осы жерде Аспарадан алып отырған судың 0,6 текше метрін қырғыз ағайындардан алып отырмыз. – Су мәселесінің жалпы жағдайынан хабардар ете кетсеңіз? – Біз бұрын Шудан секундына 23 текше метр су алушы едік. Енді 18-19 текше метрдің өзіне қол жетпей отыр. Киров су қоймасынан Талас өзеніне алатынымыз секундына 56 текше метр еді. Қазір 41,6 текше метрдің өзіне қанағат етуге тура келеді. Жағдайды түсінуге болады, тауда мұздықтың еруі баяу. Оның үстіне мұздықтар биікке «өрмелеп» барады. Бұл болашақ су тапшылығының алғашқы белгісі. Сондықтан әр тамшы суды үнемдеу, бағалау керек.

Болат Жаппарұлы,  «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар