«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақ қаламгерлеріне керек пе?

Қазақ қаламгерлеріне керек пе?
ашық дереккөз
Қазақ қаламгерлеріне керек пе?

Кезінде қазақтың қайсар ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, марқұм Фариза Оңғарсынова: «Шетел әдебиетшілерімен араластығым жоқ. Егемендік алғаннан бері әдеби кездесулер дегенді өз басым естіген емеспін. Жазушылар одағының басшылары араласатын болса керек. «Әдеби агент болады, ақын-жазушыларға қызмет ететін» дегенді бірінші рет естіп отырмын. Егер ондай агенттер болса, тек бай жазушыларда болатын шығар, себебі ақша төлеу керек қой оларға. Бізде ондай жазушы, не ақын бар деп ойламаймын. Бұрын әдебиетшілер бюросы деген үкімет қаржыландыратын мекеме болатын, ол жазушылардың халықпен кездесуі үшін іссапарлар ұйымдастырып, қаражат төлейтін. Егер сол секілді мекеме болса бірсәрі, ал жеке жазушының агент ұстауы бізде мүмкін емес», – деп әдеби агент туралы өз ойымен бөліскен-ді. Әдебиет – ұлт рухының, руханиятының күзетшісі. Ғасырлардан бергі сабақтастықты үзбей келген ауыз әдебиеті болсын, жазба әдебиет болсын – әрқашан ұлт руханиятының ғибадатханасы болуымен құнды. Дегенмен ұлттық колоритке бай шығарма сол мемлекеттің аумағынан аспай қалса, оның да өз қасіреті бар. Мәселен, ықылым замандағы эпостық жырлар өзге тілдерге дер кезінде аударылғанда әлем назары қазақ еліне, оның баһадүрлеріне аумас па еді?! Ұлттық бояуды қалыпты сақтай отырып, әлемдік деңгейдегі туындыны жазу мүмкін болғанымен, көз майыңды тауысып дүниеге әкелген төл шығармаң бүгінгі нарықтық заманда әдеби агентсіз дақпырты алысқа бармайды. Чехов «Сыншылар – қолдарынан келсе кәдімгі ақын я болмаса жазушы, тарихшы болғысы келген адамдар. Олар о баста өздерінің талантын сол салаларда сынап көрмек болып, қолынан іс келмей, сәтсіздікке ұрынып, екіұшты күй кешкен соң сынмен шұғылданып кетті» дейді. Әлбетте, біз қаламгерлерді сынағалы, мінегелі отырғанымыз жоқ. Бірақ «Қазақ қаламгерлері әдеби агенттің пайдасын қашан көреді?» деген ой санамызды сарсаңға түсіргені рас.

Агент пен фанат арасы...

Ақиқатын айтайық, әдеби үрдістің бір парасына баланатын әдеби агент жұмысы, біздің елді былай қойғанда, көптеген Нобель сыйлығының иегері шыққан Ресейдің өзінде бірізділенбеген. Ақын-жазушылардың кештерін түрлі деңгейде өткізіп, шығармаларын шетел тілдеріне аудартып, одан пайда табатын, тұлғаның әлемдік деңгейде мойындалуына атсалысатын агенттерді елімізден тауып алам деу – бос әурешілік. Әдеби агент пен «книгомания» дертімен ауырған фанаттың арасы жер мен көктей. Әлбетте, әдебиет әлеміне жаны жақын, бизнеске қыры жоқ азаматтар қаламгер туындысының құндылығын бағамдамай келісімшартқа отырып, екі тарап шығынға ұшырап қалған кездер әлем әдебиетінде кездеседі. Дегенмен бұл жерде әдеби агентке алдымен автордың шығармасы нарықта қаншалықты сұранысқа ие бола алатынын сезіну маңызды. Ал біздегілер өзіне-өзі агент болмақ түгілі әдеби агенттің атқарар функциясын ұғына, түсіне алмай жүрген жоқ па әлі?

Танымал болсаң, тал қармамайсың...

Бұл сала дамыған мемлекеттерде белгілі жазушы я ақын өзінің қолжазбасын әдебиет агентіне ұсынбастан бұрын сайттар арқылы тапсырыс береді. Ал агент сол тапсырысты қарау барысында-ақ шығарманың қаншалықты әлем елдерінің назарын аударта алатынын түсініп, автормен әрі қарай жұмыс жасауға бола ма, болмай ма, соны бағамдайды. Автор мен әдеби агенттің көзқарасы бір арнаға тоғысып, келісімге келген жағдайда шартқа қол қояды. Бұл құжат арқылы кітап баспаға кетеді. Әлбетте, жазушы немесе ақын танымал, оның жинағы бұрындары әдеби агент арқылы жарыққа шығып, өзге мемлекеттердің тіліне аударылып, баспаға да, басқаға да қаржылай тиімділігін көрсеткен болса, оның кітабын басуға баспаханалар талас жүргізеді. Ал керісінше, ілгеріде есімі беймәлім қаламгердің жазғандарын әлемге таныту әдеби агентке қиын соғады. Өйткені ол әдеби кеңістікте танымал емес, бір сөзбен айтқанда, жас жазушының шығармалары нарықта қаншалықты бағалы өнім ретінде өтеуі молынан болады? Бұл да баспаның басын ауыртатын басты мәселе. Осы ретте шығарманың барлық жаққа тиімділігін дәлелдеп, белгілі бір дәрежеде тәуекелге баратындар да әдеби агенттер. Әлбетте, алғашқы кітап шыққаннан кейін автор қаламақыға қарық болады деу қисынға келмейді. Бастапқыда азын-аулақ табысқа кенеледі. Қалған қаражат баспа мен агенттің қалтасына түсері хақ. Дегенмен келесі кітаптары автордың беделін арттырып, бизнес тұрғысынан келгенде едәуір табыс әкелері сөзсіз.

Олар да қателесіп жатады...

Әсілінде кемшіліксіз адам болмайды. Тап сол секілді, әдеби агенттер де өз кезегінде мықты туындыға шекеден қарап, қолдау көрсетпей, тапсырысын қабыл алмай, кері қайтарып жіберіп жатады. Әрине, әркімнің көзқарасы әртүрлі. Көптеген агенттер әдеби әлемді дүр сілкіндірген қаламгерлермен қоян-қолтық жұмыс жасауды жөн көреді, қазіргілердің сөзімен айтқанда, «дабыра» жасаған шығарма авторларын маңайлағысы келіп, таяқ тастам жердегі жауһарды байқамай қалуы ықтимал. Кезінде Стивен Кингтің «Кэрри» атты романын отыздан астам баспа иелері «Болашағы жоқ, нашар туынды. Өз-өзін ақтай алмайды» деген кейіп танытып, жақтырмады. Кэтрин Стокеттің қолжазбаларын алпыстан астам әдеби агент жарамсыз санап, онымен бірлесіп, әріптестік негізде жұмыс істеуден ат-тонын ала қашты. Бір сөзбен айтқанда, маңайларына жуытқысы келмеді. Ал бұл қаламгерлер кейіннен еңбектерін өз күштерімен танытып, жоғары жетістіктерге жетті. Қыруар қаржыға да кенелді. Тіпті, соңғысы туралы сөз бола қалғанда, оның миллиард долларға дейінгі табысқа әдеби туындылары арқылы қол жеткізгені сөз болады. Бұл нені көрсетеді? Әдеби агенттердің де қателесетінін, сыншылардың жарамсыз деп тапқан туындыларын миллиондаған адамдар сүйіп оқитынын байқатып тұрған жоқ па?

Бізде кімде агент бар?

Уақыт өзгерді. Өркениет көшіне бет түзеген елдерде әдеби агент қызметінің кеңінен тарағанын, талай мықты қаламгерлердің сол агентінің белсенділігінің арқасында әдеби мәртебесі жоғары сыйлықтарға қол жеткізгенін білеміз. Тіпті, әдеби агенттердің мықты менеджерлік жұмысының арқасында Нобель сыйлығына қол жеткізгендер де болды ғой. Бүгінде қырғызстандық Рахима Абдуалиева Шыңғыс Айтматовтың әдеби мұраларын Ұлыбританияда насихаттап жүргені айқын. Әттең, адамзаттың Айтматовына Жаратқан тағы аз уақыт ғұмыр сыйлағанда Орталық Азия қаламгерінің қанжығасы майланар ма еді?.. Сол Рахима Абдуалиева бүгінде Дулат Исабековтің Лондондағы әдеби агенті қызметін атқарып жүр. Жылына жазушының бір пьесасы Лондон театрларының сахналарында қойылып, бір ағылшынша аударылған кітабының тұсаукесері өтеді. Оған шетел әдебиетінің элитасы келіп, өз ойларын айтады. Бүгінде қазақтан әлі күнге Нобель сыйлығының лауреаты шыққан жоқ деген сөзді жиі айтамыз. Нобель сыйлығын иелену үшін сол сыйлықтың бірнеше лауреаты сіздің шығармаларыңызды құптауы, әдеби мәнінің мықтылығын, мазмұндылығын қуаттауы керек. Рахима Абдуалиева осы бағытта жұмыс жасап жатқаны талас тудырмайды. Демек әдеби агентпен қазақ қаламгерлері тарапынан кім толыққанды жұмыс жасап жатыр деген сауал туындай қалса, бірден Дулат Исабековті айтатынымыз да сондықтан. Жалпы, қазақ қаламгерлері үшін шетелде, оның ішінде Еуропа елдеріне танымал әдеби агенттермен жұмыс жасаған ләзім болмақ. Дулат Исабековтен бөлек, әдеби агент қызметін пайдаланғандар қатарында белгілі жазушы, марқұм Рахымжан Отарбаев та болған. Нәтижесінде оның бірқатар шығармалары өзге тілдерге аударылып, оқырмандар тарапынан қызығушылық тудырды. Әсіресе қытайлық оқырмандар оның шығармаларын жылы қабылдады. «Әдеби агенттік дегеніміз – сол жазушыны таныстыратын бірден-бір негізгі фигура. Жазушы өзін-өзі таныта алмайды. Оның тіпті уақыты да жоқ. Жазушының өнімін таныту үшін оны ең алдымен баспаға апарасың. Жазушының шығармасы оқырманға танылуға лайықты деп баспаны сендіру керек. Елімізде тұңғыш әдеби агенттікті құрамын ба деп өзіме мақсат қойып, жұмысты бастағанмын. Осыған байланысты БАҚ беттерінде бірнеше рет мәселе де көтердім. Тіпті бірлесе жұмыс істеуге де дайын болғам. Бірақ мұны жүзеге асырғысы келіп отырған адамдарды көріп отырғам жоқ. Соған қарамастан, өз идеямнан бас тартпақ емеспін. Бұл бастап, тастап кете салатын дүние емес» – дегенді алға тартады әдебиеттің айналасында жүрген Бақтыгүл Маханбетова республикалық БАҚ-тарда өз ойын білдіріп. Ақиқатын айтқанда, бүгінгі қазақ әдебиетін әлем елдері кеңінен білуі, тануы үшін ең қажеті – сапалы аударма. Шын мәніндегі мықты шығармалар әлем тілдеріне аударылуы үшін әдеби агенттердің жұмысы жемісті болуы заңдылық. Алайда қазіргі таңда сол әдеби агентпен жұмыс жасауға қазақ қаламгерлерінің шамасы келмей тұр. Дегенмен қазақ қаламгерлерінің алдағы уақытта әдеби агент арқылы әлемге танылып, түрлі жиындарда шығармалары талқыланып, нарықтық экономикадан өз орнын табарына сенеміз. Уақыт – бәріне төреші. Біз де жақсылыққа сенеміз. Әлі-ақ қазақ жазушыларының шығармалары да әйгілі Габриэль Гарсия Маркестің туындылары тәрізді әлемнің жиырма бес тіліне аударылып, елу миллион таралыммен тарайтын болады… Күні ертең-ақ «Гарри Поттер» сияқты миллиондаған пайда әкелетін кітаптар дүниеге келеді. Тек ниет керек…

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Миллиондарға сатылған кітаптар: Гарриет Бичер Стоу. «Том ағайдың лашығы». * * * Джоан Роулинг. «Гарри Поттер». * * * Стендаль. «Қызыл мен қара». * * * Мигель де Сервантес. «Дон Кихот».

Ұқсас жаңалықтар