«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қолда бардың қадірі жоқ па?

Қолда бардың қадірі жоқ па?
ашық дереккөз
Қолда бардың қадірі жоқ па?

Біздің облыстың республикада мал шаруашылығы саласында алатын орны ерекше. Мәселен, Кеңес одағы тарқар кезде облыстың колхоз, совхоздарында жеке меншікті қоспағанда 9,1 мың түйе, 97,8 мың жылқы, 300 мың ірі қара, 3,631 мың қой, 137,2 мың шошқа бар болатын. Ал, қазір салыстырмалы түрде айтар болсақ, меншіктің алуан түрінде облыс бойынша 5,4 мың түйе, 93,0 мың жылқы, 300 мың сиыр, 2,326 мың қой,ешкі және 32,0 мың шошқа өсірілуде. Бұрынғы кезбен салыстырғанда мал басының қаншалықты кеміп кеткендігі айқын аңғарылып тұр.

Азайып кеткен мал басы бүгінде біртіндеп көбейіп келеді. Оған мемлекет тарапынан бөлінген ауқымды субсидиялар, несиелер зор септігін тигізуде. Үкіметтің араласуымен соңғы кездерде шетелдерден көптеген асыл тұқымды мал әкелінді. Облыстағы ауыл еңбеккерлері кезінде «тар жол, тайғақ кешу» қиыншылықтарын бастарынан өткізіп, қазір мал өсіруге маманданып алды. Енді бұдан әрі қарай мал басының тұрақты түрде көбейе беретіндігіне кәміл сенуге болады. Бірақ, мал өсірудің кейбір ерекшеліктеріне айрықша көңіл бөлу қажет. Атап айтқанда, бұрынғы кезде облыс көлемінде Талас, Сарысу, Мойынқұм аудандарында тек қаракөл қойын, ал, қалған аудандарда биязы жүнді меринос қойларын өсіретін едік. Тек Шу ауданының 3 шаруашылығында «кроссбрез» типтес жартылай биязы жүнді, етті қойлары өсірілетін. Мал түрінің бұлай бөлініп өсірілуі, кезінде зерттеліп, тәжірибеден өткен болатын. Одақ тараған соң, билік өз қолдарына тиген ауыл еңбеккерлері қаракөл қойлары мен меринос қойларды азайтып, тек қана қазақы будан мен «еділбай» тұқымы тектес қазақы қойларды өсіретін болды. Бұл – дұрыс емес. Енді жоғарыда айтылған қой тұқымының ерекшеліктеріне келсек, қаракөл қойы етті, денесі ірі, ауы райының кез-келген қатал құбылыстарына төзімді, өсімтал мал. Өзінің табиғи жаратылысы бойынша қаракөл қойдың 100 аналық басынан, 120-125 қозы алуға болады. Ал, қазақы қойдан осынша бас қозы ала алмайсың. Одан тысқары қаракөл елтірісі аса құнды шикізат болып есептеледі. Айтылғандарға орай жоғарыдағы 3 ауданда қаракөл қойын өсіруді қайтадан қолға алу керек. Ал, биязы жүнді меринос қойларына келер болсақ, олардың жүні аса бағалы шикізат. Ол жүннен Тараз қаласындағы «Фабрика ПОШ Тараз» ЖШС қазір арнайы жіп иіріп жатыр. Сондықтан ол жүндерді өзіміздің фабрикаға алдын ала келісімшартқа тұрып, қымбат бағаға өткізуге болады. Осы себепті меринос қойын аталмыш аудандарда мейлінше көбейткен абзал. Ал, Жуалы, Қордай аудандарында реті келсе «кроссберд» типтес қой мен «арқар-меринос» қойларын өсірген дұрыс болар еді. Ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру, дайындау, өңдеуде де келелі мәселелер бар. Бұрынғы кезде Тараз қаласындағы жүнді өңдеу фабрикасына еліміздегі Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Талдықорған, Жезқазған облыстары мен Өзбекстан, Қырғызстан Республикасынан жүн өткізілетін. Тек қана Жамбыл облысының шаруашылықтарынан жыл сайын 11-12 мың тонна шикізат түсетін. Ол кезде жүннің сапасына қарай бекітілген стандарты және соған байланысты бекітілген бағасы болатын. Орта есеппен алғанда әр қойдың жүніне қомақты ақша төленетін. Ол қаражат сол қойды келесі жылға қой қырқынына дейін жемшөп алып асырауға толық жететін еді. Қазіргі жағдай мүлдем басқаша. Қой жүні биязы, жартылай биязы, қылшық, жартылай қылшықты болып бірнеше түрге бөлінеді. Айтылған шикізаттың сапасына қарай олардан кездеме, жұқа және сырт киімдік қалың маталар, киіз және пима шығаруға болады. Бүгінде осындай өндірілген жүнді өткізетін жер болмай отыр. Тараз қаласындағы «Фабрика ПОШ Тараз» ЖШС тек қана өзің әкеліп берсең қабылдайды, ал, өзбетінше барып халықтан жинап алмайды. Онда алатын бағасы биязы қой жүнінің әрбір килограмы 250-300 теңгеден, ал, қылшық жүндікі 30 теңгеден болып отыр. Бұл қой баққандар үшін өте тиімсіз баға. Сонда да қойды лажсыз қырқуға тура келеді, болмаса қой қотыр болып кетеді. Ал, қой қырқатын қырықтықшылар қой басына 100 теңгеден алып жүр. Қырқылған жүнді ауылдық жерге барып, ешкім сатып алмайды. Қой иесі жүнді өзі алып келіп өткізуге жұмсалған шығын көлік шығынын да өтемейтін болған соң, оны өртеп жібереді. Сонда қалай, қой өсіру тиімсіз болғаны ма? Жоқ, тиімді, тек қана Үкімет тарапынан бұл мәселеге басқаша көзқарас керек. Енді бір өзекті мәселе – сүт өнімдерін дайындау. Мәселен, ауыл адамдары әлі күнге сүт, ірімшік, қаймақ сияқты мал өнімдерін қала көшелерін, көпқабатты үйлерді аралап сатып жүр. Әрине, олардың сапасын ешкім тексеріп жатқан жоқ. Ал дұрыс емес. Себебі, ол ауру малдан алынған болса, сүт арқылы адамға да жұғады. Ал – сарып ауруының жұқпалы таяқшалары өміршең келеді. Суда екі ай, сүтте қырық күн, ірімшікте 60 күн, мал жүндерінде 4 айға дейін сақталады. Сондықтан, бұл жабайы сауданы тоқтатып, халықтан сүт өнімдерін тек қана арнайы орындар арқылы ғана қабылдаған жөн болар еді.

Аманқұл Нысанбаев, еңбек ардагері, зейнеткер.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар