елордалықтар жамбылдықтардың өнерін жоғары бағалады Астананың 20 жылдық мерейтойы аясында елорда төрінде өткен облыстың мәдениет күндері мәресіне жетті. Елорда жұртшылығы жамбылдықтардың өнерін жоғары бағалап, қошеметтерін аяған жоқ. Есілдің бойындағы елдің ыстық ықыласы облыстық филармония ұжымының «Жаңарған Жамбылдан – асқақтаған Астанаға!» атты концерттік шарасында да аңғарылып тұрды. Бас дирижер Адай Жұмат, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Ерлан Бақтыгерей бастаған ұлт аспаптар оркестрі, Дастан Көреген басқаратын «Алатау» фольклорлық ансамблі, Қайрат Болысбек жетекшілік еткен «Ақкербез» би ансамблі бұл күні бар өнерлерін ортаға салды. Концерт шымылдығы дәулескер күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевтың «Шабыт» туындысымен түрілді. Белгілі өнер иесі Мұхтар Рахманқұлов дирижерлік еткен ұлт-аспаптар оркестрінің орындауындағы шығарма тыңдармандарға зор әсер сыйлады. Бахром Муминов, Әсем Абдуалиева, Дияс Әлібеков, Әсел Уашева бастаған әншілер «Нұрлы Астана» әнін оркестрдің сүйемелдеуімен шарықтата шырқады. Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқымын» Ерлан Бақтыгерейдің жетекшілігімен оркестр орындаса, «Жамбыл жастарының вальсін» «Кәусар» вокалдық ансамблі, Кенен Әзірбаевтың «Ойжайлау» әнін Оңал Азаматова шарықтата шырқады. Оркестрдің сүйемелдеуімен барлық шығармалар жүрекке жетті. Сондай-ақ Астанаға арналған әндерге де тыңдарман қауым ду қол шапалақ соқты. «Жамбылдықтардың мәдениет күндері әдемі әсер сыйлады. Облыстық қазақ және орыс драма театрларының қойылымдары жүректерге жетті. Әсіресе «Беу, қыздар-ай!» қойылымы көңілге қонды. Әулиеатаның ыстық сәлемін өз өнерлерімен жеткізген филармония әншілерінің концерті де жүректерді шымырлатты. Талантты әнші Әсел Уашева бастаған жас әншілердің орындау шеберлігі тәнті етті. Тарихпен тамырлас қаланың өткенінен сыр шерткен жәдігерлер, қолөнер шеберлерінің туындылары да асқан шеберлікпен жасалғаны айқын аңғарылып тұрды. Жамбыл жері таланттардан кенде емес екеніне осы жолы тағы бір мәрте көз жеткіздім», – дейді Астана қаласының тұрғыны, ақын Ажар Ерболған өз әсерімен бөлісіп. Еліміздің жүрегіне айналған Астана төріндегі облысымыздың мәдениет күндері толайым табыспен өткені – зор қуаныш. Жасай бер, Астана!
Табиғат Абаилдаев
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді