Баспаналы болу – көптің арманы десек, Елбасының сарабдал саясатының арқасында тәуелсіздік жылдары көптеген ел азаматтарымен бірге талай жамбылдықтардың да сол арманға қолы жетіп, мерейі тасыды. Жасыратыны жоқ, әлі де өңірімізде «Өз үйім – өлең төсегім» болса деп жүргендер аз емес. Облыс орталығы мен аудандарда пәтер кезегінде тұрған барлығы 21,0 мыңнан аса азамат бар десек, бүгінде олардың үміті сенімге айналып, үйлі болуға деген талпынысы арта түскені сөзсіз. Оған басты себеп – шілде айынан бастап «7-20-25» бағдарламасының жүзеге аса бастағаны. Қашанда әр қазақстандықтың жеке баспанаға ие болып, тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік туғызу – мемлекет алдындағы маңызды міндеттердің бірі болып келген. Бұл орайда тәуелсіздік жылдарында көптеген бағдарламалардың қабылданып, еліміздің түкпір-түкпірінде жаңа үйлердің бой көтергені белгілі. «Қолжетімді баспана – 2020», «Нұрлы жер» сынды түрлі ипотекалық бағдарламалар аясында бір ғана Тараз қаласында «Астана», «Бәйтерек», «Арай-2» сынды жаңа мөлтек аудандар бой көтерсе, қазіргі таңда 15-ықшам ауданының аумағы алып құрылыс алаңына айнала бастады. Әлбетте, мұның бәрі арайлы азаттығымыздың, еліміздің сындарлы саясатының жемісі. Қош, сонымен көптен күткен жағымды жаңалық сол – елімізде «7-20-25» бағдарламасы іс жүзінде жүзеге аса бастады. Президенттің бес әлеуметтік бастамасы аясындағы аталмыш бағдарламаға баспанасы жоқ азаматтар қатыса алады. Ресми кірісі бар әр жұмыс істейтін азамат 20 пайыздан аспайтын мөлшерде бастапқы жарна салу арқылы, 25 жылға дейінгі мерзімде ипотека рәсімдей алады. Жылдық үстеме 7 пайыздан аспайды. Аталмыш бағдарлама аясында жаңа үйлерге ғана ипотекалық несие рәсімдеу қарастырылған. Қазіргі таңда барлық дайындық жұмыстары аяқталып, екінші деңгейдегі банктермен келісімдер жасалған. Тіпті бағдарлама шеңберінде Алматы, Астана, Ақтау, Өскемен және Орал қалаларында бірінші заемдар беріліп те үлгерген. Көп ұзамай жамбылдықтар да бағдарламаның игілігін көре бастайды деп күтілуде. Ол үшін барлық тетіктер іске қосылған. Бұл туралы ҚР Ұлттық Банкінің Жамбыл филиалы директорының орынбасары Нұрлан Берікбосынов мәлімдеді. – Елбасының «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бастамасын іске асыру шеңберінде Қазақстан Ұлттық Банкі «7-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасын бекітіп, «Баспана» арнайы ұйымын құрды. Маусым айында ҚР Парламенті заңнамаға бағдарламаны тиімді іске асыруға қажетті түзетулерді қамтитын заң жобасын қабылдады. Бағдарлама басқа мемлекеттік ипотекалық бағдарламалардан едәуір ерекшеленеді. Халыққа 7 пайыз тарихи төмен мөлшерлеме бойынша, кредиттелетін тұрғын үй құнының 20 пайыз мөлшерінде бастапқы жарна, сондай-ақ 25 жылға дейін ипотекалық несие алудың теңдессіз шарттары ұсынылады. Бағдарлама бойынша ипотекалық қарыздар ұлттық валютада беріледі және оған тұрақты кірісі бар, меншік құқығында баспанасы жоқ азаматтар қатыса алады. «7-20-25» бағдарламасының тағы бір ерекшелігі онда нысаналы мемлекеттік қаржыландырудың жоқ екендігі болып табылады. Бағдарламаны қаржыландыру кредиттік ресурстардың тез қайтарылуын қамтамасыз ету үшін қор нарығында ұзақ мерзімді ресурстарды тарту есебінен жүзеге асырылатын болады, – дейді Н.Берікбосынов. Сондай-ақ Нұрлан Маханбетұлы бағдарлама қатысушысының кәсіпкерлік немесе еңбек қызметінен тұрақты расталған кірісі болуы тиістігін, қазіргі таңда «Баспана» арнайы компаниясы «Центркредит банкімен», «Халық банкімен», «Еуразия банкімен», «Цесна банкімен», «АТФ банкімен», «РБК банкімен» және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен» келісімге қол қойылғандығын жеткізді. «Сбербанк» және «Фортебанк» те аталмыш бағдарламаға қызығушылық танытып отыр. Алдағы уақытта техникалық жұмыстарды аяқтағаннан кейін «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы жөнінде бұл екі банкпен де келісімге қол қойылады деп күтілуде. Айта кету керек, қарапайым тұрғындар үшін жақында ғана www.baspana 72025.kz сайты іске қосылыпты. Бұл интернет парақшасынан қызығушылар түрлі мәліметке қаныға алады. Бағдарламаның тиімді шарттарымен үй алуға ниет білдірушілердің қарасы қалың десек өтірік емес. Солардың бірі – тараздық жас отбасы Ғалымжан мен Таңнұры. Олар бұл бағдарламаны естіген күннен бастап қабылдануын тағатсыздана тосқандарын айтады. – Біздің шаңырақ кұрғанымызға үш жылдан асты. Бір кішкентайымыз бар. Пәтер жалдап тұрамыз. Көптен бері жеке баспанамыз болса деп армандап жүр едік. Алуға қанша ниеттенгенімізбен, алғашқы 30 немесе 50 пайыздық жарнамыз болмады. Азын-аулақ жиған қаражатымыз оған жетпеген еді. Ал Елбасымыз наурыз айында «7-20-25» бағдарламасын ұсынғанда үмітіміз оянып, тезірек іске асуын күттік. Міне, соның сәті туды. Бұйыртса тиесілі банктердің бірінен үй алуға құжаттар дайындап жатырмыз. Бұл бағдарламаның талабы бізді қанағаттандырады, – дейді Ғалымжан Төлепбергенұлы. Иә, біз де көптеген қазақстандықтардың үйлі болуына мүмкіндік тудырып отырған жаңа бағдарламаның игілік бастауына айналар, қуаныш сыйлар өміршең жоба болуын тілейміз! Өйткені баспана – отбасы бақыты.
Жанғазы Ахмет
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді