Елі сүйген, елін сүйген Елбасының ғажайып еңбектері ақын, жазушы, суретші, сазгерлер шығармаларының да алтын арқауы болып өрілуде. Әсіресе, айтулы тұлғаның бейнесін кескіндеу асқан төзімділікті, үлкен суреткерлік пен біліктілікті талап ететін шаруа екені белгілі. Бұл іске жамбылдық қылқалам шеберлері қатарында мен де өзіндік үлесімді қосқанымды мақтаныш етемін. Былай қарасаң, мұндайға екінің бірі тәуекел ете де бермейді ғой. Өйткені, ол – жауапты да күрделі жұмыс. Қалай сүйкесең де ырқыңа көнетін қылқаламның мүмкіндігі молдау дегенімізбен, бұл іспен 3-4 ай бойы тапжылмай айналысуыма тура келді. Нәтижесінде, дүниеге тың туынды келді. Сондағы қуанышымды тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Шығармашылық жолындағы табыстың да, қуаныштың да жөні бөлек қой. Негізінен, бұған дейін Мемлекет басшысының тек кеудеге дейінгі ғана мүсіндік бейнелері кескінделіп келсе, айтулы тұлғаны бастан-аяқ, суретшілер тілімен айтсақ, «парадтық» жанр түрінде бейнелеуге ел өнершілері арасында алғашқылар қатарында тәуекел етіппін.
Бұл туынды ел ұстыны – Астанамызда құрылыс жұмыстары қызу жүргізіліп жатқан тұста, 2006 жылы ақ қағаз бетіне түсті. Биіктігі 2 метр 40 сантиметр, ені 1 метр 80 сантиметр көлемінде орындалды. Оның ерекшелігі де осынысында – ауқымдылығында. Алғаш облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрме залына қойылып көрсетілді. Былтыр еліміз бойынша бізде алғаш жүзеге асырылған «Уақыт бейнелері» атты инновациялық жоба аясында өткізілген көшпелі сурет көрмелерінде жергілікті қылқалам шеберлері туындылары қатарында қала, аудандар тұрғындарының назарына ұсындым. Жұртшылықтың Елбасы портреті жөнінде жылы лебіздерін білдіргендері де болды. Елден асқан сыншы жоқ қой. Елдің еңбегіме берген бағасы мені Астана мерекесіне орай жаңа шығармашылық ізденістерге жігерлендіре түсті.
Айдархан СИХАЕВ, Қазақстан Суретшілер одағы облыстық филиалының төрағасы.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді