Біз Ойтал ауылының төменгі жағындағы қырманға келдік. Ауданның бас маманы әрі бас агрономы Достай Сәрсембиев қырманда жатқан 150 тоннадай арпа мен елу тоннадай бидайды көріп: «еккен егініміз аз емес, аудан бойынша масақты дақыл 30 мың 240 гектар алқаптан жиналады. Орақты жаңа бастадық, қазір егінжайда 72 комбайн дән бастыруда. Осы «Жылыбұлақ-Меркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жеті дала кемесі бар десек, соның үшеуі су жаңа «Нива» комбайны» деді.
Қырман меңгерушісі Есбол Әкетаев қырманға түскен арпаның дәнін алақанына салып көрсетті, былтырғыдай емес, дән аш, аса тола қоймапты. Бидайдың дәні де осындай. Ол түсінікті ғой, ала жаздай жаңбыр жауған жоқ, тіпті, суармалы алқаптың өзін суаратын су тапшы. Дегенмен, «дәтке қуат» деп, комбайншылар сонау Тәтті ауылының тұсындағы «Ақтөбе» учаскесіндегі арпаны алдымен ора бастапты. Жылдағыдай білек сыбанып ораққа шыққан байырғы комбайншылар Сәулебек Тоқмолдаев, Шәбден Айылшиев және Серік Шормановтар тізеден сәл төмен келетін астықты ысырапқа жол бермей жинауда. Үшеуі де су жаңа «Нива» комбайнын жүйткітіп жүр. Әйткенмен, қораптарын дәнге толтыруға асыққан жүргізушілер Мүсіреп Бердіғұлов пен Али Гасановқа кезек жуық арада келер емес. Өйткені, түсім төмен, гектарынан небәрі 5-6 центнерден ғана айналуда. Сондықтан болар комбайндардың бункерлері де екі-үш айналымда әрең толады. Екі «Зил» мен екі «КамАЗ» автокөлігі бүгінгі астықты ұзақ күтетін сыңайлы.
Біз «Сыпатай батыр» серіктестігінің «Ойбаз» деген учаскесіне келгенімізде комбайндар небәрі 30 гектар алқаптың астығын бастырыпты. Мұнда да түсім мәз емес. Жыл сайын гектарынан 25-30, кейбір суармалы алқаптардан 55 центнерге дейін өнім беретін Елдос Шайхиевтің жігіттерінің биыл қарқыны пәс. Алайда, алда әлі 800 гектар арпа мен 1800 гектар бидай ору міндеті тұр. Дегенмен, өткен жылғы орақ чемпионы Асқар Тілеубердиевтің көңіл күйі жақсы. Ол: «Алла берем десе, үйіп-төгіп бере салады. Осының өзіне шүкіршілік етеміз де, қайтеміз. «Түсім аз екен» деп, астықты аңызға тастамаймыз ғой, барымен базар», – дейді көмекшісі Арнат Айжарықты арқасынан қағып. Біз егінжайдан қайтқанда күн екіндіге таянып қалған болатын. Меркілік дихандар ораққа енді шалғы түсірді. Әзірге аудан бойынша гектар қайтарымы 6,6 центнерден аспай тұр. Алайда, астықты төкпей-шашпай жинап алып, қамбаға құю дихандарды бір сәтке де тыныш отырғызбайтын сыңайлы. Ендеше, іске сәт!
Сейсен Қожеке,
«Ақ жол».
Меркі ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- Бүгін, 14:19
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді