Облыста 2020 жылға дейін 2805,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі
Тұрғындарды баспанамен қамту – «Нұр Отан» партиясының сайлауалды тұғырнамасында айқындалған басты міндеттің бірі. Сондықтан да болар бұл мәселе партия назарынан тыс қалған емес. Сейсенбіде «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен партия облыстық филиалы саяси кеңесінің бюро отырысында да баспана түйткілі күн тәртібіне шығарылды. Бюро отырысының жұмысына партия облыстық филиалы саяси кеңесі, бақылау-тексеру комиссиясының мүшелері, партиялық бақылау комиссиясының және жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңес, облыстық мәслихаттағы депутаттық фракцияның мүшелері, партия Тараз қалалық және аудандық филиалдарының төрағалары мен бірінші орынбасарлары, облыстық басқармалар басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Басқосуда партия мүшесі, облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» мемлекеттік бағдарламасының облыста іске асырылу барысы туралы есеп берді. – Бүгінгі «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси кеңесі бюросының күн тәртібіне еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуының басты өлшемдерінің бірі – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі қойылып отыр. Бұл Елбасы, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың партияның кезектен тыс ХV съезінің биік мінберінен берген мақсаты биік тапсырмалары мен партияның сайлауалды тұғырнамасын іске асыруға бағытталған маңызды шара. Өйткені, «Нұр Отан» партиясы бүгінде халықтың мұң-мұқтажына айрықша көңіл бөліп, оның оң шешім табуына барынша ықпал етіп отырған еліміздегі іргелі саяси ұйым. Өңірде бұл бағытта көптеген игілікті істер мен ауқымды шаралар атқарылып келеді, – деді Бекболат Серікбекұлы сөзінің басында. Облыста «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасына сәйкес, 2020 жылға дейін барлық қаржыландыру көздерінен 2805,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру жоспарланып, осы мақсатқа бюджет есебінен 78,4 миллиард теңге жоспарлануда. Бүгінгі таңда осы бағдарлама аясында тұрғын үй алуға облыс бойынша 11 571 адам кезекте тұр. Оның ішінде 8 379 адам Тараз қаласы бойынша тіркелген. Сонымен қатар, облысымызда жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер телімін алуға 83 432 адам кезекке жазылған. Оның басым көпшілігі тараздықтар – 58 355 адам. 2005 жылдан бері 24206 адамға жер учаскелері берілген. 2012-2013 жылдары пайдалануға тапсырылған тұрғын үйлердің динамикасына қарасақ, облыс құрылысшылары жоспарды толығымен орындап келеді. Биыл облыс әкімдігі және Өңірлік даму министрлігінің арасында жасалған Меморандумға сәйкес, 256,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға тапсыру жоспарланып, алты ай қорытындысы бойынша 109,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 5,1 пайызға артып отыр. Ал, республикалық бюджет есебінен жартыжылдықта 15,3 мың шаршы метр тапсырылып, жылдық көрсеткіш 63,2 пайызға жетіп отыр. Қазіргі таңда Қаратау қаласындағы 120 пәтерлі тұрғын үй сатып алынса, Тараз қаласында 5 қабатты 75 пәтерлі бір тұрғын үй пайдалануға берілді. Жас отбасылар үшін көзделген 10,0 мың шаршы метр тұрғын үйге – 1160,0 миллион теңге бөлінді. Есепті кезеңде игерілуі тиіс 570,0 миллион теңге толығымен игерілді. Үш 75 пәтерлі тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін екі тұрғын үй пайдалануға тапсырылады деп күтілуде. Бір тұрғын үй 2015 жылы берілмек. Ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында 65 пәтерлі бір тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы бір тұрғын үй пайдалануға тапсырылады және екі 65 пәтерлі тұрғын үй құрылысы осы жылы басталады. «ҚИК» акционерлік қоғамына «Бәйтерек» мөлтек ауданынан екі 5 қабатты 75 пәтерлі тұрғын үй құрылысына жер телімдері бөлінді. Барлық ішкі кварталдық инженерлік жүйелері қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Бір ай көлемінде құрылыс-монтаж жұмыстары басталады деп күтілуде. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбеков жоспарлар орындалғанымен, шешімін күткен мәселелер де жеткілікті екендігін жасырған жоқ. Бағдарламаны іске асыруға кері әсерін тигізетін үлкен мәселелердің бірі – тұрғын үйлерге, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге жобалардың аудан және Тараз қаласы әкімдіктері тарапынан мерзімінде дайындалмауы, ЖСҚ дайындауға қала және аудан бюджеттері есебінен қаржы қаралмауы. Осы себептер 2014 жылға бағдарламаға сәйкес қаралған қаржының республикалық бюджет есебінен толық бөлінбеуіне әкеліп соққан. Мұндай жағдай биыл да қайталануда. Яғни, 2015 жылға қаржысын игеруге жоспарланып отырған Тараз қаласындағы «Арай» тұрғын алқабына салынатын көп қабатты тұрғын үйлердің жобалық-сметалық құжаттамалары (4 тұрғын үй) дайын емес. Тұрғын үй салынуға бөлінген «Автобекет» аумағындағы 98 гектар, «Арай» алқабындағы 14 гектар және Сабалақов көшесіндегі 362 гектар жер телімдерінің мәселесі толық шешілмеген. Инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге жобалық-сметалық құжаттамалар дайындау жұмыстары кешігуде. Тағы бір проблема, ол – жобалық-сметалық құжаттамалардың сапасыз дайындалуында. Аталған мәселелер өз шешімін таппаса, түпкілікті нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Осы мәселе бойынша «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру» сараптама тобының жетекшісі Талғат Құлжабаев жарыссөзге шықты. Ол өз сөзінде бағдарламаны жүзеге асыру барысына жүргізілген тексерулер қорытындысында жекелеген азаматтар мен лауазым иелері тарапынан заңсыз әрекеттер орын алғанын атап өтті. Мәселен, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалының хаты бойынша, жедел шаралар қолданған қаржы полициясы қызметкерлері азаматтар Р.Радиұлы мен Р.Байдалиевтердің мемлекеттік бағдарламаны негізсіз пайдалану мақсатында банкке жалған құжаттар тапсыру фактісін әшкерелеп, тиісті амалдар жүргізуде. Сонымен қатар, ол сараптамалық топтың ұсынысымен «TALDAU» социологиялық және маркетингтік зерттеулер орталығының» үстіміздегі жылдың маусым айында Тараз қаласы, Шу, Талас және Сарысу аудандары тұрғындары арасында бағдарламаның орындалуын зерделеу мақсатында сауалнама жүргізгенін айта келе, оның қорытындысымен таныстырды. Сауалнамаға барлығы 460 респондент қатысып, «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» мемлекеттік бағдарламасы жайлы білесіз бе?» деген сұраққа, 56,2 пайызы «білеміз» деп жауап берген. Сондай-ақ, бағдарламаның орындалуын зерделеу барысында берілген үйлерге мүгедектердің кіріп-шығуына жағдай жасалмағаны туралы өтініштер түскен. Пәтер кезегінде тұрған мұқтаж азаматтар тарапынан жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға бірінші кезекте пәтер бөлу туралы заңнамалық өзгерістердің әлеуметтік теңсіздікке жол ашып отырғаны туралы наразылықтарын жеткізді. «Жергілікті атқарушы органдар тарапынан тұрғын үй алуға үміткерлердің тізімдерін, іріктеу критерийлерін, тұрғын үйлерді сату, бөлуге қатысты ақпараттарды интернет ресурстарда жариялаудың ашықтығы толық қамтамасыз етілмеген. Бұл тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары әлі де өз деңгейінде емес екендігін көрсетеді» деді өз сөзінде Т.Құлжабаев. Келесі кезекте сөз алған Сарысу және Қордай аудандарының әкімдері Қанатбек Мәдібек пен Қайрат Досаев аталмыш өңірлерде тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстарының жай-күйімен таныстырды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша тиісті шешім қабылданды. Бюро отырысында партия Шу аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Бақытжан Нұркеновтің ішкі партиялық тәртіпті нығайту, партия мүшелері арасында жемқорлыққа қарсы төзімсіздік қасиетті қалыптастыру бағытында атқарылған жұмыс туралы есебі тыңдалды. Сонымен қатар, партия облыстық филиалы жанындағы жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңестің ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығындағы жұмысы туралы кеңес төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Сембек Сейдәзімов әңгімеледі. Басқосуда партия облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының өткен алты айда атқарған қызметі туралы комиссия төрағасы, Меркі ауданының әкімі Бақтияр Көпбосынов баяндады. Бұдан бөлек жиында биылғы ІІІ тоқсанға арналған іс-шаралар жоспары мен партия облыстық филиалы саяси кеңесі бюросының жұмыс жоспары бекітілді. Облыстық филиал жанындағы жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңес пен партиялық бақылау комиссиясының құрамына өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, облыстық «Знамя труда» газетінің бас редакторы Бекет Момынқұл жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңестің құрамына қабылданса, облыстық мәслихаттың депутаты Асаубай Майлыбаев партиялық бақылау комиссиясының төрағасы болып бекітілді. Ал, комиссияның хатшысы қызметі партия мүшесі Ерғали Омаровқа жүктелді. Басқосу соңында партия облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев өңірдің дамуына қомақты үлес қосып жүрген азамат Әбдінұр Әсілбеков пен бокстан Қазақстан құрама командасының мүшесі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Олжас Сәттібаевқа жаңа үлгідегі партия билеттерін салтанатты жағдайда тапсырып, сый-құрмет көрсетті.
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ,
«Ақ жол».
Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- Бүгін, 14:19
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді