Құқықбұзушылық әрекеттер тыйылмай отыр
Еліміздің атқарушы билік жүйесінің әрқилы буындарында қызмет атқаратын мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігін арттыру мәселесі республикамыздың қолданыстағы заңнамасы және ел Үкіметі қабылдаған қаулылар мен нормативтік-құқықтық актілердің негізінде реттеліп отыратындығы белгілі. Алайда, құзырлы органдардың тарапынан жүргізілген тексерулердің барысы аумақтағы кейбір мемлекеттік мекемелердің қызметкерлерінің құқықбұзушылық әрекеттерден тыйылмай отырғандығын айғақтайды. Мысалы, облыстық прокуратураның облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы қызметіне қатысты жүргізген тексеруі кезінде мемлекеттік ветеринарлық ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыру үшін 2013 жылы 610 437 мың теңгеге сатып алынған жабдықтардың ветеринарлық пункттер мен сақтайтын қоймалардың жоқтығынан ветеринарлық дәрігерлердің үйлерінде қалай болса солай шашылып жатқандығы анықталған.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы басқармасында техникалық сипаттамасына мүлдем сәйкес келмейтін, құны жүздеген миллион теңге тұратын арнайы техниканың, автомашиналардың және авторлық лицензиясы жоқ шығу тегі белгісіз бағдарламалар орнатылған ұйымдастыру техникасының алынуына жол берілгені белгілі болған. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Оспан Бердияров төрағалық еткен, аталған басқарманың бөлім басшысы Жанар Өтепбергенова қатысқан комиссияның алынған заттарды бағалау актілерінде тауарлардың техникалық сипаттамасына сай келмейтіндігіне қатысты ешқандай да наразылық келтірілмеген. Апта аралығында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы – Тәртіптік кеңестің төрағасы Болат Исақовтың төрағалығымен өткен тәртіптік кеңестің отырысында облыстық прокуратураның осы іске байланысты жасаған ұсынысы қаралып, талқыланды. Кеңес облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Оспан Бердияров пен басқарманың бөлім басшысы Жанар Өтепбергенованы еліміздің «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Заңының талаптарын бұзып, сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқықбұзушылық жасағаны үшін атқаратын қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жазаға тарту жөнінде басқарма басшысына ұсыныс енгізу жайлы шешім қабылдады. Тәртіптік кеңестің отырысында сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқықбұзушылық жасағаны үшін облыс әкімдігі дене тәрбиесі және спорт басқармасының №28 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Мұрат Айғараевты, облыстық сот актілерін орындау бойынша департаменттің сот орындаушысы Күмісай Аханованы және облыс әкімдігінің жастар мәселелері бойынша басқармасының басшысы Еркебұлан Құралбаевты және Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының, Мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексінің талаптарын бұзған облыстық сот актілерін орындау бойынша департаменттің сот орындаушысы Нұрбол Тоғысбайды атқаратын қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту, ал, облыс әкімдігінің жастар мәселелері бойынша басқармасының бөлім басшысы Дилмурат Хамракуловты, бас мамандары Фархат Әбдрәлиев пен Әлібек Терлікбаевты қатаң сөгіс, облыс әкімдігі қаржы басқармасының шаруашылық бөлімінің басшысы Дархан Дәуренбековті атқаратын қызметінен босату түріндегі тәртіптік жазаға тарту туралы тиісті орындарға ұсыныс жасау жөнінде шешім қабылданды. Қолданылған шаралар жайында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстағы Тәртіптік кеңесіне заңда белгіленген мерзімде хабарлау міндеттелді.
Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді