Ауыл қайда, су қайда?

Ауыл қайда, су қайда?
ашық дереккөз
Ауыл қайда, су қайда?

Қаржыны желге ұшыру – қылмыс

Облыстық прокуратураның алқа мәжілісінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан «Ақбұлақ» бағдарламасының орындалу жайы қаралды. Облыс прокуроры Ернат Сыбанқұлов жүргізген мәжіліске облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, аудан, қала әкімдері мен орынбасарлары, бірқатар басқарма басшылары қатысты.

Мемлекеттік бағдарламаның орындалуы, осы мақсатқа бөлінген бюджет қаражатының жұмсалуы заңдылығына прокуратура қызметкерлері жүргізген тексеру жайлы Бекзат Сейілханов баяндап, кемшіліктерді атап көрсетті. Жалпы, аталған тексеру қорытындысында бағдарламаның негізгі мақсаттарының орындалмауы, бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану, қомақты қаржыға салынған сумен жабдықтау нысандарының тиісінше жұмыс істемеуі, есептегіш құралдармен жабдықтау бойынша ешқандай шаралардың атқарылмағандығы әшкереленген. Уәкілетті органдардың мәліметі бойынша, орталықтандырылған сумен қамтылу деңгейі 208 елді мекендегі 405,3 мың адамды немесе 55,5 пайыз тұрғынды құрайды. Бірақ, іс жүзінде 168 елді мекен ғана орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Ал, Т. Рысқұлов ауданындағы Юбилейное ауылындағы, Меркі ауданындағы Жамбыл, Тәтті ауылдарындағы үш нысанның жобалық-сметалық құжаттары тиісінше әзірленбегендіктен құрылысы аяқталмаса, Жуалы ауданындағы үш жобаның үшжылдық мерзімі өтіп кеткендіктен, іске асырылмапты. Жерасты су қорларын анықталған соң ғана, сәйкес құжаттардың жасалуы тиістігі саналы адамға айқын нәрсе. Бірақ, өңірде мұндай барлау, бағалау жұмыстары жүргізілмей-ақ, 14 жобалық-сметалық құжат жасала салыпты. Салғырттықтың барлығы әу бастан-ақ орын алған. Мәселен, құны 283 339 000 теңге Талас ауданы Ақкөл ауылындағы нысан 2012 жылы қабылдап алынғанымен, әлі күнге дейін тұрғындар таза судың игілігін көре алмай отыр. Себебі, сапасыз салынғандықтан нысан жұмыс істеп тұрған жоқ. Мұндай жайттар тек Таласта ғана емес, Жуалы, Байзақ, Шу аудандарында да анықталған. Бұдан бөлек, тексеру барысында сумен жабдықтайтын мемлекеттік нысандардың иесіз қалып, кейіннен оларды күтіп ұстауға қаражаты жоқ болса да ауылдық округ әкімдерінің теңгеріміне заңсыз берілгендіктері анықталған. Төрт ауданда бекітілмеген тариф бойынша тұрғындардан төлемақы жиналған. Облыстық прокуратура осындай заң бұзушылықтарды жою туралы 14 ұсыныс енгізіп, нәтижесінде 15 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты. Облыс прокуроры Ернат Сыбанқұлов Талас ауданы әкімінің орынбасары Серік Дадабаевтың аталған мәселеге байланысты берген жауабына көңілі толмайтындығын айтып, мемлекет қоржынынан бөлінген 283 миллионнан астам қаржыны жерге «көміп» тастағандықтарын сын тезіне алды. Облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Р. Байтелиев жіберілген кемшіліктердің орын алғандығын мойындап, соған байланысты жауаптарын алға тартты. Ол жауапқа қанағаттанбаған облыс прокурорының сын садағына Шу, Жамбыл, Байзақ аудандарының әкімдері де ілікті. Жиынды қорытындылаған Е. Сыбанқұлов елдің көрсеткішін ауызсудың сапасына қарап анықтауға болатындығын және мұндай мемлекеттік бағдарлама ешбір елде жоқ болғандықтан, жауапты тұлғаларға тұрғындардың игілігі үшін бюджеттен бөлініп отырған қаржыны мақсатты жұмсап, бағдарламаның сапалы орындалуына баса мән беру керектігін қадап айтты.

Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар