Елбасы және Астана. Бүгінде бұл тіркес бір-бірінен айырғысыз егіз ұғымға да айналды. Абай ақынның «ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» деп бейнелеп айтқанындай, Нұрекеңнің әрбір жаңашыл ісі, батыл бастамасы да сондай әдемі ән секілді. Тосын да тың шешімдерімен әрбір қазаққа ой салып, ересен еңбекке жігерлендірумен келеді. Халқын жарқын болашаққа бастап, біртұтас бірлігіне, бақуатты тірлігіне тұтқа бола алған, елі сүйген, елін сүйген Елбасын мақтаныш етеміз. Ойда жоқ жерде қоғамда қозғалыс, санада соны ой туындатып, Арқа төрінен Астанамыздың шаңырағын көтеріп, «болашақтың кемесін» жасап берді. Шынында да бұл бұрын-соңды ешкімнің де ойына келмеген шешім болды. Сол ақ қанатты арман кемесімен ұрпақтарымыз болашаққа батыл беттеп барады.
Астанада опера және балет театрының, басқа да мәдениет және өнер мекемелерінің заманауи үлгідегі ғимараттары бой көтерді. Астанада шетелдік айтулы әншілер гастрольдік сапармен жиі болады. Мұнда аймақтар өнершілерінің барып өнер көрсетуіне мүмкіндіктері бар. Мәдениет қызметкерлеріне деген құрмет те ерекше. Ел өнері мен мәдениетін көтеруде бұдан асар қандай жағдай болсын! Меніңше, туған елін ересен еңбегімен, ерік-жігерінің молдығымен, табанды мақсаткерлігімен, еңбекқорлығымен осыншама биікке көтерген айтулы тұлғаны қалай мақтасақ та, қандай құрмет көрсетсек те, әбден жарасады. Рас, ол кісі туралы поэзиялық, прозалық, драматургиялық, музыкалық шығармалар жазылды, әлі де жазыла бермек. Менің де осынау біртуар тұлғаның ел игілігі жолындағы айрықша еңбегін күй тілінде өрнектеу көптен бері көңілімде тербеумен жүрген арманым еді. Ақыры, көп толғаныс, ізденістен соң сол күй туды. «Нұрсұлтан» атты үш бөлімнен тұратын симфониялық күй-поэмамды Елбасы облысымызға бір келгенінде тыңдап, ризашылығын білдірді. Бұл дүнием елордамызда 2013 жылы есеп беру концертім өткенде, Астана ұлт-аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен алғаш орындалып, тыңдармандардың ыстық ықыласына ие болды. Еліме, сол елдің көреген басшысы Елбасымызға осылай бір күй-тарту жасадым. Әйтеуір, ниет қой біздікі. Ел аман, жұртымыз тыныш болса, ән де, күй де әуелеп, қанатын биіктерге қаға бермек.
Әбдімомын ЖЕЛДІБАЕВ, күйші, сазгер, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері.
Шу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді