Әлемді мойындатқан ару қала мерекесі Тараз төрінде де тойланды
- author «Ақ жол»
- 10 шілде, 2014
- 236
Сарыарқаның сайын даласында, ерке Есілдің жағалауында орналасқан ару қала, еліміздің бас қаласы Астана он алты жылдық мерейтойын атап өтті. Ата-бабаларымыздың сан ғасырлық арман-тілегін бір арнаға тоғыстырған арман қаланың туған күні облысымыздың барлық аймақтарында да бар сән-салтанатымен тойланды. Елбасымыз атап айтқандай, «Тарихымыздың темір қазығы», екі мың жылдық тарихы бар Тараз қаласы да мереке күні Астанаға өз сәлемін жолдаған болатын.
Салқын самалдың лебі ескен жексенбінің ғажайып кеші. Сәулеті сүйсіндірерлік, көркі көз тойдырарлық Тұңғыш Президент саябағына мерекелік думанды тамашалауға келгендердің қарасы қалың. Сахнаға көз тастаған халық салтанатты кештің басталуын тағатсыздана күтуде. Үлкен де, кіші де, жас та, кәрі де... Айналаға көз тастасаң, қаланың бар тұрғыны осында жүр ме деп қаласың. Бұл да бір жақсылықтың нышаны шығар.
Сағат тілі 21.00-ді соққанда, сахнаның шымылдығы түріліп, төрден мерекелік кештің жүргізушілері де көрінді. Олар Астанаға әдемі тілектерін жеткізе келе, еліміздің еңсесін биіктетіп жүрген жерлесіміздің келесі құттықтауын хабарлады. Осы сәтте, лэд-экраннан танымал боксшы, Ливерпуль қаласында өткен әлем чемпионатында жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы, жастар арасында өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері, ересектер арасында әуесқой бокстан Қазақстанның екі дүркін чемпионы, Азия чемпионатының жүлдегері, жақында Алматы қаласында өткен әскерилер арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы, жерлесіміз Олжас Сәттібаев шығып, Жамбыл жұртшылығын елорда мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ, Тараздағы №33 «Айсәуле» балабақшасының балғын бүлдіршіндері елордаға тақпақтарын арнап, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Ал, жаңа өмірге қадам басқан бірнеше жұп өмірлеріндегі ең маңызды оқиғаны Астана күнімен байланыстыруды жөн санапты. Осы күні отау құруға ниеттенген жастар ортаға шақыртылып, оларға Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров кәде сыйлықтарын табыстады. Мерейлі сәт жас жұбайлар вальсіне ұласты. Оны да халық қызықтап тамашалады. Ал, қала тұрғындары мен қонақтары елорда құрдастары тартулаған тәттінаннан дәм татты. Думанды кеште Астананың құрметіне ән де шырқалды, би де биленді. Тәуелсіздігіміздің тұғыры, елдігіміздің айбыны Астана – небәрі он алты жастағы балғын қала! Демек, қысқа ғана ғұмырында әлемді мойындатқан ғажайып елордамыздың бағындырар белесі мен алар асуы әлі алда!
Назгүл Әбушәріпқызы,
«Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Көрерменді балалық шағымен қауыштырған классика
- Бүгін, 14:32
Халық театрларының халі мүшкіл
- Бүгін, 13:40
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді