«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Төріңе шықты ақындар, Тілеген елдің бірлігін

Төріңе шықты ақындар, Тілеген елдің бірлігін
ашық дереккөз
Төріңе шықты ақындар, Тілеген елдің бірлігін
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="72934,72935,72936,72937,72938,72939,72940,72941"]

Облыс орталығында өткен бір жиында Шу ауданының әкімі Қайрат Досаев жыл аяғына дейін тоғыз жолдың торабы Шу өңірінде облыстық ақындар айтысын ұйымдастырамыз деген болатын. Іскер әкім уәдесінде тұрып, елордамыздың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында «Асқақтай бер, Астана!» атты облыстық ақындар айтысын өткізді. Қай кезде де ақиқатты жеткізген өнер иелерінің додасы аудан әкімдігі мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастамасымен ұйымдастырылды. Қазақ халқы үшін сөздің киесі әрдайым алғашқы орында тұрады. Ұлтымыз – қай заманда болмасын қара сөздің қадірін жете түсініп, сөзге тоқтаған халық. Ғасырлар тоғысынан сыр шертіп, дәуірлер үнін тыңдағымыз келсе де, ең әуелі сөзге жүгінеріміз хақ. Ат сүрінгенше ақыл табатын кемеңгер халқымыз бұл жолда мүлт кеткен жоқ.

Халық ауыз әдебиеті арқылы бүгінгі ұрпаққа мол мұра қалдырып, сөздің киесін отшырақ етуді үйретті. Меңзеп отырғанымыз – қазақтың айтыс өнері. Ұрпақтан-ұрпаққа ұмытылмай жеткен қасиеті ерек, құны биік төл өнеріміз күні бүгінге дейін өз кескінін жоғалтқан емес. Астынан тақ, басынан бақ кетпеген ақындар қауымы да халықпен бірге жасап, біте қайнасып келеді. Біз бұған киелі Шу жерінде салтанат құрған сөз зергерлерінің сайысында тағы бір мәрте куә болдық. Батыры мен ақынын ұлықтаған өңірдің тұрғындары таң атысымен аудандық Мәдениет үйіне қарай ағылды. Елорданың 20 жылдық мерейлі мерекесіне арналған облыстық ақындар айтысының шымылдығы аудан әкімі Қайрат Әскербекұлының сөзімен ашылды. – Ардақты айтыссүйер ағайын! Ең алдымен елдігіміз бен теңдігіміздің бедерлі белгісі болған Астана қаласының 20 жылдығымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Осындай дүбірлі мерекеге орай ауданымызда облысымыздың маңдайалды ақындарының басын қосып, аламан айтыс өткізіп отырмыз. Бұл еңселі елордамыздың мәртебесін биіктетіп, абыройын асқақтататын, ажарын жырға қосатын, озық ой мен сұлу сөз кестеленетін жыр додасы болатынына сенімдімін. Ширек ғасырға жуық уақытта Арқа төсінде ажарлы Астанамыз бой көтеріп, ел жүрегіне айналып отыр. Бұған астананы Ақмола облысына көшіруге бастамашы болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен нар тәуекел деген халықтың ықыласы мен ыждаһаты зор себеп болды. Сүйінбай, Құлмамбет, Жамбыл мен Кенен секілді жыр алыптарынан үзілмей жеткен құндылығымыз тәуелсіз Қазақстанмен қайта түлеп, үлкен қолдау мен қошеметтерге ие болды. От ауызды, орақ тілді ақындардың ірі шоғыры Жамбыл облысынан шыққаны өздеріңізге белгілі. Яғни өзіндік орны бар, келешегі бар мектеп қалыптасқан десек, қателеспейміз. Еліміздегі мерейтойлық шаралар, ұлы тұлғаларды ұлықтаулар айтыс өнерінсіз өткен емес. Енді, міне, облыстық айтысымыз да бас қаланың 20 жылдығына арналып отыр. Ата-бабамыздың асыл мұрасы болған айтыс өнері ұзақ жасап, тақырыпқа арқау болған Астанамыз асқақтай берсін! – деді аудан басшысы. Айта кету керек, аудандық Мәдениет үйі көрермендерге толы болды. Біз бұны төл өнерімізге деген үлкен баға, биік құрмет деп түсіндік. Қазақ қашаннан елдің көкейіндегісін тамыршыдай тап басып, күрмеуі қиын мәселелерді қалың жұртшылық алдында өлеңмен өре білетін ақындар қауымына әрдайым құрметпен қарайды. Себебі айтпаса да белгілі. Қара сөздің көркін әсем бейнемен кестелеп қана қоймай, өткір тіркестермен түйреп алатын айтыс ақындары тұтас бір халықтың ойындағысын дәл тауып, жырға қосты емес пе?! Сондықтан да Қазақ хандығының алғашқы туы тігілген Шу өлкесінде бүгінгі Астананың айтулы күнін тойлау айтыс өнерімен жалғасқаны көңілге қонымды екені сөзсіз. Тоғыз жолдың торабындағы Шу шаһарына жиналған айтыскерлердің шешендігі мен тапқырлығын саралау үшін өңіріміздің зиялы қауым өкілдері арнайы келді. Жамбыл атындағы «Руханият» орталығының меңгерушісі, ақын Ахметжан Өзбеков, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, күйші-сазгер, Қазақ Ұлттық өнер академиясының профессоры, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Әбдімомын Желдібаев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қайырбек Асанов, облыстық «Araı» жастар газетінің бас редакторы, журналист Дәулет Төленді және «Ұлттық журналистік зерттеу орталығы» қоғамдық қорының президенті Дәрмен Смайыл айтыскерлердің өнеріне қазылық етіп, кіл жүйріктің ішінен шын жүйрікті тануға, сондай-ақ айтыстың әділ өтуіне атсалысты. Айтыстың жүргізушісі Сәнтөре Пірман көрермендерді айтыскерлермен таныстырып, барлық он екі жұп жеребе тарту арқылы анықталғанын айтты. Сахна төріне алғашқы жұп Меркі ауданының ақыны Мұқағали Балтабай мен шулық Әділет Медетқұл шықты. Жалындаған жас ақындар айтысы жиылған жұртшылықты ә дегеннен өздерінің ұтқыр сөздерімен тамсантты. Қос жүйрік Астананың туған күнімен құттықтап, Шуда туған батырларды жырға қосты. Жас та болса ат сүрінгенше ой табатын, қынаптан қылыш шыққанша өлең шығарып үлгеретін жамбылдық ақындардың суырыпсалмалық қабілетінің жоғары деңгейде екеніне залда отырған жұртшылық куә болды. Алғашқы жұпты жарты сағат бойы қыбыр етпестен тыңдаған көрермен қауым екінші жұп – шулық Бақытбек Жұмабеков пен Тұрар Рысқұлов ауданынан келген Асхат Қылышбектің өнерін тамашалады. Көрерменнің делебесін қоздырған қос саңлақ ойларын аса бір дәлдікпен, тапқырлықпен жеткізе білді. Өз кезегінде жергілікті Бақытбек ақын тақырыптан ауытқымай, Астана туралы толғап, бас қаланың мерейін тасытты. Ақын Бақытбек: Бұл күнде Астананың бағы асып тұр, Көрген жан көзін сүзіп адасып тұр. Асырып Алашымның бар айбынын, Бәйтерек аспан-көкпен таласып тұр. Қаланың ортасынан орын алған Қасқайып «Хан шатыры» жарасып тұр. Әлемдегі алпауыт мемлекеттер, Мына менің еліммен санасып тұр, – десе, оған қарымта ретінде Асхат Қылышбек: Елорданың тойын, міне, тойлаудамыз, Ажары күннен-күнге абаттанған. Ол тойды Шу тойламай, кім тойлайды?! Хандықтың қазығын мұнда қадапты Аллам,– деп қарсыласының сөзін жалғай түсті. Мұнан соң, қордайлық Күміскүл Сәрсенбаева мен Байзақ ауданының ақыны Әсет Дүйсебаев айтысты. Ана мен бала бейнесінде айтысқан қос жүйрік әдемі әзіл-қалжыңмен бірін-бірі қағытып, жұртшылықты ду күлдіріп те алды. Жақында ғана шаңырақ көтерген Әсет қарсыласының беташарына келмегенін айтып, өкпесін жеткізсе, Күміскүл Сәрсенбаева «беташар деген салт-дәстүр, қоя тұршы оныңды, әкең екеуміз жасаймыз, сендердің үлкен тойыңды» деп, тілектестігін алға тартып, алдағы күнде той жасап беретіндігін жеткізді. Одан кейін халық алдына шыққан Жамбыл ауданының ақыны Нұрлыбек Құрманов пен Жуалының жүйрігі Қанат Мырзахан да әдемі әзілдесіп, бір-бірін қалжыңмен тұқыртып қана қоймай, елдің әлеуметтік мәселелеріне де тоқталды. Қанат ақын: «Астанада жайқалған Бәйтеректің, тамыры Шу жерінде жатқан жоқ па?» – деп, Қазақ хандығының қазығы Шуда қағылғанын айтып, киелі топырақты құрмет тұтатынын тілге тиек етті. Ақынның өлеңмен өрілген сөздері көптің көкейінен шықса керек, шапалақ үні ұзаққа созылды. Жиырма төрт айтыскер тартысқа түскен дода осындай көңілмен жалғаса берді. Байзақтан келген жас ақын Рай Дөңбай мен шулық Нұрлан Жұмабаев Мәдениет үйіне жиналған дүйім жұртқа Шудан шыққан зиялы қауым өкілдері мен батырларын, өнер адамдарын өлеңмен өре келе, «Талай-талай қырандар қанат қаққан, Шу жері де қазақтың бас қаласы» деп әуелетті. Ал таластық Нұржан Манатбек пен болашағынан зор үміт күттіретін шулық Айым Көшербай жігіт пен қыз айтысының өзгеше үлгісін танытты деуге болады. Одан кейінгі тараздық арқалы ақын Есет Досалы мен сарысулық Алик Бекмұсаевтың айтысы да жиылған жұртшылыққа ерекше әсер етті. Астананың 20 жылдығын тойлауды аламан айтыс өткізуден бастағаны үшін аудан әкімі Қайрат Досаевқа алғысын айтқан ақындар тапқыр тіркестерімен көрермендерді күлдіріп те отырды. Мұнан соң Байзақтың ақыны Дархан Әбдіманатұлы мен тараздық Дидар Аббасов және меркілік Мейіржан Жекебаев пен Жамбыл ауданынан келген Бақнұр Ерманның сөз тартыстары да тартымды шықты. Сахна төріне оныншы болып көтерілген Жамбыл ауданынан келген белгілі айтыскер Айтмұханбет Исақов пен Байзақ ауданының жүйрігі Алтынкүл Қасымбекова бірін-бірі зілсіз қалжыңмен қағытып, көрерменнің де, қазылар алқасының да оң бағасын алды. Жамбыл ауданының атынан шыққан Шапағат Сәбитқызы мен Байзақтың ақыны Дидар Басығараев және тараздық Медеу Мырзатай мен Байзақ ауданынан келген Ернұр Бейсенов те өз деңгейінде өнер көрсеткенін көрдік. Алғашқы кезеңде өнер көрсеткен айтыскерлердің әділ бағасын берген қазылар алқасы келесі кезеңге, яғни мәрелік айтысқа төрт жұпты іріктеп алды. Олардың қатарында Айтмұханбет Исақов, Нұрлан Жұмабеков, Қанат Мырзахан, Айым Көшербай, Асхат Қылышбек, Алтынкүл Қасымбекова, Рай Дөңбай және Нұрлыбек Құрманов бар. Осылайша, екінші кезеңде үзеңгі қағысқан сегіз ақын озық ой мен тартымды тұжырымды кестелі тілдерімен көпшілікке жеткізуге тырысып бақты. Тиісінше, бас қаланың әсемдігі мен Шудан шыққан мықтыларды әр ақын өлең шумақтарымен шымыр өре білді. Қазылар алқасы ақылдаса келе, екінші кезеңде өнер көрсеткен сегіз ақынның ішінен Айтмұханбет Исақов пен Асхат Қылышбекті үздік деп танып, екі ақынды бас бәйгенің жүлдесі үшін айтыстырды. Қазылардың талабы бойынша қос жүйрік қайымдаса айтысу керек болатын. Тарының қауызындай төрт жолға толғамды ойды сыйдырудың оңай емес екені белгілі ғой. Алайда ақынның ақындығы көрінер сәтте екеуі де бұл сыннан сүрінген жоқ. Айтмұханбет ақын осы айтыстағы уытты ойын ұтымды әзілдермен әрлендіріп, сыпайы сөзбен көпшіліктің көңілінен шыға білді. Ал өз кезегінде дарынды ақын Асхат Қылышбек өнердегі ағасына ізет көрсетіп, жолын берді. Осылайша, ойы орамды, сөзі семсер кіл мықтылардың ішінен Жамбыл ауданының ақыны Айтмұханбет Исақов оза шауып, бас бәйгені – 500 мың теңгенің сертификатын қанжығасына байлап қайтты. Бірінші орынды еншілеген Т.Рысқұлов ауданының үкілеген үміті Асхат Қылышбек 300 мың теңге қаржылай сыйлыққа қол жеткізді. Сонымен қатар, әділқазы алқасының мүшелері өзара ақылдаса келе, екінші кезеңде өнер көрсеткен ақындардың ұпай санын есептеп, жуалылық Қанат Мырзахан мен Шу ауданының тумасы Нұрлан Жұмабековті екінші орынға лайық деп таныды. Қос ақынға ұйымдастырушылар 200 мың теңгеден бәйге берсе, жүлделі үштікті Жамбыл ауданынан Нұрлыбек Құрманов пен Байзақтан келген Алтынкүл Қасымбекова 100 мың теңге сыйлықпен қорытындылады. Сондай-ақ облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев арнайы жүлде тағайындап, тараздық ақын Есет Досалыға, сарысулық Алик Бекмұсаевқа және Байзақ ауданының ақыны Әсет Дүйсебаевқа қаржылай сыйлық табыс етті. Айтысқа қатысқан ақындардың арасында Байзақ ауданынан келген Рай Дөңбай және шулық қос ақын Бақытбек Жұмабеков және Айым Көшербай 50 мың теңгеден ынталандыру сыйлығына ие болды. Міне, осылайша тоғыз жолдың торабындағы Шу жерінде от ауызды, орақ тілді айтыскерлер жоғары деңгейде өнер көрсетті. Осындай айтысты көрген аудан тұрғындары кешегі Сүйінбай мен Жамбылдардың өнерін жалғап, айтыстың өрісін ұзартып қана қоймай, оның өміршең болуына өңіріміздегі әр ақынның атсалысатынына шүбә келтірмегені анық.

Ерғали Қартайған

Шу ауданы.

Суреттерді түсірген Петр Норкин.

Ұқсас жаңалықтар