«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жаңғырумен жалғасқан жаңа мереке

Жаңғырумен жалғасқан     жаңа мереке
ашық дереккөз
Жаңғырумен жалғасқан жаңа мереке

Мемлекет басшысының Ұлттық домбыра күнін бекітіп, арнайы Жарлық шығаруы –ұлттық өнерге деген құрмет. Шілде айының бірінші жексенбісін ұлттық өнерімізді ұлықтауға арналған күн ретінде енгізуі жүректерге қуаныш ұялатқаны анық.

Ағымдағы жылы алғаш рет тойланар атаулы күн 1 шілдеге тұспа-тұс келіп отыр. Жарлықта осынау күннің «қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында» аталатындығы айтылды. Елбасы «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласында да ұлттық құндылықтарымызға баса көңіл бөлді. Міне, ұлттық аспап құдіретінің ұлтты ұйыстырып, рухын көтеретіндігіне кәміл сенген кемеңгер басшы мейрамдар күнтізбесін жаңа мерекемен толықтырды. Домбыра дауысы – қазақтың үні іспеттес. Төрт мың жылдық тарихы бар ұлттық аспап өзіндік ерекшелігімен бүгінде Гиннестің рекордтар кітабына еніп, ЮНЕСКО-ның сертификатын да алып үлгерді. Әсіресе бұл мереке – еліміздің бас қаласы – Астананың 20 жылдығына ерекше тарту болып отыр. Тіпті домбыраны қазақтың генетикалық коды десек те артық болмас. Себебі, оның үні – ұлттың үніндей асқақ, кең, парасатты. Тап бір қазақтың мінезін көрсетіп тұрғандай. Ұлттық мейрамдар көшіне қосылған қара домбыраны жерлес күйшіміз Әбдімомын Желдібаевтар жанына серік қылып келеді. Міне осынау мерекеге орай облыс орталығында тұрғындарға рухани азық сыйлайтын бірқатар мардымды шаралар жоспарлануда. 1 шілде күні – ҚР Тұңғыш Президентінің саябағында «Күй ойнайды қазағымның қанында» атты үлкен концерттік бағдарлама өткізіледі. Сондай-ақ айтулы датаны айшықтауда Жамбыл Жабаев ескерткіші маңында Әулиеата күй шеберлерінің қатысуымен мерекелік шара белең алады. Тап сол күні домбыра үні Әулиеата аспанын күмбір күймен тербейтін болады. Н.Тілендиевтің «Аққу», «Махамбет» поэма-күйі, халық күйі «Келіншек», «Жастар биі», Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқым», Құрманғазының «Балбырауын» секілді қазақ үнін алысқа апаратын күйлермен жамбылдықтар бір жасап қалары сөзсіз. Қаланың халық көп жиналатын орындарында күй орындаушылардың флеш-мобтары ұйымдастырылады. Төле би ескерткішінің алдында «Домбыра-думан» облыстық байқауы өткізіледі. Бұл мейрам – ұмытуға айналған ұлттық музыканы, көнере бастаған игі дәстүрлерді қайтадан сәнге айналдыру және жалпы қазақы болмысты насихаттауға үлкен сеп болмақ. Жалпы домбырашылық қазақ өнері тарихи, мәдени географиялық ерекшелегіне байланысты 19 ғасырдан бастап күйшілік мектептерге бөліне бастады. Яғни Шығыс, Арқа, Жетісу, Қаратау, Сыр бойы, Батыс және Маңғыстау күйшілік мектептері ұлы дала елінің жыр жауһарларын жеткізіп келеді. Ұлтты ұйыстырар күй өнерін өзінің шыңырау шегіне шығарған Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Қазанғап, Тәттімбет, Сүгір, Абыл, Есір салған сара жолды келешек буынға жеткізуде бүгінде бірқатар игі істер қолға алынуда. Әлбетте, Елбасы Жарлығынан соң ұлттық музыка өнеріне, ұлттық аспапқа жасалатын құрметтің аласармасы анық. Ұлы бастамаға арқау болған қара домбыра халқымызда қашанда қадірін жоймайды. Қазіргі таңда қонақ келсе де домбыраның шанағын сарнатып, ән әуелеткеннен асқан қошемет жоқ. Демек, домбыра дәуірлеген тұста қазақты домбырасыз елестету мүмкін емес. Осындай маңызды шешімді қабылдау ұлттық аспаптың арғы жағында ұлттың тұтас, бір-біріне байланып жатқан табиғи сабақтастығына деген қамқорлық. Сондықтан да «Ұлттық домбыра күнін» жариялау өте құптарлық, қуанарлық жағдай.

Кенжебек ОЛЖАБАЙ, Тараз қаласы әкімінің орынбасары.

Ұқсас жаңалықтар