Кеңсе мен кеңістік

Кеңсе мен кеңістік
ашық дереккөз
Кеңсе мен кеңістік

Дүниежүзіне танымал тұлғалар туралы қызықты деректерге толы кітаптар көп. Мысалы, Мәскеудің «Политиздат» баспасынан жарық көретін «О них говорят» («Политические портреты зарубежных деятелей» сериясы) және «Кто есть кто в мировой политике» атты кітаптардың әр жылдардағы томдары, сондай-ақ «Республика» баспасының экономика, саясат, бизнес, мәдениет және жұлдыздар өміріне арналған «Год планеты» деп аталатын шығарылымдары ой-санасын кемелдендіріп, жандүниесін рухани азықпен байыта түсемін деген адамдар үшін өте құнды дүние. Осыдан біраз жыл бұрын БҰҰ Ассамблеясының Бас хатшылығына бір ауыздан сайланған Бутрос Бутрос Гали туралы есті адамдардың естімегені кемде-кем шығар. Бірақ соның қарапайым адам ретіндегі өмір сүру дағдысы мен дүниежүзіне танымал тұлға ретіндегі ерекше қасиеттері туралы кім не біледі? Әрине, ештеңе. Десеңіз, Африкадайын «қара құрлықтан» БҰҰ сияқты беделді ұйым әкімшілігінің №1-ші лауазымды басшысына айналған сол Б. Бутрос Гали бос уақытында спортпен шұғылданып, аң аулағанды ұнатқан екен. Әдебиетшілермен, суретшілермен достық байланысын да аса жоғары бағалайтын болған. Оның мұнысын, әрине, оқу мен ізденуден жаны ләззат алатын адамның ізгі болмысы деп құрметтеуге болады. Өз басыма Б. Бутрос Галидың, әсіресе, поэзияны сүйетіні қатты ұнады. Мынандай деректі де елемей өтуге болмас: Иоанн Павел ІІ жас кезінде Краков университетіне түсіп, философияны терең оқып, зерттеумен айналысыпты. Өнерге де ерекше құштарлық танытып, театр мектебіне барады. Көркемөнерпаздар үйірмесіне де қатысады. Ең қызығы Иоанн Павел ІІ де ақын екен. Тіпті, оның көптеген өлеңдері мен «Шебердің алтын істері», «Біздің Құдайымыздың бауыры», «Қайғылы хабар» атты пьесалары мен «Махаббат пен жауапкершілік», «Тұлға және қызмет» сияқты кітаптары жарық көріпті. Францияның Президенті болған Франсуа Миттеран да көп оқып (Бальзак, Шатобриан, Р. Марен дю Гара, А. Жид, П. Валери, Толстой мен Достоевский), поэзиямен шұғылданыпты. Чех мемлекетінің алғашқы Президенті Вацлав Гавел болса жиырма жасынан бастап әдеби және театр журналдарында жиі жариялана бастапты. Ал әдеби кумирі атақты жазушы Франс Кафка болған.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.

Десек, біздің қазақстандықтар да сегіз қырлы, бір сырлы Президентімен мақтана алады екен. Еліміздің белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы – «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» мемлекеттік мекемесінің директоры Махмұт Қасымбековтің «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» деп аталатын кітабы жазу үстелімнің оң жағында жатады. Анда-санда қолыма алып, асты сызылған сөйлемдер мен леп белгісі қойылған тұстарды қайта бір оқып шыққан сайын кітап авторының адам жанын түсініп, көңіл-күйін сезе білетін ерекше қасиеті туралы көпшілікке жеткізер ойдың пісіп-жетіле бастағанын сезем. Әдетте, оқырмандардың ақын, жазушылардың көркем шығармаларын ғана емес, сонымен бірге дүниежүзіне танымал тұлғалардың өмірбаяны, болмыс-бітімі мен мінез-құлқының ерекшеліктері, олардың неге қызығып, неден жерінетіні, тіпті, әуес астары мен сүйікті істері туралы жазылған дүниелерді де қызығып оқитыны мәлім ғой. Бұл әдет менде де бар. Сондықтан мұқабасы жылтырап, аты айғайлап тұрған кітаптың ішінде қойын дәптеріме түртіп алатын нендей ғибрат-ғақлия бар екен деп қызыққаным даусыз. Сонымен бірге Елбасының көңілінен шығудың әрекетімен тым әсірелеп жіберген жоқ па екен деген қауіптің қылаңытқанын да жасырмаймын. Бірақ кітап бұл күмән-күдіктің бәрін жоққа шығарды. Қазақ елінің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мәлім де беймәлім бейнесінің сыртында тұрған сырларын шығармашылық сәтті шешімдер арқылы мейлінше шынайы жазуға тәуекел етіпті. Сары мұқабалы кітаптағы сұхбаттар, мақалалар Мемлекет басшысының табиғатын танып, болмыс-бітімін жақынырақ білсем дегендерге, бір қарағанда, құтты білік дәптері секілді көрінді. Өйткені дастарқан басында отырған ата-анаға ұл-қыздары, немере-шөберелері үшін үлгі-өнеге етуге болатын тәлім-тәрбие, тағылымға да толы. Ал естеліктер мен эпостолярлық жанр төңірегінде түртінектеп жүретін ғалымдар үшін керекті дүние-деректер өте мол.

58 Жалпы мемлекеттік қызметшінің жолы жіңішкелеу келеді. Тағдыр олардың пешенесіне арқалы ақындар мен қабырғалы қаламгерлердің асаулығы мен еркіндігін бұйыртпаған. Ал біз кітабын қолымызға ұстап отырған автор жай ғана мемлекеттік қызметші емес, Президент Кеңсесіндегі басты тұлға! Оның үстіне ол елдегі ең үлкен кеңсе болғандықтан күнделікті қауырт тірлік тауқыметтерінен де кенде емес. Бірақ, ол сол мемлекеттік қызмет жауапкершілігімен қоса Елбасының қасында жүріп көргендері мен көкейге түйгендерін Қазақ елінің болашағы үшін хатқа түсіру міндетін де өзінің жүрек қалауымен мойнына алыпты. Десек те еркіндікті қалайтын шығармашылық жұмыстың жауапкершілігі мемлекеттік қызметтің жауапкершілігінен артық болмаса, кем емес. Өйткені ХХ және ХХІ ғасырлар тоғысындағы тоқсан тарау соқпақтан өз жолын таңдаған тәуелсіз қазақ мемлекетінің тұңғыш Президенті Кеңсесіндегі елдік мәні үлкен талай-талай шешімдерге куә болып қана қоймай, оны тарихқа айналдырып, хатқа түсіру кез-келген жанның қолынан келе бермейді. Келе бермейтін себебі, көрген-білгенін оймен өрнектегісі келген адамның көкірегінде ерекше біткен көңіл көзі болмаса, қарауытқан қабақтың астындағы екі көз қанша жерден шырақтай жанып тұрса да аздық етеді. Мұны да аз десек... жә, мұны автордың өзі айтсын: «Осы жанрда кітап жазудың басты қиындығы деп өз басым әдеп әлемінің ережесін ұстанып, содан аспау деп есептеймін. Жанына жақын жүрдім, әйтпесе біреулерін көрдім, енді біреулерін өзгелерден естідім екен деп, білгеніңнің бәрін кітап бетіне тықпалай беруді, әйтпесе, қызметтес болғанның жөні осы екен деп, сумаң қағып, үлкен лауазым иесінің, сондай-ақ көптің бірі емес – Елбасының жеке өміріне араласуды адамгершіліктің қисынына жатпайтын әбес іс деп санаймын». Бәрекелді! Оқырман алдында осылайша ағынан жарылған автор: «1997 жылы белгілі журналист Қадыр Әлімқұлов екеуміз «Нұрсұлтан деп ат қойдым...» деген кітап шығардық. Соны әзірлеу барысында үнтаспаны пайдалана отырып, Елбасымен едәуір әңгімелестік. Оның қайсыбір тұстары кейін кітапқа енді. Нұрсұлтан Әбішұлы алғашында өзі жөнінде әңгімелесуге қарсы болып, келісімін ықылассыз беріп еді. Сондықтан бізді қабағы қатыңқы күйде қарсы алған. Алайда, соңынан балалық шағы, әке-шешесі есіне түсіп кетті ме, елжірей шешіліп, әңгіме айтты» дейді. Міне, бұл нағыз жазушының көкірек көзіне ғана көрінетін нәрселер. Жоғары лауазымды басшы болсын, қарапайым еңбек адамы болсын, сұхбаттасуға келісті екен деп беталды лағып кетуге болмайды. Қалам ұстаған қаламгерлердің серті - әңгімешінің көңіл-күйін аса бір аңғарымпаздықпен тамыршыдай тап баса отырып, елге ең қажетті сауалдарға шыжымдап жауап ала білуінде емес пе. «... Алғашында жүзінде шаршағандық сияқты бір белгі бар еді. «Бір жері ауырып отыр ма екен, болмаса реті келмей тұрған бір шаруаға бола ренжулі ме?» деген сыңайдағы ойлар да көңіл көкжиегінде атойлап өткен. Ендігі жерде олардың орнын: «Кілең ресми кеңестерден қажитын да шығар, бір уақыт осындай өмірнамалық, пендәуи әңгімелер де қажет екен ғой», – дейтін ой алмастырғандай. Көңілі орнықты болса, шынында да, жүзі жайдары, дидары нұрлы адам ғой» деген жолдар кітап авторының Елбасының тосын қырлары мен тұңғиық сырлары туралы құнды деректер беретініне иландырып, өзіне тарта түседі. Автордың оқырман сұранысы алдындағы адалдығы сол – дайын деректерге жүгінбей, кеңсе қызметін бір сәт журналистиканың қалам-қағазбен (диктофонмен) «қаруланған» сақа сарбазына ауыстырып, Елбасынан сұхбат алдырады. Алғашқы сұрақ «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев» деген аты-жөнді ғана білетін ұрпақты (олардың ата-аналарын, ұстаздарын, тәрбиешілерін Елбасының әкесі Әбіштің Назарбай атты қарияның кенжесі екенін, ол кісінің Әбіштен үлкен Үмбет, Шалабай деген ұлы мен бір қызы (қыз жастай қайтыс болыпты) болғанынан хабардар етеді. Ол энциклопедиялық құрғақ баяндау емес, Елбасының өз аузымен айтылған әсерлі әңгіме. «Назарбай әлде би, болмаса болыс па, әйтеуір, ауқымды аймаққа билік жүргізген, қолында мөрі бар адам екен. «Назарбайдың жазығы», «Назарбайдың диірмені» деп аталатын жерлер әлі бар. Шамамен, Шамалған, Қаскелең, «Үш қоңыр» жайлауы деген мекендерді қоныстанған болса керек. Қазақ дәстүрі бойынша әке-шешесі қартайғанда кенже баласының қолында болады ғой. Әжеміз – Тәтебала бәйбіше біздің үйде тұрған. Назарбай атамыз – елді отырықшылыққа икемдеп, жерге тұрақтандыруға көп көңіл аударған адам сияқты. Оның, Назарбай атамызды айтам, әкеміздің үш жасында, өткен ғасырдың бас кезінде дүниеден озғанын көнекөз қариялар айтып отыратын еді. Сонда, әкей 1905 жылғы болса, атамыз 1908 жылы қайтқан тәрізді. Ол кісі дүние салғаннан кейін, мөрін әжеміз марқұм ешкімге бермей, өз қолында ұстаған. Демек, бар билікті қолға алған ғой... Әжеміз мен бес жасқа келгенде қайтыс болды, еміс-еміс есімде бар, сұңғақ бойлы, әдемі кісі еді. Үнемі аппақ киім киіп жүретіні көз алдымда. Өте жігерлі жан болатын. Бар балаларына, ауыл, ағайынға айтқанын істетіп отыратын. Жарықтық, адуынды болғаны да, ол кісіге ешкім қарсы келмейтін. Әкеме тұрмысқа шыққаннан кейін шешеміз бес жылға дейін құрсақ көтермепті. Ел: «Бұлардың балалары болмайды», «анау-мынау» деп жүргенде мен туыппын. «Кенже ұлдан көрген тұңғыш немерем» деп, әжеміз мені бауырына салып алыпты. Сонымен, мені сол әжеміз баққан. Менің атымды да Нұрсұлтан деп өзі қойыпты. Елдің айтуынша, менің пайымдауымша да бұл есімді Құраннан алған болса керек. Өйткені, әжеміз Құдайға сеніп, құлшылық еткен, намаз оқитын – мұсылмандықты қастерлеген адам еді. «Молдалармен ақылдасты, әдейі осы есімді таңдап қойды...» дейтін сөз бар. Мен кейін Құранды арнайы қараған едім, Құдайдың 99 аты бар. Солардың ішінде Нұр деген бар, Сұлтан деген бар, бірақ Нұрсұлтан дегені жоқ. Әлгі молдалармен ақылдасты деулері – «жаратушының екі атын біріктіріп қойсақ қайтеді?» деп кеңескендері болса керек..». Кітаптың алғашқы тарауы үшін бұл өте қажетті деректер. Неге десеңіз, мемлекет басшысының газеттерде күнделікті жарияланып жататын жарлықтары мен қаулы-қарарлары және ресми іссапарларының мәнісі туралы ақпараттарға мелдектеп тұрып «тойған» оқырманға оның пендәуи өмірі едәуір қызықты. Сондықтан кітаптағы мына бір дерек оқырманын еріксіз еліктірсе керек. «Менің тоғыз айда-ақ аяғым шыққан екен. Тәй-тәй басып, жүре бастаған кезімде «көз тимесін» деп, арнайы дорба тігіп, аяғымды соған кигізіп қояды екен. Сонда көрші-қолаң келіп: «балаңыз әлі жүрмеген бе?» – десе: «Жоқ, ә. Құдай бізге қайдан оңған бала берсін, жүрмейді ғой», – дейді екен. Аяғы байлаулы бала, әрине, жүре алмайды ғой». Президент журналистермен сұхбаттарында қазақстандық ақын, жазушылардың шығармаларымен бірге әлем классиктерінің озық үлгілерін де оқитынын айтады. Сол әлем классиктерін оқымақ тұрмақ, аты-жөндерін Елбасының аузынан алғаш рет естіген жазушысымақтардың бар екеніне бәс тіге аламын. Ал Нұрсұлтан Әбішұлының нағыз әдебиетке, шын жазушыға деген құрметі оның мына хатынан анық аңғарылып тұр. Эпистолярлық жанрды жоқтаушы ғалымдар үшін де олжа. «Аса қадірлі Ақселеу! Сонау жас кезімізден бір-бірімізді біліп, сыйласып келеміз. Сенің «Лениншіл жаста» корреспондент кезің, менің металлургиядағы (Теміртаудағы) алғашқы қадамдарым есіме түседі... Жиі және жеке кездесіп тұрмасақ та барша өмірің, шығармаларың көз алдымда өтіп жатты. Ұлтжандылығыңа, еліңе, жеріңе деген үлкен жүрегіңе ризамын, замандасым!» деген тебіреністен туған жолдарды сия қаламмен өз қолымен жазу Президент үшін кеңдік пен қарапайымдылықтың шынайы үлгісі емес пе? Осы мазмұндас хатты Елбасы жазушы Әзілхан Нұршайықов, Тұрсынхан Әбдірахманқызына да жазыпты. Бұл – тек қана қазаққа, сол кең пейіл қазақтың амандық-саулық білуді бірінші орынға қоятын салт-дәстүріне адал қазақ Елбасына ғана тән дархандық. Автор ойының озықтығы - осы хаттардың көшірмесін бере отырып, Елбасы мен елдің жүрегінен орын алған ақын, жазушы ұл-қыздардың арасындағы достық байланысты жібек жіптей жарқырата суреттейді. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» дегендей (Абай), әрине, сөз өнерінің қадір-қасиетін бағалай білетін оқырмандар үшін Махмұт Қасымбековтің кітапқа енген «Сағыныш» деп аталатын мақаласы Елбасының да ет пен сүйектен жаралған жан ретінде қиялы ғарышты шарлап, «туған жерін, көбелек қуған жерін» (Кенен) сағынып, шабыты шалқыған ақындай алабұртқан көңіл-күй ауанын дөп басқан дүние болып шыққан. «Ұмытпасам, 2001 жылғы қарашаның орта тұсы-ау деймін, Нұрсұлтан Әбішұлы өзіне шақыртып алып, қолыма бірнеше шумақ өлең жазылған бір парақ қағазды ұсынды. Басына «Үшқоңыр» деп жазылыпты. Әр-әр жері түзетіліп, қолмен жазылған өлеңді жаңа әннің мәтіні-ау деп шамаладым... – Махмұт, Алтынбек Қоразбаевқа жіберткізе қойшы, – деді ол. Бөлмеме келген соң, өлеңді оқып шықтым. Өлең мынандай шумақтардан тұрады екен» деген автор бүгінде жиі орындалып жүрген белгілі «Үш қоңыр» әнінің:

Әжемнің дөңгеленген оймағындай, Үшқоңыр Алатаудың қойнауында. Өзені гүр-гүр тасып, гүлі еркелеп, Самалы сергітеді ой-бағымды.

Қайырмасы:

Үшқоңырым, туған жерім, Бәйшешек гүл жұлған жерім.

деген шумақтарын толық беріпті де, ойын: «Терең үңіле қараған жан осы бір өлең шумақтарының кейбір кедір-бұдыр тұстарын да аңғарар. Бірақ, меніңше, бұл арада мәселе онда емес еді. Мәселе Нұрсұлтан Әбішұлының жүрегінің нәзіктігінде, өзімен өзі қалған сәттерде қолына қалам алып, жан дүниесін тебіренткен ойды шама-шарқынша қағазға түсіріп отыратындығында болса керек» деп түйеді. Парасатты және батыл пікір. Өйткені Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақ елінің Тұңғыш Президенті, экономика мен саясат төңірегіндегі сан алуан сауалдардың жауабын табудың хас шебері болғанмен, күнделікті нәпақасы мен нәсібін өлең-жырдың ауылынан тапқан талантты ақындар Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев емес қой. Дегенмен, әңгімеміздің әлқиссасында мысалға келтірілген дүниежүзіне белгілі тұлғалардың өлең жазғанын, әдебиетке жаны жақын болғанын ескерсек, Қазақ елінің халқы да солар сияқты өзінің сегіз қырлы, бір сырлы Президентінің алуан түрлі қабілет-қарымымен мақтанып, әлемнің озық ойлы зиялыларының жүзіне ұялмай тік қарай алады екен. «... Кейінірек, – дейді автор, - кабинеттегі радионы қоса қалып едім, диктор «Үшқоңыр» әні орындалатынын хабарлағаны. Таныс сөзге елең ете қалдым. Бірақ диктор орындалатын әннің кімдікі екенін, өлеңін кім жазғанын айтып жатпады. Ән Алтынбек Қоразбаевтың шәкірті – талантты әнші Мейрамбек Бесбаев жетекшілік ететін «Мұзарт» тобының орындауында берілді». Қазір майда қоңыр осы ән, шынында да, көпшіліктің сүйіп тыңдайтын әніне айналды. Елбасы кейін әнді Алтынбек шәкірттерінің орындауында тыңдап, риза болып, «Аманшылық болса, Сарыарқа туралы да бір ән жазайық» депті. Автор Президенттің тағы бір әні туралы: «Бүгінде Елбасымыздың толғанысынан туған өлеңге Бекболат Тілеухан шығарған, терең сазды иірімдерге құрылған,

57

кең тынысты «Елім менің» әні халыққа кең тарап, әйгілі болып кетті. Сол арқылы жұртшылық Нұрсұлтан Әбішұлын еліміздегі ең жоғарғы лауазымды тұлға деп қана емес, нәзік жүрек, ақынжанды азамат ретінде де тереңірек тани түскені анық. Тәуелсіздік кезінде туған бұл ән Шәмші Қалдаяқовтың әйгілі «Менің Қазақстанымы» сияқты еліміздің бейресми гимніне айналып кетті десек те болғандай еді» деп пайымдайды. Шынында да «Арайлап таңым, асқақтап тауым, Ән ойнап көгім, күй тартты көлім. Қол жетті, міне, аңсаған күнге, Жасай бер, жаса, қазағым менің» деп басталатын асқақ рухқа толы өлең жолдары ерлік пен өрлікке мол әуенмен шарықтай әуелеген кезде бір құдіретті сезім адам бойын еріксіз шымырлатып жібермей ме?!. Асқақ рухты ән демекші, осы жерде біз сөз етіп отырған кітапқа енбеген, бірақ «Егемен Қазақстанда» жарияланған (айтпақшы, кітаптағы мақалалар мен сұхбаттардың дені оқырман қауымға кезінде осы газет арқылы жеткен) Махмұт Қасымбековтің «Президент таңдаған Әнұран» деген мақаласын ой-пікірімізге орай сабақтастыра талдағанның артықтығы болмас. Менің бұл мақаланы газеттен қиып алып, сөз болып отырған сары мұқабалы кітаптың арасына салып, сарымайдай сақтап жүргеніме біраз болды. «Керек заттың ауырлығы жоқ» дегендей, бүгін міне, қажетке жаратудың сәті түсіп отыр. Мақала, танымдық тұрғыдан алғанда, дау жоқ, тамаша дүние. Автор бұл мақаласында енді Елбасының ақындығымен қоса, редакторлық-сарашылық қырын да оқырманға жете таныстырғысы келген сияқты. Таңғалмасқа шараң жоқ. Ақын Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің Қазақстаным» (әні Шәмші Қалдаяқовтікі) атты елдің ең басты жиындарында халықтың аузынан түспейтін белгілі өлеңінің тұсына Елбасы тәуелсіз елінің ұраны мен ұстанымына сай өзгерістерін өз қолымен жазып шыққан. Кеңес өкіметінің дәуірінде туған аға буынның орыстың ұлы ақыны Александр Сергеевич Пушкиннің ақ қағаз бетіндегі шығармаларының (өлең, т.б.) шетіне түзетулерін, ойларын және өзінің суретін (автопортретін) шимайлап салатынын білуші еді. Ал қазақта небір талантты ақын-жазушылар өмірден өтсе де өздерінің шығармашылық «кухнясының» кейінгі ұрпаққа үлгі етерлік мұндай жақтарын жұртқа жарияламай кетті. Не біреулер әдейі жеткізбеді. Әрине, бұл басқа тақырыптың әңгімесі, біздің айтпағымыз Президент ақын Жұмекен Нәжімеденов пен композитор Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» атты халыққа кеңінен белгілі әнінің мәтінін алдырып, оны тәуелсіз елінің Әнұранына айналдыру мақсатымен «Алтын күн аспаны, Алтын дән даласы. Думанды бастады, Далама қарашы. Кең екен жер деген, Жерге дән шықты ғой, Дән егіп, терлеген, Қазағым мықты ғой» деген жолдардың тұсына... «Ерліктің дастаны, Еліме қарашы! Ежелден ер деген, Даңқымыз шықты ғой, Намысшыл..., Қазағым мықты ғой! (кейін бұл жол «Намысын бермеген, қазағым мықты ғой» болып өзгерді)» деген уақыт рухына сай тамаша жолдарды қосуы - нағыз редактор-ақынның қарқаралы ойы мен қарымды қаламынан ғана туатын дүние емес пе?!. Елбасы әннің де, өлеңнің де өңін кіргізіп тұрған қайырмасына мүлде тиіспеген. Бұл оның өлеңді өңдеген осы екен деп құр шимайлай беретін бірбеткей мінезден таза екенін көрсетеді. Сөйтіп, «Сағымды далам бар, Сабырлы көлім бар, Қараңдар, жарандар, Осындай елім бар, Қарсы алған уақытты, Ежелгі досындай, Біздің ел бақытты, Біздің ел осындай» деген екінші шумақтың тұсына да осылай болса деген ойларын қал-қадірінше өлең жолдарымен түсіріпті. «Мен айттым – бітті, мен жаздым – болды» демей, өлең шумақтарының нобайын түсіріп, оны қарап шығатын нағыз ақындарға ой салу үшін оны бірнеше нұсқалармен толықтырып, кейбір жолдарды белінен сызып, кейбір жолдардың астын сызып көрсеткен. Елбасының осы ойлары негізге алынып, екінші шумақ кейін «Ұрпаққа жол ашқан, Кең байтақ жерім бар. Бірлігі жарасқан, Тәуелсіз елім бар. Қарсы алған уақытты, Мәңгілік досындай, Біздің ел бақытты, біздің ел осындай!» деп өңделіп, бекітілгенінен күллі халық хабардар. Міне, Елбасының шығармашылық «кухнясынан» шебер өңделіп шыққан тәуелсіз Қазақ елінің жаңа Әнұранына ең алғаш куә болғандардың бірі Махмұт Қасымбеков (Ақордадағы «шығармашылық шағын кеңеске» Президенттің сол кездегі баспасөз хатшысы – Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед те куә болыпты) Елбасының түзетулерін жариялай отырып, сол оқиғаны бүге-шігесіне дейін талдап жазбағанда, бейхабар қалатын едік. Жаңа ғасырда жаңа тарихын жасап жатқан мемлекет үшін бұл автор әдебінің, кеңсе қызметкері мәдениетінің биіктігінің бір қыры дер едік. Кеңсе қызметкері дегеннен шығады, кеңсенің де кеңсесі бар. Мысалы, Американың Ақ үйі мен Ресейдің Кремлін білмейміз дейтін жан бүгінде кемде-кем. Қазақ елінің Ақордасы да алыс-жақындағы Мемлекет басшыларының, саясатшыларының, мәдениет, әдебиет және өнер қайраткерлерінің әуезелеп айтар әңгімесінің арқауына айналды. Арқаның алтын алқасындай Ақордаға дос та, дұшпан да қызыға қарайды. Бұл – сәулет өнерінің сыртқы сұлулығы ішкі мазмұнымен үйлескенде ғана туатын сезім. Ішкі мазмұн деген не? Құдайға тәуба, дегелектің ұясындай дегдарлықты бойына сіңірген Ақордадан ел мен елді, өркениет пен өркениетті, мәдениет пен мәдениетті, әдебиет пен әдебиетті, өнер мен өнерді, дін мен дінді, тіл мен тілді достастырмаққа деген ниеттен туған жанға жайлы ноталардың әуені ғана әуелейді. Бейбітшілік маршы ғана шырқалады. Жан тебірентер бұл жақсы нышан Ақорданың төрінде отырған ел Президентінің болмыс-бітімінің рухани байлығына, жандүниесінің кең байтақ даласындай кемелдігіне тікелей байланысты. Әйтпесе, айналасын азалы күй, қаралы маршпен үркіткен әпербақан Адольф Гитлер тектестер келіп жайғасқанша Рейхстаг рәуіші де раушан гүліндей болатын дейді ақ сақалды абыз тауарих. Амал қанша, мейманасы тасыған сол елірме-ефрейтор-фьюрер секілділер Еуропаның есін шығарып, «бір қарын майды бір құмалақ шірітедінің» керін келтірді. Бірақ бұл «кәрі құрлықтағы» кейінгі саясатшыларға сабақ болды. Бүгінгі Еуропа шығыспыз деп шіренбей, батыспыз деп баптанбай, бастары бір үстелдің басында қосылып, бір одақ, бір валютаға мойынсұнды. Мұның бәрі, сайып келгенде, ел мен ел басшыларының мынау бес күндік жалғанды өнбес даумен, бітпес соғыспен (алыс-жақын шет елдерге қараңыз) итырқылжың өткізгенше, саған да, маған да және оған да тиімді бейбіт өмір, беймарал тірлікпен және ақыл-парасатты алдияр тұтқан қалыппен жалпағынан басып өткізейік деген саналы саясаттың арқасында мүмкін болып отыр. Кеңсе мен Кеңістік. Ел мен Елбасы. Елбасы кей жылдары әуеде 382 сағат болады екен. «Бұл аз ба, көп пе?» деген сұраққа ұшқыштар: «Бізге, 300 сағат ұшқан ұшқыштарға, бір жылғы стажымыз екі жылға саналады» деп жауап берген. Егер радиациясы 260 рентген болатын 10000-11000 метр биіктікте осыншама сағат уақытын өткізген Елбасы, кеңсесінде қаншама сағаттар бойы тапжылмай ой құшағында отырар екен? Десек, бұл сауалға: «Бір күнде қым-қуыт шаруа бойынша оншақты ірі лауазым иелерін немесе шетел делегацияларын, солардың өкілдерін қабылдайды. Маңызды құжаттармен танысады. Аса маңыздылары болмаса, жеңіл-желпі дүниелерді Президентке онысыз да бермейміз ғой. Соның өзінде күн сайын (!) 200-250 парақтан тұратын 60-70 маңызды құжатты оқып шығуы тиіс» деп жауап бере отырып, Ақордадан алыста жүрген жанашыр ағайындар үшін кеңсе мен кеңістіктің арасына алтын көпір болуға ниеттенген авторға шын пейіліңізбен риза боласыз. «Көшпенділер» фильміндегі қаһармандардың сөздерін зер сала тыңдаған көрермен «Қазақ» және «Қазақтар» деген құдіретті сөзді жиі естиді. Фильм соңындағы «Қазақ жері Еуразия құрлығының жүрегінде, өркениеттер тоғысында орналасқан. Біз мыңдаған жылдар бойы азаттық үшін арпалысып келдік. Жан алысып, жан берісе жүріп өз жеріміз бен бостандығымызды сақтап қалдық. Сондықтан, біз үшін тәуелсіздік – көздің қарашығындай сақтайтын құндылық. Ол бізге, ержүрек бабаларымыз – Ұлы дала көшпелілері қалдырған өсиет» деген жазу, рас па, өтірік пе деген толғаныстан, тұла бойыңды дір еткізетіні де өтірік емес. Егер кітап авторы болмаса осы жазуда Елбасының толықтыруы бар екенін Сіз бен Біз білмес едік. Бұл үшін авторға тек қана алғыс айту ләзім. Ол «Тәуекел!» деген мақаласында картинаны монтаждау барысында осынау істің қолға алынуына басты себепкер болған Елбасымыздың атына фильмге эпиграф жазып беру туралы өтініш түскенін және баспасөз қызметі келіп түскен өтінішпен бірге эпиграф ретінде қол қойдырып алу үшін

56

Елбасымыздың осы орайда ертеректе айтқан сөзін қоса ұсынғанын еске алады. Кітаптың 198 бетіне сол сөздің көшірмесін басыпты. Шынында «В сердце Евразийского континента, на перекрестке цивилизаций есть земля казахов. Тысячелетиями мы боролись за свою независимость. Отстаивая ее, мы отстаивали свою землю и свободу» деп компьютермен терілген сөзден кейін Елбасы өз қолымен «Поэтому независимость для нас – самая священная ценность, которую мы должны беречь. Это завещали нам наши мужественные предки – номады Великой степи» деп, сия қаламмен жазып, қол қойыпты да «01.06.05» деп, күннің, айдың, жылдың жұп сандарын келтірген. Одан төменде қазақ тілінде «Осылай болсын!» деген леп белгілі жазу тұр. Бұл автордың «Жазса, екі тілде бірдей мөлдіретіп, тез жазады. Қашан иін қандырғанша мәтінді түзете беруден жалықпайды» немесе «Зер сала қарасаңыз, ол сиялы қаламмен тайға таңба басқандай етіп, маржандай тізіп жазады. Ең асығыс жазуларының өзін қиналмай оқи аласыз. Өз басым осыдан-ақ Нұрсұлтан Әбішұлына тән ерекше ұқыптылықты ғана емес, өзінің қабілет-қарымына, атқарып жүрген ісіне деген нық сенімді, тиянақты тыңғылықтылықты көргендей боламын. Тиісті мамандар қолтаңбасына қарап, адамның қабілет-мүмкіндігін айқындап жататын көрінеді ғой, сол бекер болмаса керек» деген шынайы сырларын ешқандай боямасыз дәлелдей түседі. Кейінгі кезде көбейіп кеткен кемталант жазғыштар осындай еңбекқорлықтан үлгі алса деп ойлайсың. Ол ойымызды кітап авторының Елбасы туралы «Кітап оқыған кезде қайсыбір мақал-мәтелді, терең мағыналы ойларды жазып алып жүретінін байқаймын. Мен, мәселен, ол кісінің: «Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ», «Тоймайтынға берме, толмайтынға құйма» немесе «Айтылған сөз тыңдаушысына жетпесе, оның айтылмағаны», тағы сол сияқты мағынасы терең ой орамдарын жазып алғандарының куәсі болдым» деген сөздері толықтыра түседі. Елбасының қасында жүру мүмкіндігін жеке бас пайдасы үшін емес, ұлы тарих үшін ұлағатты сөздер қалдыру үшін тиімді пайдалана білген автор: «Бұрынғы өткен хандарымыз, батырларымыз бен бағыландарымыз, билеріміз бен бектеріміз жөнінде нақты жазба деректердің жетімсіздігі бүгінде төл тарихымызды түгендеуге аз кедергі келтіріп отырған жоқ. О баста осы ниетімді іске асыруға кірісер алдында мен мұны да есте ұстауға тырыстым» деп, көптің көкейіндегі ойды дөп басыпты. Автор бұл ойын кітабындағы біз әңгіме еткеннен басқа «Атамекен аңсатпай қоймайды», «Қайраткер қарымы», «Тұңғыштар», «Көкейде қалған қабылдаулар», «Сол бір ұшу сапары», «Ой мен сөздің өрімі», «Қос тілді тел емген», «Еңсесі биік Ақорда», «Ғасыр шарты» және «Ерге құрмет – елге құрмет» сияқты тәуелсіз елдің тарихына қатысты тағы басқа да тың дүниелерімен дәлелдейді. Әлбетте, автордың бас қаһарманы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қазақ ауылының қара топырағын басып өскен ұлтжандылығы, ұлтының «ұлық болсаң, кішік бол» деген өсиетіне тән қарапайымдылығы, өзі би, өзі батыр, өзі ақын атанған ата-бабаларына сай сегіз қырлы, бір сырлы ерекше қасиеті және әңгімені көнекөз қариялардай майын тамызып айта білетін шеберлігі кітаптың көркемдік деңгейін биіктей түсуіне көмектескені анық. Ал Ақорда мен Алты Алаштың арасын арда ойлармен айшықтамаққа тәуекел еткен автордың айтпағы – Нұрсұлтан Назарбаевтай кемеңгер саясаткердің Қазақ еліне ғана емес, әлемнің барша жұртына да бірлік пен береке тілейтін үлкен жүрегінің үлкен кеңсе төрінде бір сәт бейғам отырмайтынын жеткізу болса, ол бұл міндетті жоғары деңгейде орындап шыққан.

Ұқсас жаңалықтар