Өткен аптада Т.Рысқұлов ауданындағы Құлан ауылында орналасқан қоқыс полигонынан өрт шығып, қою түтіні Луговой ауылына тарап, тұрғындарды біраз әбігерге салды. Тұрғындар әлеуметтік желіде қоқыстың өртенген түтінінен уланып жатқандарын, шілденің ыстық күнінде есік-терезесін аша алмай қиналып отырғандарын жазды. Жағдайды көзбен көріп, аудандық әкімшілік тарапынан нендей шара қолданылып жатқанын білмекке ауданға бардық. Иә, өрт өшіріліпті, жауаптылардың айтуынша ауа райының қатты ысып, күн сәулесіне шиша сынықтары шағылысып, өрт шыққан. Алайда өшірілген өрт қайта тұтанбасына кім кепіл?
Бұл ауданда Құлан мен Луговой халық саны жағынан үлкен ауылдар. Осы екі ауылдың ортасында орналасқандықтан қоқыс полигоны тұрғындар үшін жайсыз. Полигон басынан кезекшілікте жүрген мамандарды кездестірдік. Бұл қоқыс полигоны Құлан ауылдық округіне қарағандықтан, осы округтің басшылығы да кезекшілікке шығып, өрт сөндіру көлігі үнемі осында дайын тұратын болған. Біз барғанда кезекшілікте Құлан ауылы әкімінің орынбасары Еркебұлан Рахманқұл жүр екен.
– Бұл жерге кезекшілік мамыр айынан басталды. Кезекшілік Құлан ауылы әкімдігі, «Құлан-энерго Жылу» және «Таза су-2014» мекемелерінің қызметкерлерінен құралады. Ал ауыл әкімі жалпы бақылауда ұстайды. Тәулік бойы мұнда «Қорағаты өрт» мекемесінің өрт сөндіру көлігі мен «Құлан-энерго Жылу», «Таза су-2014» мекемелерінің су таситын көліктері тұрады. Егер өрт шыққан жағдайда жан-жағындағы тұрмыстық қалдықтар тез тұтанып, жел тұрса өрт көлемі ұлғайып кетпес үшін қосымша өрт сөндіру көлігін де көмекке шақыртамыз. Ал күнделікті жақын ауылдардан қоқыс әкелетін көліктерге қауіпсіз жерлерді көрсетіп, ретімен төктіреміз. Басқа жерден су тасып, уақыт жоғалтпау үшін, осы жерден жерасты суын шығаратын скважина қаздырып жатырмыз. 70 метр тереңдіктен су шықты, енді бұл жерден өрт шықса бірден осы судан құйып, өшірілетін болады. Ол өртті ұлғаюына жол бермейді, дер кезінде өшірілсе, айналасына түтін де тарамайды. Сонымен қатар тұрғындар тұтынатын суға шығын келтірмеуге де осы скважинаның көмегі тиеді, – дейді Еркебұлан Кенжетайұлы.
Күннің ыстығында өздігінен өртену қаупі бар қоқыс полигонының екі ауылдың ортасынан басқа жерге көшірілуі туралы Т.Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаилдан сұрадық.
– Тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеп, пайдаға асыру – бұл мәселедегі ең ұтымды әдіс. Мемлекет тарапынан жасыл экономика бағдарламасы аясында қоқысты қайта өңдеуге бағытталған өндіріс бағыттарын субсидиялау жоспарланып отыр. Соған байланысты біз де алдағы уақытта экологиялық талаптарға сәйкес келетін қоқыс алаңдарын ашып, маңынан қайта өңдеу өндірісін дамытуды жоспарлап отырмыз. Қоғамдық жұмысшыларды тартып, полиэтилен пакеттері, шыны, қағаз картондар, темірлер бөлек жиналады. Қазір де темірлерді жинап алып, қабылдайтын орындарға өткізіп жүргендер бар. Мұнда желмен ұшып, шашылып жатқандар – полиэтилен пакеттері. Енді соларды да кәдеге жарату үшін пластик гранулаларға айналдырып, оны шикізат ретінде қолданатын жаңа зауыт ашу қолға алынып жатыр. Түркиялық компания біздің ауданнан тамшылатып суару жүйесінің жабдықтарын әзірлейтін зауыт ашқалы отыр. Бүгінде тамшылатып суару жүйесі ауыл шаруашылығында өте сұранысқа ие, ал біздің ауданның негізгі кәсібі – ауыл шаруашылығы. Ол зауыттың негізгі шикізаты полиэтилен пакеті мен пластикалық бөтелкелер болмақ, қоқыс полигондарында да о сылар басым. Сонымен қат ар полиэтилен мен полимерлік пластикті құммен араластырып, құрылысқа қолданатын черепица шығаруға болады. Бұл әдісті біз кәсіпкерлерге ұсынып отырмыз, қызығушылықтары бар. Ауданда 14 қоқыс алаңдары бар, соларды экологиялық талапқа сай орналастырып, қасына әлгіндей қайта өңдеу өндірісін кәсіпкерлер арқылы құрамыз. Ал Құлан ауылындағы қоқыс алаңын тұрғындардың өтініш-тілектерін, экологиялық ахуалды ескере отырып, басқа жерге көшірмекшіміз. Қазір арнайы талаптарға сәйкес рәсімдік процесі жүріп жатыр. Бұйыртса, келесі жылы құрылысын бастаймыз. Оған Луговой ауылының төменгі жағынан, ауылдармен арақашықтығы экологиялық талапқа сай келетін жер қарастырылуда, – дейді Қайрат Әбілханұлы.
Яғни, қоқыс алаңы келесі жылы көшіріледі. Оған дейін қазіргідей кезекшілік ұйымдастырумен қауіпсіздік қадағаланады.
– Жасыратыны жоқ, бізде қоқыс тастау мәдениеті төмен. Ешқайсысын бөлек жинамайды, ішінде шыны да, тіпті лупа да, көліктердің фаралары да есік алдынан сыпырылған жапырақтармен бірге тасталады. Күн сәуле сіне шағылысып, от тұтандыратын заттар қасындағы қураған жапырақтармен, қағаздармен тұтанып, өртке айналып кетеді. Сондықтан тұрғындар тұрмыстық қатты қалдыққа жатпайтын, органикалық заттарды басқа кәдеге жаратып, қоқыс алаңына тек қатты қалдықтарды тастауы керек. Осыған жаппай тұрғындарды қалыптастыру үшін қоғамдық орындарға сары, жасыл, қызыл түсті қоқыс жәшіктерін орналастырып, қалдықтарды материалына қарай бөлек жинауды қолға алатын боламыз. Бұл ары қарай дағдыға айналып, қоқыс алаңдарында сұрыптау да оңайланады, қоқыс таситын мекемелердің де жұмысы жеңілдейді, – дейді аудан әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил.
Аудан әкімдігінің тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Медет Аденовтың айтуынша, аудан бойынша жалпы 42 елді мекенге экологиялық талаптарға сай орталықтандырылған 14 тұрмыстық қатты қалдықтарды көмуге арналған полигондар орналасқан.
– Полигондар экологиялық талаптарға сай қоршалып, эмиссия рұқсаттары толық алынып ауылдық округ әкімдіктерінің теңгеріміне берілген. Бүгінгі таңда полигондарды күтіп ұстау, яғни көму жұмыстарына жыл басында аудандық бюджеттен 5,4 миллион теңге қаржы қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар аудан орталығы Құлан ауылында орналасқан полигонның жақында, яғни 17 шілдеде күннің қатты ысуына байланысты шыны бөтелкелерінің қызуынан өрт шығып, аудандық құзырлы мекемелер тарапынан өрт сөндіру жұмыстары жүргізіліп, толық сөндірілді. Аталған полигонды халық көп шоғырланған ауыл маңынан алшақ орналастыру бойынша аудан әкімінің бастамасымен тиісті жер таңдау жұмыстары жүргізіліп, Құлан ауылына жақын орналасқан екі елді мекен аумағына көшіру бойынша экологиялық талаптарға сәйкес зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін, экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкес траншея қазу, қоршау және өрт сөндіруге қажетті шағын су сақтау қоймасын орналастыруға жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеп, Құлан ауылындағы полигонды жауып тұрмыстық қатты қалдықтар көмуге арналған екі полигон ашу жоспарлануда, – дейді Медет Оңғарұлы.
Бүгінде елімізде 3,2 мыңнан астам полигон бар екен. Нақты деректерге сүйенсек, осы полигондарда 120 миллион тоннаға жуық қоқыс жиналған. Жылына шамамен 5 миллион тонна қатты тұрмыстық қалдықтар түзіледі, бұл еліміздің бір тұрғыны күніне шамамен 0,6 кило қалдық шығаратынын көрсетеді. Ал полигондағы қоқыстың табиғи құбылысқа байланысты өртенуі бек мүмкін және оның кері әсері қандай болатынын шілдеде түтінге тұншыққан Луговой ауылының тұрғындары айтып бере алады. Жақында ғана экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев баспасөз конференциясында жыл сайын елімізде 4,5 миллион тоннадан астам коммуналдық қалдықтар жиналатынын, оның қайта өңдеу деңгейі өткен жылы 25,8 пайыз болғанын айтты. Вице-министр өз баяндамасында өткен жылдың қорытындысында елімізде 2973 полигон болғанын, алайда олардың тек 20 пайызында, яғни 608- інде қажетті рұқсат құжаттары барын да атап өтті.
Брифингте хабарланған мәліметке сүйенсек, бүгінде әкімдіктер 7 жаңа нысан салып, пайдалануға берген. 23 полигон бойынша жобалық құжаттаманы әзірлеу аяқталып, тағы 18 жоба әзірленуде. Сондай-ақ министрлік 11 өңірде кәдеге жарату алымы қаражаты есебінен 43 полигон құрылысын қаржыландыру мәселесін пысықтап жатқан көрінеді. Біздің айтпағымыз – жоспарланған жұмыстар сәтті жүзеге асып, оң нәтижесін халық көрсе, игі. Құландағы қоқыс алаңы да елді мекеннен алшақ жерге көшірілсе, тұрғындар тұншықпаса дейміз.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Т. Рысқұлов ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Дәріханалардағы дәрі бағасы бір түнде өскені ме?
- 4 желтоқсан, 2025
ЖИ-ді іске асыруда жастардың рөлі ерекше
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




