«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталады

Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталады
Ашық дереккөз
Ертең, яғни 1 тамызда Қазақстанда Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталады. Атаулы науқан биылғы жылдың 1 тамызы мен 31 тамызы аралығында онлайн режимде өтеді. Одан кейін 20 қыркүйек20 қазан аралығында елді мекендерді аралау арқылы жүргізіледі.

Бұл ауқымды статистикалық шара республиканың барлық өңірін қамтып, ауыл шаруашылығының жай-күйі туралы өзекті деректердің маңызды көзіне айналады. Онлайн кезең 1-31 тамыз аралығында өтеді. Өсімдік және мал шаруашылығымен, балық өсірумен айналысатын заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, шаруа және фермер қожалықтары, сондай-ақ үй шаруашылықтары қатысуы тиіс.

Сауалнама sanaq.gov.kz сайтында өтеді. Офлайн кезең 20 қыркүйек-20 қазан аралығында жүргізіліп, интервьюерлер онлайн-сауалнамадан өтіп үлгірмеген, бау-бақшасы бар немесе мал ұстайтын үйлерді аралайды. Санақта 23 миллионға жуық үй шаруашылығын және 300 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қамту жоспарланған. Бүкіл ел бойынша сауалнама жүргізу үшін 3500-ден астам интервьюер тартылады.

Азаматтарға ыңғайлы болу үшін ауылдық әкімдіктер мен аудандық статистика бөлімдерінде интернетке қосылған өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары болады. Сондай-ақ азаматтар 1446 байланыс орталығына хабарласып, кеңес ала алады. Шаруа неме се фермер қожалықтары және үй шаруашылықтары бойынша статистикалық деректер ауылдық округтер әкімдерінің әкімшілік деректері негізінде қалыптастырылады.

Статистикалық ақпараттың сапасы ауылдық округтер әкімдері жүргізетін әкімшілік деректердің сапасына тікелей байланысты болмақ. Сала мамандары кейде ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, жеке кәсіпкерлер мен фермерлер мал санын қосып, көбейтіп жазатынын айтады.

Өйткені мемлекеттен көмек, субсидия алғысы келеді. Ал енді біреулер бар малын тіркеуден қашады. Осындай себептерден шаруашылықтардағы мал есебінде айырмашылықтар көп. Енді санақ жүргізілсе өрістегі сиыр мен қой, даладағы жылқының нақты саны айқындалуға тиіс. Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының пайдасы, егер иесі қорадағы мал санын дұрыс көрсетсе мемлекет тарапынан тиісті көмек алады. Мал санына қарай ветеринарлық екпелер тегін салынады. Табиғат апатынан өлген мал үшін өтемақы алуға да мүмкіндігі бар.

Бүкіл ел аумағын қамтитын маңызды науқан 1 тамыздан басталады. Одан Жамбыл өңірінің шаруалары да тыс қалмасы анық. Алдыңғы ауыл шаруашылығы санақтарында жіберген кемшіліктерімізді бұл жолы түзей аламыз ба? Әлде, тағы да қорадағы малымыздың саны мен қағазда көрсетілген малымыздың саны қабыспай, қара басып жатамыз ба? Аграрлық саланың барлық қатысушыларын санақтан өтіп, ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосуға шақырамыз.

 

Талғат ТАЛАПҰЛЫ

Ұқсас жаңалықтар