Нұрағаның әдемі қоңыр даусы бар
Қазақтың қазақтығын танытатын дәстүрлі өнердің кенжелеп қалмауы үшін күшімізді салып, жігерімізді жанып жүрген жайымыз бар. Бұл еңбегіміз ескерусіз қалған емес. Әсіресе, ұлттық өнерді жүрегіне сыйдыра білген Елбасымыздың мені әркез қолдауы, дем беріп отыруы жолымды одан сайын аша түсті. «Елдің рухы биік болмай, мықты тәуелсіз ел орнамайды. Халқы аз болсын, көп болсын, рухы биік елді ешкім жеңе алмайды. Рух деген елдің тарихы, елдің тілі, елдің дәстүрі. Елдің музыкасы анамыздың сүтімен қанға сіңген ұлттық тәжірибеміз, тәрбиеміз болып саналады. Оның ең үлкені, әрине, мәдениет, музыка» деп еді бірде өзі. Шынайы өнердің бағалаушысы біздерді, өнер адамдарын, өзі сүйіп тыңдайтын әншілерін шақыртып, тыңдайды. Осындай қабылдаулардың бірінде Бекболат Тілеухан екеуміз ән айтып отырғанбыз. Елбасы: «Неге осы сендер бірігіп бір ансамбль құрмайсыңдар?» деді. Сол жерде отырғандар «Иә, бұл жақсы идея екен» десіп, қауқылдасып қалғанбыз. Артынша, көп ұзамай Президенттік ансамбль құрылып жатыр екен дегенді естідік. Шәкірттерімді мүшелікке шақырып жатты. Өзіме ешкім айтпаған соң, «Ол әңгіменің арасында мен де бар едім ғой» деп өзім де кірісе қоймадым. Бірақ, «Маған неге айтпады екен?» деген іштей ғана өкпе, реніш болды. Араға уақыт салып, мен Атырауға Халықтық музыка академиясын басқаруға кеттім. Сонда Елбасымен 2003 жылы Атырауда тағы кездесу бақыты бұйырды. Әңгіме арасында Президентіміз: «Сәуле, ансамбльге неге келмедің?» деп сұрады. Мен кібіртіктеп барып: «Маған ешкім айтқан жоқ» дедім. «Ал, мен осы ансамбльге өзің жетекшілік жасайтын шығар деп ойладым» дегені. Менің, тіпті, айтарға сөзім табылмай қалды. Осы кездесуде маған 18 ән салдырды. «Анау әнді, мынау әнді айт» деп отырады. Ол кісі ән жағынан өте терең, білімді. Байқағаным, Елбасының есте сақтау қабілеті ерекше екен. Өзі Илья Жақановтың әндерін жақсы көреді. Былтыр Таразға келгенде осы кісінің «Толағай» әнін шырқадым. Илья ағайдың әндері созылмалы болып келетіндіктен, екі шумағын ғана айтқызатын. Мен де әдетіме басып, әннің екі шумағын ғана орындадым. Тыңдап отырып Елбасы: «Жайлауы толағайдың қоңыр салқын... деген шумағын неге тастап кеттің?» деді әніне салып тұрып. Сөйтіп үшінші шумағын бірге айтып шықтық. Нұрағаның әдемі қоңыр даусы бар.
Тағы бірде менен: «Мен саған осы атақ бердім бе?» деп сұрады. Менің де балалығым ба, «Мәселе атақта емес қой» деппін. Елбасымыз «Әрине, солай ғой» дей салды. Ол кезде атақ үшін шырылдап жүргендер көп болатын. Оның «Қазақта қазір сендей әнші сирек», «Сенің шәкірттерің көп, бірақ, саған әлі ешқайсысы жеткен жоқ» деген бағалаулары мен үшін атақ та, абырой да еді.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы маған 2009 жылы берілді. Атаққа мені Серік Қирабаев, Асанәлі Әшімов, Бибігүл Төлегенова, Қадыр Мырзалиев секілді ағалар ұсынып, мен үшін біраз еңбек етті. Бірақ дәл сол уақыттарда мен екі қолымды қатты күйдіріп алып, ауруханада жаттым. Домбыраны қолыма ұстай алмай, сегіз ай азаптанған кезім болды. Бұл атақты Президенттің Жарлығымен алдым. Өз қолынан ала алмасам да, қолынан алғандаймын. Өйткені Елбасымыздың өнерге деген ерекше ілтипатын мен әр кез сезінемін. Үнемі қолдау білдіріп, бағалап, қанаттандырып, жетелеп отыратын Елбасымыздың бұл ыстық ықыласын қазақ өнеріне деген құрметі деп білемін. Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді