Елбасының «Сеніммен аттанып, жеңіспен оралыңдар!» дегені есте
- author «Ақ жол»
- 5 шілде, 2014
- 381
Осынау мерейлі мереке жақындағанда менің ойыма екі жыл бұрынғы Елордадағы кездесу оралады. Тура шілденің 4-і күні болатын. Елбасы Лондон Олимпиадасына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелерін арнайы қабылдады. Мемлекет басшысы бізге ел күткен белестен көрінулеріміз керек екенін баса айтып, «Сеніммен аттанып, жеңіспен оралыңдар!» деп батасын берді. Тұманды Альбионға Астанадан осындай үлкен жауапкершілікті арқалап аттандық. Елбасының сөзі халықтың тілегі ғой. Бұның астарында жұрттың арманы, мемлекеттің мүддесі жатқанын айқын түйсінген едік бәріміз сол кезде. Сондықтан, боз кілемге шыққан сайын сенім үдесінен шығуды ойлап тұрдым. Президенттің батасы қиналған сәтімде бойыма қуат, күш-жігер берді. Мемлекет басшысының аузы дуалы екен. Лондонда қазақ спортшылары Президент сенімін ақтау үшін бар күш-жігерлерін сарп етіп, көпшілік күткен межеден де асып түскені баршаға аян. 7 алтын, жалпы 13 медаль олжалаған Қазақстан тарихта тұңғыш рет Олимпиада қорытындысы бойынша 12-орыннан көрінді. Бұл спортшылардың Мемлекет басшысының жасаған қанатты қамқорлығына қайтарған алғысы еді. Жалпы, Елорданы Елбасының ерлік ісінің көрінісі десек, қателеспейтін шығармыз. Арқа төсінде санаулы жылдардың ішінде көрген адам сүйсінер ғажап қала бой көтерді. Осы Еуразия жүрегінде қоныстанған қаладан мен екі жыл бұрын шілде айында арман арқалап аттанып, екі айдан кейін Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері болып оралдым. Маған Астана қиялыма қанат бітіріп, көздеген мақсатыма жеткенімде қуана бауырына басқаны үшін ыстық. Тәуелсіз еліміздің айбынына айналған астанамыз ретінде қымбат. Лондоннан оралғанда Астана төрінде Елбасымен тағы да жүздестік. Бұл жолғы кездесу айрықша мәнге ие еді. Сол күнгі қабылдау мен құрмет шеруінің алғы сапында Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері жүрді. Александр Винокуров, боксшы Серік Сәпиев және ауыр атлет Илья Ильин «Отан» орденімен марапатталды. Олимпиада чемпиондары Светлана Подобедова, Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза және Ольга Рыпакова II дәрежелі «Барыс» орденіне ие болды. Күміс жүлдегер Әділбек Ниязымбетов, қола жүлдегерлер – балуан Даниял Гаджиев пен боксшы Иван Дычко, балуан Гузель Манюрова, боксшы Марина Вольнова «Құрмет» орденімен марапатталды. Президенттің қолынан алған «Құрмет» ордені мен үшін құрметтің үлкені болды.
Ақжүрек Таңатаров, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері, «Құрмет» орденінің иегері.
Тараз.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді