Сарыарқа самалымен тербелген ерке Есілдің бойында ғажап қала бой түзеп келеді. Ол – біздің Астанамыз. Арманына қарай асығып, лүпіл қаққан жүректердің сантүрлі қиялдарын жүзеге асырып, санқилы тағдырларды тоғыстырып жатқан керемет те көркем қала. Тартылған сымдай бой түзеген көшелері мен жымың қаққан шамдардың сәулелері алыс бір қияларға шақыратындай. Сарыарқаның төсін тіліп аққан ерке Есіл қала көркіне көрік қосып, мерейін одан сайын асқақтата түседі. Шаһар сәні мен дария сұлулығы сабақтасып, керемет бір тылсым тіл, әуезді үнмен сезім қылын шертеді. Көгілдір тұнық аспан астында қалықтаған ән сұлу шаһардың көркіне көрік қосып, ғажайып бір сезімге бөлейді. «Есіл» тұрғын үй кешені, «Астана-дәуір», «Рамстор», «Парламент ғимараты», «Ғашықтар саябағы», «Бәйтерек», салтанатты Ақорда, сәулеті келіскен сол жағалау қандай?! Сырт келбеті өзгеше Бейбітшілік және келісім сарайы, «Думан» ойын-сауық орталығы, қасиетті қазақ жерінің шежіресін паш етер «Қазақ елі» монументі, Керей мен Жәнібек хандарға орнатылған ескерткіштерімен алыстан айбынды әрі ажарлы болып көрінеді. Елбасымыз айтқандай, жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның жаңа Астанасы әрі жас Астанасы қайсысымыздың болса да көкірегіміздегі арайлы рухты оятады. Тарихымен, табиғатымен, сәулетімен бүкіл тіршілігі дара, күйіміздің күмбірі, көңіліміздің жыр-гүлі жас қала Астананың күн сайын еңсесі биіктеген қалаға айналуы бәрімізді сүйсіндіріп, әлем жұртын көркімен тамсандырады. Сұлулықтың жылы лебімен тербейді, бүгінгі өмірдің талабына сай үндесе көтерілген ғимараттар көрген жанды баурап, көңіл-күйін шарықтата түседі. Астана – көз алдымызда жыл санап емес, ай санап емес, күн санап, аңызға бергісіз шындықпен өсіп келе жатқан нұрлы қала. Шетсіз, шексіз қала құлашын кең жайып, бүкіл Сарыарқаның cардаласын ала көсіліп жатыр. Ұлттық намысымызды рухтандырып, әдет-ғұрып, салтымызға, рухани байлығымызға деген құрмет сезіміне бөлеп, сүйіспеншілікке жетелейді. Әсіресе, жастардың бойында елдік рухты, ұлтжандылық сезімді қалыптастыруға әсері ерекше күшті. Астана тек қана әкімшілік қала емес, халықаралық деңгейдегі жоғары оқу орындары, ғылыми мекемелері, театрлары мен музейлері бар мәдениеттің қайнаған қазанына айналған ару қала. Ортақ мүдде, ауызбірлік, ұлтаралық келісім мен татулықтың кілті де сенімді Астана екені баршамызға аян. Ел мерейін өсірер Елбасымыздың ұстанған сындарлы саясатының арқасында Астана асқақтап, еліміз қарыштап дамып, қанатын кеңге жаюда. Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «Адам – елдің басты байлығы... Елді жаңғырту стратегиясын іске асырудың табыстылығы, ең алдымен, қазақстандықтардың біліміне, әлеуметтік және дене болмысы, көңіл-күйлеріне байланысты», – делінген. Осындай саясатты ұстанып отырған елмен әлемдегі жетекші елдерінің көшбасшылары мен беделді халықаралық ұйымдардың басшылары өздерін дос санайды. Біз мұны мақтаныш етуге тиіспіз. Қазақстанның жоғары халықаралық беделі біздің елімізге Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға төраға болуға мүмкіндік берді. Бұл – біз үшін үлкен абырой. Қазақ егемен ел болуды, өзге елдермен терезесі тең болуды армандаған еді. Енді, міне, сол арман орындалды. Елі үшін еңіреп өткен ерлердің еңбегі еш болған жоқ. Еліміздің кешегі тарихының сахнасында жері үшін он жыл бойы аттан түспеген қазақтың соңғы ханы Кенесары ат ойнатқан күйі ерке Есілдің арғы жағынан сол жағалаудағы жаңа қалаға маңғаздана қарап тұр. Бұл – біздің Астанамыз, жайқалған жас қаламыз, ұрпақтан-ұрпаққа аңыз болып айтылар ардақты Астанамыз, бас қаламыз!
Мұхтар Жәмішжанов,
Тараз-Астана-Тараз.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді