Аудан аумағындағы қоғамдық қолданыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 466,5 шақырымды құрайды. Оның 178-і республикалық,70,5-і облыстық, 218-і аудандық маңызға ие. Осы жолдарды жөндеуге жыл сайын қомақты қаражат жұмсалуда. Өткен жылы бұл мақсатқа 597 миллион теңге бөлінсе, биыл 700 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылған. Соның нәтижесінде аудандық маңызы бар автожолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 2016 жылы 66,3 пайыз болса, 2017 жылы 83,2 пайызды құрады. Биыл бұл көрсеткіш тағы да жоғарылай түсетін болады. Ауданда бұл іске белсене араласып жүрген мердігердің бірі – «Меркі жолдары» ЖШС.
Меркі ауылында 1997 жылы құрылған серіктестік облыс аумағында жол салумен және жөндеумен шұғылданады. Компания осы мерзімде 15 шақырымды күрделі, 500 шақырымды орта жөндеуден өткізген және мыңдаған шаршы метр ойылып, шұқыр болған жолды қалпына келтірген. Кәсіпорын жылына орта есеппен 300 миллион теңгенің жұмысын атқарады. Әлеуеті жылына 1 миллиард теңгенің жұмысын атқаруға жетеді. Қажетті техникамен толық қамтамасыз етілген. 41 бірлік техникасы бар. Серіктестік қажетті құрылыс материалын өздерінде өндіреді. Иеліктеріндегі карьерден жеткізілген тас арнайы уатқышта ұсақталады. Бұрын осындағы асфальт зауытында сағатына 30 тонна өнім шығарылатын. Биыл көктемде онда 35 миллион теңгеге жаңғырту жүргізілген. Мұның өзі оларға сағатына 80 тонна асфальт өндіруге мүмкіндік беріп отыр. «Меркі жолдары» ЖШС директоры Ержан Белқожаевтың істі дұрыс ұйымдастыруы нәтижесінде жұмыс орындарының қысқартылуына жол берілмеуде. Мұнда 52 адам тұрақты жұмыс істейді. Айлық орташа жалақы – 80 мың теңге. Қазір жолшылардың бір тобы Беларық ауылы мен Аспара бағытына дейінгі 6730 метр бұрынғы жолдың жабындысын сыпырып тастап, орта жөндеуден өткізуде. Бұл мақсатқа 125 миллион теңге бөлінген. Нысанның құрылысы маусым айында толық аяқталады. Жолшылар жұмыс сапасына айрықша көңіл бөледі.Техникалық қадағалаушы Әбдіразақ Жолшыбеков нысан басында жиі болып, кемшілікке жол бермеуге күш салады. Бүгінде серіктестік өткізіліп жатқан мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысып, ірі нысандардың құрылысын ұтып алуға әрекет жасауда. Оларды биыл да ауқымды жұмыстар күтіп тұр.
Ақылжан МАМЫТ
Меркі ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
«Даму» қорынан қолдау тапқан жобалар жетерлік
- 4 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді