«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Каникул қызығы басталды!

Каникул қызығы басталды!
ашық дереккөз
Каникул қызығы басталды!

Алда 3 ай жазғы каникул. Ал балаңыз қайда демалады? Ұл-қызыңызды төрт қабырғаға қамамай, жазғы сауықтыру орталықтарына жіберу жағын ойладыңыз ба? Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, ертең 1 маусымда мектеп жанындағы лагерьлер жұмысын бастайды. Арғы жағында он шақты күннен соң қала, ауыл сыртындағы табиғат аясындағы сауықтыру орталықтары алғашқы ауысымға оқушылар қабылдайды. Біз жазғы демалыс кезінде шәкірттердің бос уақытын ұтымды пайдалану үшін қандай шаралар қарастырылғанын сұрадық. Сауалға басқарманың қосымша білім беру және тәрбие жұмыстары бөлімінің басшысы Гүлзира Дәрібаева жауап берді. «Жалпы жазғы маусымда облыс мектептерінің 1-10- сыныптардағы 203169 шәкірттің 184460-ы, яғни 90,70 пайызы жазғы демалыс пен сауықтыру шараларымен қамтылады деп күтілуде. Осы мақсатта жергілікті бюджет есебінен 365,1 миллион теңге қарастырылған. Оның 1471-і – жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, патронаттық тәрбиеге берілген және интернатты мекемелердің тәрбиеленушілері, 3496-сы – мүмкіндігі шектеулі, 26595-і – аз қамтамасыз етілген отбасының балалары.

Ал мектеп жанындағы тамақ ішуді ұйымдастыратын 362 демалыс алаңында 21051 жеткіншек, тамақ ішуді ұйымдастырмайтын 450 мектеп жанындағы демалыс алаңында 151311 жасөспірім қамтылады деп жоспарлануда. Сондай-ақ 16692-сі еңбек отрядтары мен мектеп жанындағы көріктендіру, көгеріштендіру топтарына, 101189 -ы (4,4 пайызы) өз қызығушылықтары бойынша үйірмелер мен аула клубтарына, 37551-і (18 пайызы) спорттық, экскурсиялық-туристік іс-шаралармен, 2898 (1,43 пайыз) бала жазғы тілдік мектептер мен «Жас Ұлан», «Жас Қыран» жаздық мектептеріне барады», – деді. Негізі табиғат аясында демалудың пайдасы көп. Мәселен, тараздық жеткіншектер қала сыртындағы «Болашақ», «Рауан» сауықтыру орталықтарына баруға асығатыны анық. Меркіліктер «Жұлдыз», қордайлықтар «Балауса» лагерінде демала алады. Т.Рысқұлов ауданында Ә.Молдағұлова атындағы, Талас ауданында «Жұрындысай» мемлекеттік лагері бар. Байзақ ауданындағы «Кооператор», «Бәйтерек», Сарысу ауданындағы «Жұлдыз», Жуалы ауданындағы «Тау самалы» жекеменшік орталықтарда көп балалы, аз қамтамасыз етілген отбасылардың балаларына тегін демалу мүмкіндігі қарастырылған. Жалпы облыс бойынша әлеуметтік қолдауға мұқтаж 7448 баланы демалыспен қамту жоспарланыпты. Оған 269 257,0 мың теңге қарастырылып отыр екен. Ал палаткалық лагерьлерде 150 оқушы демалмақ. Мамандар сауықтыру орталықтарының ағымдағы жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджет есебінен 13,2 миллион теңге, қажетті қосымша құрал-жабдықтарына 6,7 миллион теңге қарастырылғанын, бүгінде жазғы маусымға дайындық жұмыстары жүргізілгенін айтады. Бұған дейін облыс әкімдігінде өткен жиында 4 мемлекеттік демалыс орталығында балалар өміріне қауіп төндіретін ғимараттар мен алаңшалар қалпына келтірілмегені көтерілген болатын. Жауапты басшылар алғашқы ауысым жұмысын бастағанша аталған кемшіліктердің бәрін жоюға уәде берген. Қалай десек те балалар үшін жазғы демалыста көк шалғынға аунап, суға түскен пайдалы. Дегенмен қауіпсіздік мәселесін ұмытпаған жөн. Жалпы, балалардың жазғы демалысын жақсы өткізуіне әрбір ата-ана мүдделі болғаны дұрыс.

Ардақ ҮСЕЙІНОВА

Ұқсас жаңалықтар