Мемлекет басшысы жиналған қауымды келе жатқан Астана күнімен құттықтады және осы мерекеге орай Астана мен бүкіл Қазақстан тағы бір құнды сыйлыққа – Ұлттық музейге ие болғанын айтты. – Музейдің ашылуы арқылы Қазақ елі сәулетті архитектуралық кешенін құру аяқталады. Тәуелсіздік сарайы және көкке ұмсынған Стелла, Бейбітшілік және Келісім сарайы, Әзірет Сұлтан мешіті және Ұлттық өнер университеті, енді, міне, Ұлттық музей – бұлар біздің халқымыздың мәңгілік құндылықтарының архитектуралық көрініс табуы, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті Ұлттық музей ғимаратында халықтың өткені, қазіргісі және болашағының терең символизмі бейнеленгенін атап өтті. - Бұл ашықтық, дәстүрге адалдық және инновацияға ұмтылыс. Сәулеткерлік шешімде мәңгілік классика мен креативті модерн синтезі айшықталған. Бұл тарихи дәуірлердің сабақтастығын айрықша таныта түседі, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев ұлы көшпелілер өркениетінің лайықты мұрагері бола отырып, қазіргі Қазақстан алдына әлемдегі ең дамыған елдердің отыздығына кіру сынды биік мақсат қойып отырғанын айтты. – Біз экономика дамуының жоғары қарқынын көрсетіп отырмыз. Қазақстандықтардың әлеуметтік әл-ауқаты артып келеді. Еліміздің халықаралық беделі нығая түсуде. Қазақстандықтардың қазіргі буыны бабаларымыздың біртұтас, қуатты және әлемде сыйлы мемлекет болу турасындағы сан ғасырлық арманын жүзеге асырды. Біз жаңа Қазақстанды нығайта отырып, өзіміздің тарихи миссиямызды лайықты атқарамыз, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті жаңа музейдің тарихты таныту және еліміз туралы терең білімді сіңіру орталығына ғана емес, белгілі мәдени және ғылыми мекемеге айналатынына сенім білдірді. – Ұлттық музей ғылыми және рухани орталыққа айналады, біздің Қазақстан жолының барлық ілгері жетістіктерін танытады, архитектуралық өлшеммен алғанда, музей ғимараты қазірдің өзінде Ресейдің Эрмитажымен, Францияның Луврымен, Американың Метрополитен музейімен бірге әлемнің ірі экспозициялары ондығының қатарында тұр, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы соңында музейдің қыш кітабына естелік қолтаңба қалдырды, Астана залын, Тәуелсіз Қазақстан залын, сондай-ақ алтын, ежелгі және орта ғасырлар тарихы, этнография және осы заманғы өнер залдарын аралап көрді. Ұлттық музейдің көрме залдары, қоймалар және жұмыс лабораториялары 74 мың шаршы метрден астам көлемді қамтиды. Музейдің экспозициясын жасақтау кезінде әлемдік музейтану мен жаңа технологияның ең озық әдістемелері қолданылды. Музейде Қазақстанның ежелгі дәуірден қазіргі күнге дейінгі археологиялық, этнографиялық, тарихи-мәдени ескерткіштері жинақталған.
«Ақ жол-Ақпарат».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді