«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұлы Жібек жолының заманауи жаңа нұсқасы

Ұлы Жібек жолының заманауи жаңа нұсқасы
ашық дереккөз
Ұлы Жібек жолының заманауи жаңа нұсқасы

Бүгінде облыс аумағындағы республикалық мәні бар автожолдардың жалпы ұзындығы 1152 шақырымды құрайды. Әсіресе өңірімізде 2010-2015 жылдар аралығында «ғасыр жобасы» болып танылған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізін қайта жаңарту жұмыстарын жүзеге асыру барысында «Алматы – Ташкент – Термез» автомобиль жолының 495 шақырымында ауқымды жұмыстар жүргізілгені белгілі. Оның 295 шақырымы төрт жолақты қозғалыс жолағымен I техникалық санатқа, ал 200 шақырым жол жамылғысының төсемелері құрылымын жақсарту арқылы II техникалық санатқа ауыстырылды. Жалпы, бұл автожолдың 351 шақырымы цементбетонды, 144 шақырымы асфальтобетонды жол жамылғысымен көмкерілген. Жол жамылғысы бір оське 13 тонна салмақпен есептелген. Жалпы құрылыс кезінде 22 көпір, 15 жол өткелі, 643 су өткізу құбыры, 11 көліктік жол айрығы салынды. Тараз қаласы, Отар, Қордай, Меркі, Ақыртөбе және Бауыржан Момышұлы ауылдарында 3 «жол пайдалану бөлімшесі» (ДЭУ) мен 3 «жол пайдалану пункті» (ДЭП) құрылыс және қайта жаңарту жұмыстарынан өтті. Өңіріміздегі осынау ауқымды құрылыс нысаны мен телімдерін қайта жаңғыру Азиялық және Исламдық даму банктері тарапынан қаржыландырылды Облысымыз бойынша осынау халықаралық транзитті дәліз негізінен қолданыстағы «Алматы – Ташкент – Термез» автомобиль жолы бойымен салынған. Сонымен қатар Қордай, Күйік, Шақпақ асуларын, Тараз қаласын, Қордай, Құлан, Айша бибі, Бауыржан Момышұлы, Шақпақ ата елді мекендерін және Қырғыз Республикасы аумағын айналып өтеді. Бұл нысан облыстағы автожол құрылысы, пайдаланудағы магистральдың қуаттылығын, көлік қатынасының сапасы мен санын ғана арттырып қоймай, сонымен қатар аймақтың экономикалық дамуының да қуатты көзі болып қалды. Бүгінгі күні «ғасыр жобасы» болып саналатын халықаралық транзитті дәлізінің құрылысы аяқталып пайдалануға берілген сәттен бері автожолдағы көлік құралдарының қарқындылығы тәулігіне 7 500 көлікке дейін жетіп отыр. Сонымен қатар аталған автожол бойындағы көліктер мен жүргіншілердің қауіпсіздігі артып, жолға шыққан көлік құралдарының межелеген жеріне еш кедергісіз және анағұрлым қысқа уақытта жетуіне тікелей септігін тигізуде. Бұл автобанның бойында (Оңтүстік Қазақстан мен Алматы облыстары аумағының шекарасына дейінгі аралықта) 37 бірлік жүргізушілер мен жолаушылардың тоқтап, аз уақытқа демалып алуы үшін және қажет болған жағдайда көліктердің техникалық жағдайына шолу жасап кішігірім жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында арнайы алаңдар мен дәретханалар қарастырылған. Аталған жолдың құрылысы барысында жергілікті карьерлердің тас-құм материалдары, оның ішінде жергілікті отандық құрылыс материалдары, өндірушілер өндіретін әртүрлі құмды-ұнтақталған тастардан тұратын қоспалар, топырақ қорлары, темір-бетон өнімдері, жол белгілері, цемент, сол сияқты жол құрылысына қажетті тағы да басқа материалдар пайдаланылды. Сонымен қатар барлық өндірістік және құрылыс жұмыстарына 7 000-нан астам жергілікті жерде тұратын азаматтар тартылды. Пайдалануға берілген осы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзитті дәлізі автожолының бойында, түн мезгілінде көліктер мен жаяулардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 11 көліктік жол айрығы мен 16 елді мекен жарықпен қамтамасыз етілді. Аталған автожолдың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген сәттен бастап, оның өне бойында «В», «С» және «D» санаттарына сай 6 жол-сервистік нысаны бой көтеріп, жол пайдаланушыларға қызметін ұсынуда. Ал жол-сервис нысандарын дамыту бойынша өңірлік іс-шаралар жоспары аясында қызығушылық танытқан инвесторлар тарапынан 2 бірлік «В» санатындағы жол-сервис нысанының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар ағымдағы жылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзитті дәлізі жобасының жалғасы болып саналатын Қордай ауданы аумағында республикалық мәні бар «Алматы – Ташкент – Термез» автожолының 143-159 шақырымында ұзындығы 16 шақырымды құрайтын «Отар –Ұзынағаш» учаскесін де І техникалық санатты, 4 жүріс жолағымен, цементбетонды жамылғыға қайта жаңарту құрылыс жұмыстарын бастау жоспарлануда. Қазіргі таңда осы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзитті дәлізін күтіп-ұстау және қысқы күтіп-ұстау, яғни жылдың төрт мезгілінде көліктер мен жүргіншілердің тәулік бойына жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстар «ҚазақАвтожол» ЖШС-ның Жамбыл облыстық филиалы тарапынан жүзеге асырылуда. Бұдан басқа да жаңа жобалардың құрылысы жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда жалпы ұзындығы 266 шақырымды құрайтын республикалық мәні бар «Меркі – Шу – Бурылбайтал» автомобиль жолының 7-273 шақырым аралығында құрылыс және даму бағдарламасы бойынша «СиньСинь» Қытай бас компаниясының қазақстандық филиалымен, «АБК-Автодор НС» және «КазДорПроект» ЖШС-лармен бірлесе қайта жаңғырту жұмыстарының сметалық-жобалық жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарды ағымдағы жылдың екінші жартысында бастау жоспарланып отыр. Жоба бойынша, «Меркі – Шу – Бурылбайтал» автожолының 89 шақырымы (Меркі – Шу аралығы) I техникалық санатқа, ал 177 шақырымы (Шу – Бурылбайтал аралығы) II техникалық санатқа, бір оське 13 тонна салмаққа есептеліп қайта жаңартылады. Сонымен қатар Шу қаласын айналып өту жаңа автожол учаскесінің жобасы да қарастырылуда. Аталған жол бөлігі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзитті дәлізін «Орталық-Оңтүстік» дәлізімен жалғап, еліміздің солтүстік және орталық аймақтарын оңтүстік өңірмен қарым-қатынастар арақашықтығын қысқартып қана қоймай, жолдың жағдайы жақсарып, жүк және жолаушы тасымалдау көлік құралдарының қарқындылығы артпақ. «Орталық-Оңтүстік» көліктік дәлізін қайта жаңарту жобасы аясында республикалық мәні бар «Ресей Федерациясы шекарасы (Екатеринбург) – Алматы» автожолының облысымыз аумағынан өтіп жатқан, жалпы ұзындығы 209 шақырымды құрайтын 2005-2214 шақырым аралықтарын І техникалық санатты, 4 жүріс жолақты автожолға ауыстыру бойынша жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалып, «Мемлекеттік сараптама» РМК-ның оң шешімі алынды. Жоғарыда аталған барлық жобалар жүзеге асып, қайта жаңарту жұмыстары толығымен аяқталғаннан кейін, облыстың республикалық мәндегі автомобиль жолдары жағдайының жақсы деген көрсеткіштік деңгейі 90 пайызды құрайтын болады.

Дәурен ТОҚТАРОВ, «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ облыстық филиалының директоры.

Ұқсас жаңалықтар