Кәсіп ашып, нәсіп табам

Кәсіп ашып, нәсіп табам
ашық дереккөз
Кәсіп ашып, нәсіп табам

дегендерге «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы үлкен демеу

Мемлекет басшысының биылғы Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында «...Мемлекет жұмысының негізгі бөлігі Қазақстан бизнесін, әсіресе шағын және орта бизнесті дамытуға барынша қолайлы жағдай жасау болмақ. Таяудағы 10-15 жылда ғылыми қамтымды экономикалық базис жасау керек, онсыз біз әлемнің дамыған елдері қатарына қосыла алмаймыз» деп атап көрсетті. Елбасының «Қазақстан-2050 Стратегиясында айқындалған басты мәселелердің бірі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту болып табылады. Бүгінгі таңда шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы мақсатқа ондаған мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, оны іс жүзінде жүзеге асыру қарқынды жүргізілуде. Өңірлер үшін үлкен сұраныс тудырған әрі маңыздысы – «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы. Бағдарламаның басты мақсаты – істеп тұрған жұмыс орындарын сақтап қалу, жаңа жұмыс орындарын ашу, экономиканың шикізаттық емес секторындағы өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету. Енді нақты механизмдері пайыздық ставкасын субсидиялау мәселесіне келетін болсақ, мысалы, банктен 14 пайызбен алған несиенің 7 пайызын мемлекет, 7 пайызын кәсіпкер өтейді. Егер кәсіпкер 10 миллион теңге алса, оның пайыздық сомасы 1 миллион 400 мың теңгені құрайды. Осы қаржының тең жартысын яғни, 700 мың теңгесін мемлекет төлесе, қалғанын кәсіпкер төлейді. Оған ешбір комиссиялық алымдар немесе өзге де төлемдер алынбайды. Өз бетінше банктен несие алғандардан бес пайызына дейін комиссия ұсталынады. Субсидиялау 3 жылға дейін берілсе, келешекте оны 10 жылға дейін ұзарту мүмкіншілігі бар. Осы тетік бойынша облыста екінші деңгейдегі 14 банк қатысады. Бұл жерде кәсіпкер жобаны іске асыру үшін өз үлесін қосу керек, ол 10 пайызынан кем емес қаржылай немесе 20 пайызынан кем емес деңгейде өзінің жылжымайтын мүлкімен қатысуын қамтамасыз етуі тиіс. Облыста бағдарлама жүзеге аса бастағаннан бері жалпы несие сомасы 26,3 миллиард теңгені құрайтын 213 жоба жүзеге асуда. Атап айтқанда, 2010 жылы жалпы несие сомасы 76,8 миллион теңгені құрайтын 1 жоба, 2011 жылы 7,2 миллиард теңгенің 24 жобасы, 2012 жылы 10 миллиард теңгенің 87 жобасы, 2013 жылы 6 миллиард теңгенің 72 жобасы, ал биыл 2,3 миллиард теңгенің 29 жобасы бар. Бағдарламада мемлекет тарапынан бірнеше кепілдік түрлері қарастырылған. Мәселен, 70 пайызға дейін көлемде экспресс-кепілдік беру. Бұл дегеніміз – бастаушы кәсіпкерлерге 20 миллион теңгеге дейінгі несиелері үшін 70 пайызға дейін көлемде кепілдік беруге болады. Жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлерге 60 миллион теңгеге дейінгі несиелері үшін 50 пайызға дейін және 60 миллион теңгеден 750 миллион теңгеге дейін несиелері үшін 50 пайызға дейін көлемде осындай кепілдік беруге болады. Осы жерде мына мәселеге де назар аударсам деймін. Егер кепілдік жетпей жатса лизинг бойынша трактор, автокөлік, тағы басқа техникаларды алуға болады. Бүгінгі таңда бағдарлама аясында «ТехноЛизинг», «ЕуразиялықЛизинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «Лизинг Групп» «СК Лизинг», «Темірлизинг» акционерлік қоғамдары және тағы басқа барлығы 9 лизингтік компания қатысуда. Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге бағдарлама аясында инновациялық гранттар да қарастырылған. Ол ақысыз және қайтарымсыз беріледі. Тек қана бизнес идеяның облыс көлемінде өзгешелігі және жаңашылдығы болуы тиіс. Бір кәсіпкер үшін бөлінетін шекті грант сомасы 3 миллион теңгеден аспайды. Бағдарлама жүзеге аса бастағалы бері облыста 42 миллион теңгені құрайтын 14 жоба жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда бағдарлама аясында жалпы сомасы 6,5 миллиард теңгеге жол салу, су шығару, кәріз желілерін тарту, газбен қамту, су, бу құбырларын жүргізу, темір жол тұйықтарын салу, телефон байланысын, электр желілерін тартып,стансаларын орнату сынды өндірістік инфрақұрылымды дамыту бойынша да 57 жоба жүзеге асырылуа. Егер жобаның құны 20 миллион теңгені құраса, инфрақұрылым құны 10 миллион теңгеден аспауы керек. Әрине, бизнестің табысты болуы үшін кәсіби мамандар қажет болады. Кейбір кәсіпкерлердің қатарына мұндай мамандарды тартуға қаражаты жете бермейді. Осы ескеріліп, мемлекет қаражаты есебінен жұмыс істейтін тегін сервистік қызмет көрсетіледі. Биылдан бастап, мұндай қызмет көрсету облыстық кәсіпкерлер палатасына жүктелді. Ал, аудандарда палатаның филиалдары ашылған. Елбасы Жолдауда «...Шағын және орта бизнесті дамыту – ХХІ ғасырдағы Қазақстанды индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы. Мұндағы менің ұстанымым айқын екенін білесіздер, оны талай айтқанмын. Экономикамызда шағын және орта бизнестің үлесі артқан сайын Қазақстанның да дамуы орнықты бола түседі. Бізде шағын және орта бизнестің 800 мыңнан астам субъектісі бар, онда 2,4 миллионнан астам адам еңбек етеді. Бұл сектордағы өнім көлемі төрт жылда 1,6 есе өсті және 8,3 миллиард теңгені құрап отыр» деп атап көрсетті. Елбасы айтқан шағын және орта бизнес саласында еңбек етіп жүрген миллиондаған адамдар арасында біздің облыстың да азаматтары бар, олар да ел экономикасының дамуына өздерінің үлестерін қосуда.

Дархан НАЗАРБЕКОВ, облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасы шағын және орта бизнесті қолдау бөлімінің басшысы.

Ұқсас жаңалықтар