Биыл облыс бойынша 500-ден астам студенттен құралған құрылыс жасақтары еңбек маусымын бастап кетті
Ел экономикасы еңсе көтерген сайын құрылыс саласы да қарқынды дамып келеді. Қазір жер-жерде жаңа нысандар көптеп бой көтеріп, ел игілігіне ұсынылуда. Бір ғана Тараз қаласында 300 орындық қалалық көпсалалы аурухана, 300 орындық жүйке аурулары интернат үйі, 600 орындық кәсіптік лицей, 75 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй, тағы да басқа көптеген ғимараттардың құрылысы жүргізілуде. Міне, осындай ауқымды жұмыстарға кәсіби мамандармен қатар студенттік құрылыс жасақтарының жауынгерлері де аянбай атсалысуда.
Жалпы, биыл облыс бойынша 500-ден астам жастан құралған жиырма студенттік құрылыс жасағы еңбек маусымын бастап кетті. Олар тек Тараз қаласында ғана емес, аудандарда соғылып жатқан нысандарға өз үлесін қосуда. Мысалы, Жуалы ауданының орталығы – Б. Момышұлы ауылында 280 орындық балабақша мен 300 орындық мектеп құрылысы қатар жүргізілуде. Сол сияқты Байзақ ауданының Мырзатай ауылында туберкулезге қарсы 60 орындық аурухана, Жамбыл ауданының Еңбек ауылында 120 орындық мектеп, Шу қаласында 280 орындық балабақша соғылуда. Мектеп пен балабақша құрылыстары студенттердің қатысуымен Меркі, Жамбыл, Қордай, Т. Рысқұлов аудандарында да жүргізілуде. Ал, Қаратау қаласындағы «Үміт» мектеп-интернатында қосымша нысандар құрылысы басталып кетті. Бұған да құрылыс жасағы тартылған. Студенттік құрылыс жасақтары облыстық штабының төрағасы Айбек Әжібаевтың айтуынша, жасақтар тек Сарысу және Мойынқұм аудандарына ғана ат басын бұрмаған. Бұл аталмыш өңірлерде құрылыс жұмыстары жоқ деген сөз емес. Аудандар шалғайда орналасқандықтан оқу орындарының басшылары қызығушылық танытпаған. Еңбек маусымы барысында бұдан өзге де «әттеген-айлар» кездесіпті. Қордай ауданындағы студенттік құрылыс жасақтары нысан құрылысын жүргізуші мердігердің анықталмауына байланысты тарап кеткен. Қазір студенттер қайтадан жинақталып жатыр. Талас ауданында да мердігер кейінірек анықталыпты. Мұнда да студенттер топтасып жатыр. Бір атап өтерлігі, Қордай, Талас, Т. Рысқұлов аудандарындағы құрылыс жұмыстарына жергілікті жердегі оқу орындарының студенттері тартылып жатыр екен. Студенттер тек жұмыс істеп қана қоймайды. Олардың мәдени-тынығу шараларына да көңіл бөлінген. Осы мақсатта түрлі мәдени-көпшілік, спорттық шаралар өткізіліп тұрады. Күні кеше соның алғашқысы Жуалы ауданында өткізілді. «Жастар – жаңа істер жаршысы» атты спартакиадаға барлығы бес команда қатысып, өзара сынға түсті. Спорттың бірнеше түрі бойынша өткен бәсекеде Б. Момышұлы ауылында жұмыс істеп жатқан студенттік құрылыс жасағы бірінші орынды иеленді. Мұндай шаралар бекітілген жоспарға сәйкес Меркі, Шу аудандарында да жалғасын тапты. Сонымен қатар, Тараз қалалық «Жастар орталығы» Астана күні мерекесіне арнап студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасақтарының арасында спорттық сайыс өткізуді көздеп отыр. Осындай іс-шаралар барлық ауданда өткізілмек. – Студенттер арасында қатарынан екінші, үшінші маусымда жұмыс істеп жатқан жастар бар. Біз еңбек десе ішкен асын жерге қоятын осындай жастарды ынталандырып отыруды назардан тыс қалдырмаймыз. Алдағы тамыз айында Құрылысшылар күні келе жатыр. Барлық ауданды аралап, студенттік құрылыс жасақтары үшін арнайы концерттер мен турнирлер ұйымдастырамыз. Ал, тамыз айының екінші жартысында үздік елу студентті лагерьге алып барып, тынықтырамыз. Ары қарай еңбек маусымының жабылуына дайындаламыз. Үздіктерді анықтап, марапаттау да жылдағы дәстүріміз. Сонымен қатар, биыл студенттік құрылыс жасақтарының өмірге келгеніне 55 жыл толады. Бұл айтулы дата республикалық деңгейде үлкен ауқымда өтеді деп жоспарлануда. Оған да өз үздіктерімізді қатыстыратын боламыз, – дейді облыстық студенттік құрылыс жасақтарының төрағасы Айбек Әжібаев.
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді