«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жамбылдықтар жаңғыру бағдарламасын бірлесе жүзеге асыруда

Жамбылдықтар жаңғыру бағдарламасын бірлесе жүзеге асыруда
ашық дереккөз
Жамбылдықтар жаңғыру бағдарламасын бірлесе жүзеге асыруда

ағымдағы жылы құны 3,8 миллиард теңге болатын 122 жоба мен 77 іс-шара қолға алынады

Жыр алыбы – Жамбыл ақынның есімін еншілеген өңіріміз бүгінде жайнап, жаңару үстінде. Тарихы екі дәуірмен тамырлас облыс орталығы – Тараз шаһарының шырайы да күн санап көркейіп келеді. Әсіресе, соңғы уақыттағы соны бастамалардың нәтижесіне қарап көз сүйсінеді. Соның бірі – талай жылдан бері сүреңсіз күйге түскен «Жеңіс» саябағы. Бір айдың ішінде жаңғыртылып, қоғамдық демалыс орны «Ерлік» мемориалды кешені бой көтеріп, түрленіп, түлеп сала берген. Облыс әкімдігі ғимаратының алдындағы алаң мен орталық «Достық» алаңындағы абаттандыру жұмыстары да қала келбетіне сән қосуда. Бұдан бөлек, әлеуметтік-экономикалық жаңғыртулар мен рухани саладағы оң бастамалар да аз емес. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясындағы қолға алынған игі шаралар мен жүйелі жүргізілген жобалардың да өңірдің өркендей түсуіне өз септігін тигізіп жатқандығы сөзсіз. Астанадағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз маслихатында облыс әкімі Асқар Мырзахметов осы және өзге де бағыттағы қолға алынған ілкімді істер туралы жан-жақты мәлімдеп, «Рухани жаңғыру» аясындағы атқарылған жұмыстарды баяндады. Баспасөз мәслихаты басталмас бұрын републикалық БАҚ өкілдері «ҚазМедиа» орталығының фойесінде дайындалған облыстағы Өңірлік жобалық офистің интерактивті алаңдары туралы ақпаратқа қанығып, арнайы әзірленген көрмені тамашалады. Ондағы «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Атамекен», «Ақпарат толқыны» атты интерактивті алаңдардың әрқайсысының өзіндік қызметтері кеңінен таныстырылды. Айталық, «Тәрбие және білім» алаңындағы оқыту үстелі пайдаланушыларға латын әліпбиін үйренуге, дәрістер оқуға мүмкіндік беріп, өңірде жүзеге асырылатын бірегей жобалардан хабардар етсе, «Рухани қазына» алаңы арқылы бағдарлама аясында облыста іске асырылған жобалар және киелі жерлердің интерактивті презентациясын тамашалай аласыз. Сондай-ақ, «Атамекен» және «Ақпарат толқыны» алаңдарынан да көп ақпарат білуге болады. Бұдан бөлек, мұнда «Co-working» орталығы жұмыс істейді. Асқар Исабекұлы брифингтегі сөзін Елбасының бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттер – «Атамекен», «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Ақпарат толқыны» кіші бағдарламалары мен «Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру», «100 жаңа кітап», «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы заманауи Қазақстандық мәдениет», «100 жаңа есім» арнайы жобаларының сәтті іске асырылып жатқанын баяндаудан бастады. – Өткен жылы өңірде 1,1 миллиард теңгені құрайтын 22 жоба мен іс-шара өткізілсе, ағымдағы жылы құны 3,8 миллиард теңге болатын 122 жоба мен 77 іс-шара қолға алынбақ. Бағдарлама аясында өңірлік жобалық және сарапшылар кеңесі құрылып, жұмыс істеуде. Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жобаларына арналған интерактивті алаңдар ашылды. Өңірден шыққан 80-ге жуық кәсіпкер-меценаттың демеушілігімен жалпы құны 817 миллион теңге болатын 23 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Бүгінде олар жергілікті атқарушы органдардың теңгеріміне өткізілген. Ал биыл жалпы құны 1,5 миллиард теңге болатын 29 әлеуметтік нысан ел игілігіне беріледі деп күтілуде. Сонымен қатар облыста «Бір сәби – бір ағаш» жобасы іске асырылуда. Ол өңірдегі жасыл желек аумағын көбейту, өскелең ұрпақтың туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттырып, патриотизмді нығайтуға бағытталған. Өткен жылы акция барысында жаңа туған сәбилердің ата-аналары 1000 түп ағаш отырғызса, биыл 5000 түп ағаш екті, -деді Асқар Мырзахметов. Өңір басшысы «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы бойынша білім саласында оқушылардың санасын рухани байыту, олардың өз еліне, Отанына деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Атап айтар болсақ, «Тараз түлегі» жобасы шеңберінде соңғы қоңырау күні онлайн форматында ынталандыру, ақпараттандыру дәрісі өткізілмек. Ол дәріске облыстан шыққан әлемдегі танымал университетте оқып жатқан түлектер тартылмақ. Айталық, АҚШ-та білім алған жерлесіміз Қайрат Әшім, Кембридж университетінен Нәзипа Елубаева онлайн байланыс арқылы облыс оқушыларына дәріс оқитын болады.

Патриоттық тәрбиенің өзегі – тарихымызда. Осыны ескеріп, сала мамандары өңірдегі жалпы білім беретін орта мектептерге «Өлкетану», «Туған өлке тарихы», колледждерге «Тарихи өлкетану», «Әдеби өлкетану» курстарын енгізген. Соның арқасында аптасына 1 рет «Қазақстан тарихы», «Қазақ әдебиеті», «География» сабақтары музейлерде, тарихи ғимараттарда өткізіліп тұрады. Оған барлығы 53128 оқушы қамтылды. Қазір 5-7 сынып оқушыларына арналған «Өлкетану» оқулығы шығарылуда. Оқулықты ғалымдар, жазушылар мен ұстаздардан құралған топ әзірлеген. Жамбыл өңірінің тарихы, оның дамуына еңбегі сіңген азаматтардың өмірбаяны, киелі жерлері, табиғи байлықтары туралы мол дерек жазылған кітап келесі жаңа оқу жылынан бастап мектеп бағдарламасына енгізілмек. Сондай-ақ оқушыларға әр ауданның тарихын, тұрмыс-тіршілігін тереңірек таныту үшін «Сен өз өлкеңді танисың ба?» тақырыбында онлайн режімінде арнайы сабақтар өткізілуде. Білім беру мекемелерінде туған өлкенің тарихын, мәдени құндылықтарын ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы оқу мақсатында «Best видео «Туған өлке», «Виртуалды мектеп мұражайы», «BILIM анимация», «BILIM FM мектеп радиосы» жобалары іске асырылуда. Жоғары оқу орындарында 257 мектеп пен 25 колледжде «Зерде», «Рухани жаңғыру» орталықтары мен кабинеттер ашылды. Оларда түрлі шаралар өткізілуде.Облыс әкімі Ұлы Жібек жолының бойындағы ежелгі Тараздың сыр тұнған тарихын туризмді дамытуға пайдалану мақсатында кешенді жоспар жасалғанын жеткізді. – Түзілген жоспар нәтижесінде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасының тізіміне облыстан 8 тарихи-мәдени орын енгізілді. Қазір осы тарихи ескерткіштер маңында жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Өздеріңізге белгілі, Жамбыл жері – тарихи-мәдени құндылықтарға бай өлке. Өңірімізде Қазақстанның жергілікті мәндегі өңірлік қасиетті орындарының картасына ұсынылған 27 ескерткіш Мәдениет және спорт министрлігінің және «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының қолдауымен шыққан «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» және «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» кітаптарына енді. Сондай-ақ, жуырда ғана Мәдениет және спорт министрлігі, облыс әкімдігі және «Қазақстан темір жолы» АҚ арасында «Ақыртас» тарихи кешенін қалпына келтіруді бірлесе жүргізу бойынша меморандумға қол қойылды. Бұдан бөлек, біз осы құндылықтарымызды мектеп оқушыларына таныстыру мақсатында арнайы туристік экскурсиялар ұйымдастырудамыз. Ал алдағы жаңа оқу жылынан бастап орта мектептерге жыл сайын 1-сыныпқа баратын барлық оқушыларға ағаш отырғызу, оларды мектепті аяқтағанша күтіп-баптау жұмыстары жүргізілетін болады,– деді Асқар Мырзахметов. «Әулиеатаның киелі жерлерінің картасы» жобасы іске асырылып, жоба аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясына» енген нысандардың фотосуреттері, сызбалары, аэрофотолары, архивтік құжаттары және аңыз-әңгімелері жинақталуда. Жинақталған материалдар негізінде «Әулиеатаның киелі жерлерінің» картасы және кітап-альбомы баспадан шығарылып, ғаламтор желісіне «Сакралды картаның» 3D форматы және галограммасы жасалмақ. Асқар Исабекұлы Әулиеата өңірінің сериялы көптомдық әдеби энциклопедиясы шығарылатынын да хабарлады. Қазіргі уақытта кітапқа керекті тың деректер алу үшін М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтымен шығармашылық байланыс орнатылған. Көптомдықтың алғашқы 5 томы биыл жарық көреді. Қалғаны 2020 жылға дейін кезең-кезеңімен жалғасын табады. Бұл мақсатқа 13 миллион теңге қаралған. Бүгінгі таңда «Жамбыл облысы: оқиғалар, фактілер, адамдар» жобасы аясында кітапхана дерекқорын электронды базаға енгізу және «Тарихы терең, еңбегі ерен өлкелік басылымдар» жобасы аясында облыстағы орталық кітапхана қорындағы мәліметтерді цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. – Айта кету керек, бағдарламалық мақаланың негізінде облыс орталығының өзіндік сәулет келбетін қалыптастыруға мән беріп отырмыз. Соңғы екі ай ішінде «Жеңіс» саябағын қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілді. Құрылыс жұмыстарына 300 жұмысшы мен 50 техника жұмылдырылды. Саябақ жанындағы І. Жансүгіров көшесіндегі жолға тағы бір жолақ қосылды. Ал кіреберіске ені – 13 метр, биіктігі 8 метр болатын «Ерлік» және «Подвиг» деп аталатын қақпа орнатылып, оны қорғап тұрған екі жауынгердің тұлғасы бейнеленді. Саябақтың ортасына бұған дейін қаланың әр тұсында орналасқан «Мәңгілік алау» ескерткіш белгісі және батыр Бауыржанның сом мүсіні қойылды. «Даңқ аллеясындағы» тасқа майдан даласына аттанған 105 мың жамбылдық жауынгердің есімі қашап жазылды. Майданда да, тылда да көзсіз ерлік көрсеткен 48 батырдың кеудесіне тағылған Алтын жұлдыздар «Ерлік» мемориалының төрінен орын тапты. Құрылыстың екінші кезеңінде «Даңқ» залының құрылысы жүргізіледі. Мұнда соғыс және тыл еңбеккерлеріне арналған музей бой көтеріп, тылда еңбек еткендерге арналған монумент және «Тырналар» мемориалдары салынады. Жаңа саябақта Ауған соғысы, Чернобыль апатына қатысушылар мен Семей полигонында жауынгерлік борышын өтегендерге арналған монументтік кешендерге де орын табылады. Сәйкесінше, саябақтың аумағындағы 15 мың шаршы метрге абаттандыру, көгалдандыру, көгеріштендіру жұмыстары қолға алынбақ. Сол секілді, Тараз қаласындағы бұрынғы «Шахристан» сауда орталығы да өзгеше кейіпке енеді. Мұнда «Көне Тараз» археологиялық мәдени кешенінен бөлек, Оқушылар сарайы, Неке сарайы сынды ғимараттар бой көтереді. Бір сөзбен айтқанда, ескі базардың орны қаланың рухани, мәдени орталығы ретінде қалыптасып, қала тұрғындары мен қонақтары бір сәт мәдени тыныстайтын орынға айналмақ. Жамбылдықтар «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында көзделген айқын мақсаттарға қол жеткізу үшін бірлесе жұмыс істеп, қолда бар мүмкіндіктерді пайдалануға әзір. Есесіне жергілікті билік киелі өңірдің өзіндік ерекшеліктері мен құндылықтарын жаңғырту, оларды насихаттау жұмыстарын жалғастыруға ниетті, – деді

Асқар Мырзахметов.

Жанғазы Ахмет

Сұрақ-жауап кезегінде тілшілер басқа салалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың жайымен танысу үшін облыс әкіміне бірқатар сауал жолдады. «ҚазАқпарат» агенттігінің тілшісі Лаура Амантаева Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуіндегі «7-20-25» бағдарламасы бойынша қолға алынған шараларға қызығушылық танытты. Өз сөзінде Асқар Мырзахметов тұрғын үй мәселесі тек жамбылдықтарды ғана емес, барша ел тұрғындарын толғандыратын тақырып екенін айта келе, бұл бағытта өңірде тиісті шаралар жоспарланғанын жеткізді. – Аталған бағдарлама арқылы 20 үй салуды жоспарлап отырмыз. Бұл бастама іске асырылған жағдайда қазіргі 1384 салымшыға пәтерлерді жинақ банкі арқылы ұсына аламыз. Қазір 9 көп қабатты үйдің құжаттары мемлекеттік сараптаудан өтті. Қалған он бір үйдің құжаты тамыз айында толығымен өтіп бітеді деп күтілуде. Құрылыс осы жылы басталып, келер жылы бағдарламаға қатысушыларға тұрғын үйлердің кілтін табыстай бастаймыз, – деген Асқар Мырзахметов облыс бойынша барлық қаражат көздерінен тұрғын үй алаңдарын пайдалануға беру жоспарланып, жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар бес бастама бойынша өзге де қолға алынған шаруаларға тоқталды. Брифингте «Астана – Бурылбайтал» жолының құрылысы жайлы жолданған сауал да көптің көкейіндегісін дөп басты. – Бұл – осы саладағы көптен бері көтеріліп жүрген өзекті мәселердің бірі. Қазір Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында тиісті шаралар қолға алынды. Мәселенің күрмеуі шешілуге таяу. Бұйыртса, аталмыш құрылыс жұмыстары биыл басталады. Жобаның күрделі екені белгілі. Алғашқы техникалық негіздемеге сәйкес құны 100 миллиард теңгеден асады деп күтілуде. Бұл жол үшінші санаттық екенін ескеріп, оны бірінші санатқа ауыстыру бойынша да ауқымды жұмыстар жүргізілмек. Осының бәрін назарға ала отырып, жоба 4-5 жылда аяқталады деп жоспарлануда, -деді А.Мырзахметов. Журналистер қойған басқа да түрлі сауалдарға облыс басшысы толымды, нақты жауаптар қайтарды.

Ұқсас жаңалықтар