актер Жұмахан Әбдіқадірұлы көрермендерінің құрметіне бөленді
Апта аралығында облыс әкімдігінің қолдауымен Тараз қалалық мәдениет үйінде, халқымыздың біртуар ұлдарының бірі, жоңғар басқыншыларынан елді азат ету шайқастарында жанқиярлық ерлігімен ұлтының сүйіспеншілігіне бөленген батыр Баянның — 300 жылдығына, «Батыр Баян» фильмінің түсірілгеніне 20 жыл және кезінде халық батырының экрандағы бейнесін жасап, талантымен өнерсүйер қауымды тәнті еткен, театр және кино актері, еліміздің Театр қайраткерлері одағының мүшесі, республикалық «Жігер» жастар фестивалінің лауреаты, Мемлекет басшысы тағайындаған мемлекеттік стипендияның иегері, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Жұмахан Әбдіқадірұлының 60 жасқа толуына арналған «Батыр Баян — байрағым» атты шығармашылық кеш өтті. Онда облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков танымал театр және кино актері Жұмахан Әбдіқадірұлын мерейтойымен құттықтап, облыс әкімінің құттықтау хаты мен сый-сияпатын тапсырды. Мерейтой иесі мен актердің жары, белгілі театр және кино актрисасы Гүлшат Қыпшақоваға шапан мен қамзол жапты. Өмірде де, өнерде де жампоздың жүгін арқалап, тағдырдың салған ауыртпалығына қайыспай қарсы тұра білген қайсар актердің алдағы шығармашылығына игі табыстар тіледі.
Мерейтойға көршілес Қырғызстаннан, Астана мен Алматыдан, Атырау, Қарағанды және Шымкент қалаларынан ат сабылтып, арнайы келген Қырғызстанның халық әртісі Ашир Чокыбаев пен Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі Жыпариса Кочорбаева, Қарағанды қаласындағы С. Сейфуллин атындағы драма театрының директоры Бекболат Сансызбай, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері Кеңес Нұрлан, Жайлаубек Нағашыбаев, Әбдірәлі Бөлебай, Тілеген Ахметовтің және еліміздің өзге өңірлеріндегі театр ұжымдарында еңбек етіп жатқан мерейтой иесі курстастарының естелік әңгімелерінен зал толы жиналған көпшілік Жұмахан Әбдіқадірұлының өнердегі шығармашылық қадамының сонау 1973 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының театр бөлімінің бірінші курсында оқып жүргенінде, Ш. Айманов киностудиясы түсірген дарынды режиссер Шәріп Бейсенбаевтың «Бұлақ» фильмінде Абылайдың рөлін сомдаудан басталғанын, өнер жолында театр мен кинода ондаған классикалық кейіпкерлердің, саяси тұлғалардың бейнелерін сәтті шығарғандығын естіп қанықты. Талантты актердің Жамбыл облыстық қазақ драма театрында сахналанған Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» және М. Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедияларында Қодар мен Есеннің, В. Шекспирдің «Гамлетінде» Лаэрттің, Д. Исабековтің «Әпкесінде» Тимурдың, Ш. Мұртазаның «Сталинге хатында» Сталиннің, В. Шацковтың «Волакалам тас жолы» драмасында Б. Момышұлының рөлін сомдап көрерменнің ықыласына, әріптестерінің құрметіне бөленгенін, режиссер С. Тәуекелдің «Батыр Баян», «Махамбеттің қылышы», Д. Манабайдың «Сұрапыл Сұржекей», «Кек», Қ. Қасымбековтің «Жамбылдың жастық шағы», И. Пассердің «Көшпенділер» фильмдерінде басты рөлдерде ойнап, таяу және алыс шетелдерде өткен кинофестивальдерге қатысқандығын, арнайы жүлделермен марапатталғандығын ұғып тамсанысты. Сондай-ақ, өнерімен ел аузына іліккен актер көлік апатына ұшырап, басына қиын-қыстау іс түскенде оның шетелге барып емделіп, дертінен айығып қайтуын Елбасына айтып, бірден-бір қамқор болған азаматтардың басында Жамбыл, Алматы облыстарының әкімі болған, ҚР Президентінің Іс басқарушысы қызметін атқарған, бүгінде Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Үмбетовтің, Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұловтың, ал, қайсар актердің еңсесін көтеріп, оған рухани тұрғыдан демеу болған белгілі журналист, қаламгерлер Мақұлбек Рысдәулет, Көсемәлі Сәттібайұлы және Асқарбек Сейілхан екендігін естіп ризашылықтарын білдірді. Асқаралы алпысқа келіп, өнерге сіңірген еңбегіне қарай жұртшылықтың қадір-құрметіне бөленген Жұмахан Әбдіқадірұлының мерейтойы жергілікті өнер шеберлерінің әсем әнімен айшықталып отырды.
Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді